Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесі кеме отынындағы 1,5% күкірттің салмақтық үлесін ұстау жөніндегі норманың қолданылуын ұзартты, ванадий оксидтері мен гидроксидтеріне арналған кедендік әкелу бажының ставкасын нөлге түсірді

ЕЭК Кеңесі кеме отынындағы 1,5% күкірттің салмақтық үлесін ұстау жөніндегі норманың қолданылуын ұзартты, ванадий оксидтері мен гидроксидтеріне арналған кедендік әкелу бажының ставкасын нөлге түсірді

20.12.2019

19 желтоқсан күні Санкт-Петербургте Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысы болып өтті, оған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің үкімет басшыларының орынбасарлары және ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты. ЕЭК Кеңесінің мүшелері Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту, ішкі нарықтың жұмыс істеуі, ЕАЭО елдерінің экономикаларын цифрландыру, кедендік-тарифтік реттеу, бірыңғай қызметтер көрсету нарығы, бәсекелестік, салық саясаты, энергетика, кедендік және техникалық реттеу, халықаралық ынтымақтастық және басқа да бірқатар салалардағы мәселелерді қарады.

ЕЭК Кеңесі авиағарыш өнеркәсібінде қолданылатын титан қорытпалары үшін пайдаланылатын ванадий оксидтері мен гидроксидтеріне ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінің кедендік әкелу бажы ставкасының 5%-дан 0%-ға дейін төмендеуін мақұлдады. Ұсынысқа Ресей Федерациясы бастамашылық етті. Мұндай шара ванадий лигатуралары негізінде титан қорытпаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оларды өндіру көлемін және осындай өнімді дайындау жөніндегі мүше мемлекеттер кәсіпорындарының өндірістік қуаттарының жүктемелік деңгейін арттыруға бағытталған.

ЕЭК Кеңесі кеме отынындағы 1,5% күкірттің салмақтық үлесін ұстау бойынша норманың қолданылуын 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Бұл шешім ЕАЭО-дағы ішкі су тасымалдары кезінде кемелерде пайдаланылатын отынға қатысты.

Нарықта айналымға түсетін кеме отыны Одақтың «Автомобиль және авиация бензиніне, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыштарға арналған отынға, мазутқа қойылатын талаптар туралы» техникалық регламентіне сәйкес болуға тиіс. Осы мұнай өнімдерінің негізгі сапалық сипаттамасы техникалық регламентке сәйкес күкірттің массалық үлесі болып табылады. Қазір ол 1,5%-дан аспауға тиіс. Бірақ 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл талап қатайтылатын болады - осы отын қандай кемелерде қолданылатындығына қарамастан, 0,5%-дан аспауға тиіс.

Кеме отынының сапалық сипаттамаларының өзгеруі бағаның 25-40% өсуін, ЕАЭО елдерінің ішкі логистикасына қатысатын кеме қатынасы компанияларының банкроттығын, жұмыс орындарының жоғалуын және кейбір су бассейндерінде 2020 жылғы навигацияның орындалмай қалуын қоса, бірқатар жағымсыз салдарға соқтыруы мүмкін болғандықтан, ЕЭК Кеңесі ЕАЭО елдерінде ішкі су тасымалдарына қатысты мұндай жаңа енгізілімге әлі ерте деп санады.

Кеңес қабылдаған шешім халықаралық тасымалдар кезінде қолданылатын халықаралық нормаларды, атап айтқанда 1973 жылғы Кемелерден ластануды болдырмау жөніндегі халықаралық конвенцияны сақтауға және ішкі су тасымалдары саласында ауыр әлеуметтік-экономикалық салдарды болдырмауға мүмкіндік береді.

ЕЭК Кеңесі Қазақстан Республикасы үшін сүт-шикізатының микробиологиялық көрсеткіштеріне қойылатын талаптарды қабылдау бойынша өтпелі кезеңді 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартты.

Қазақстан тарапының ақпараты бойынша, Қазақстанның сүт саласында сүт-шикізат дайындау жүйесінің ағымдағы даму деңгейі Одақтың «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техрегламентінің мезофильді аэробты және факультативті-анаэробты микроорганизмдер (КМАФАнМ) және соматикалық клеткалар құрамы бойынша талаптарын 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді.

Қазақстан Республикасы үшін оңтайлы күн 2025 жылғы 1 қаңтар болып белгіленді. Осы уақытқа қарай ел зертханалық базаны жетілдіру мен кіріс шикізатын бақылау практикасын қоса, тиісті ұлттық «жол картасына» енгізілген барлық іс-шараларды орындайды. Бұл ретте өтпелі талаптар бойынша өндірілген сүт өнімдері (ішетін және қалпына келтірілген сүтті, ашымалы сүт өнімдерін, балалар тағамын, қатты ірімшіктерді, сары майды қоспағандағы, шикі сүт, майсыздандырылған шикі сүт, сүт өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын шикі кілегей) Қазақстанда ғана айналыста болады.

ЕАЭО-ның «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне өзгерістер әзірлеу басталды.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері жауапты әзірлеушіні және техрегламент өзгерістерінің жобасын дайындауды айқындайтын Комиссия Кеңесінің осы жылғы 29 наурыздағы отырысында мақұлданған өкімге қол қойды. Атап айтқанда, жеделдетілген рәсім бойынша химиялық өнімнің жекелеген санаттарын мемлекеттік тіркеудің күшін жою бағамдалып отыр.

ЕЭК Кеңесі Комиссия Алқасына мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу саласында ұлттық режимнен қайтадан алып қоюды орнату механизмін пысықтауды жалғастыруды тапсырды.​