Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Достық орденімен наградталды

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Достық орденімен наградталды

QIP Shot - Screen 003.png
20.12.2019

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин 20 желтоқсанда Санкт – Петербургте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянды Ресейдің жоғары мемлекеттік наградасы - Достық орденімен наградтады.

Владимир Путин Тигран Саркисянның Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) дамытуға қомақты үлес қосқанын атап өтті. «Оның басшылығымен Еуразиялық экономикалық комиссия соңғы төрт жыл ішінде интеграциялық күн тәртібінің ең күрделі мәселелерін ойдағыдай шеше отырып, ретті, іркіліссіз жұмыс істеді».

«Тигран Суренович ЕАЭО-ның шын мәнінде тиімді экономикалық бірлестік болуы үшін көп нәрсе жасады, – деп мәлімдеді Ресей Президенті. - Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық беделін арттыру үшін үлкен күш салды, ЕАЭО-ның басқа мемлекеттермен және өңірлік интеграциялық бірлестіктермен әріптестік байланыстарын қалыптастырды. Достық орденімен наградталуы - Ресей мен Арменияның достық, одақтастық қарым-қатынастарын дамытудағы Тигран Суреновичтің ерекше еңбегін танығандық. Әртүрлі мемлекеттік лауазымдарда, соның ішінде Армения Республикасының Орталық банкі мен Үкіметінің басшылығында жұмыс істей жүріп, ол көп жоспарлы Ресей-Армян ынтымақтастығын кеңейтуге, біздің халықтарымыздың арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға үнемі көңіл бөлді», – деді Владимир Путин.

Ресей Федерациясының Президенті атап өткендей, Тигран Саркисян «қазір кетіп бара жатқан лауазымында жақсы жұмыс ахуалын, тілектес, кәсіби атмосфераны орната алды. Келісуге жататын мәселелер өте өткір пікірталастар шеңберінде оңайлықпен жүрмесе де, төзімділік таныта білді. Осының бәріне шыдап, тағы да қайталап айтайын, біздің қажетті ортақ қорытындыға қол жеткізуіміз үшін барлық жағдайды жасай білді».

Владимир Путин Тигран Саркисянға денсаулық, аман-саулық тілеп, алда да табыстарға жетуіне тілектестігін білдірді.

Өз кезегінде ЕЭК Алқасының басшысы: «Бұл біздің бүкіл Алқаның, ұлтүсті ұжымымыздың, адамдардың өмірін ортақ кеңістігімізде неғұрлым қолайлы ету үшін өз міндеттерін адал, кәсіби тұрғыда орындай білген команданың қызметіне берілген баға», – деп атап өтті.

Анықтама

Достық ордені - Ресей Федерациясының мемлекеттік наградасы. Орденмен халықтар арасындағы бейбітшілікті, достықты, ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтуға ерекше сіңірген еңбегі үшін; ұлттар мен ұлыстар мәдениетін жақындастыру және өзара байыту жөніндегі жемісті қызметі үшін; Ресейдің мәдени және тарихи мұрасын сақтау, көбейту және танымал ету жөніндегі белсенді қызметі үшін; өнеркәсіптегі, ауыл шаруашылығындағы және экономиканың басқа да салаларындағы еңбек жетістіктері үшін; ғылымды, білім беруді, денсаулық сақтау және мәдениетті дамыту жөніндегі жемісті қызметі үшін; Ресей Федерациясымен бірлескен ірі экономикалық жобаларды іске асыруға және Ресей Федерациясының экономикасына инвестициялық қаражат тартуға қосқан үлкен үлесі үшін; кең қайырымдылық қызметі үшін Ресей Федерациясының азаматтары, сондай-ақ шет мемлекеттердің азаматтары наградталады. ​