Жүйеге кіру
ЕЭК пен А.А. Громыко атындағы Сыртқы саяси зерттеулер қауымдастығы 2020 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекітті

ЕЭК пен А.А. Громыко атындағы Сыртқы саяси зерттеулер қауымдастығы 2020 жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекітті

26.12.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян мен А.А. Громыко атындағы Сыртқы саяси зерттеулер қауымдастығының (ССЗҚ) төрағасы, Ресей Ғылым академиясы Еуропа институтының директоры Алексей Громыко 25 желтоқсанда Мәскеуде ЕЭК штаб-пәтерінде өткен кездесу барысында құжатты бекітті.

Ынтымақтастық бағдарламасы Қауымдастық бастамаларын іске асыруды және оларды ЕЭК тарапынан сүйемелдеуді қамтиды. Атап айтқанда, Еуразиялық интеграция тақырыбы бойынша жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру бағдарламасы, жас халықаралық саясатшылар конкурсы, сондай-ақ іс-шараларды бірлесіп өткізу жоспарланып отыр.

«Бұл бастамаларыңызда ғылыми құрамдас бөлік бар, оның мақсаты - жастарды зерттеу жұмысына тарту. Бұл Еуразиялық экономикалық одақты нығайтудың маңызды бағыты болып табылатын Еуразиялық элитаны қалыптастыру жөніндегі біздің жұмысымызбен де үндеседі. Одақ идеяларын қоғамға алып келетін адамдарға өте көп нәрсе байланысты. Біздің бірлестіктің идеясын кімдердің алға жылжытатыны маңызды. Ынтымақтастық бізге дұрыс адамдарды табуға және олардың бойына Еуразиялық идеяны сіңіруге көмектеседі деп үміттенемін», –  деп атап өтті Тигран Саркисян.

Алексей Громыко ЕЭК Алқасының Төрағасына Қауымдастық бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді.

«Біздің жобаларымыздың басым бөлігі жастарға, яғни таяу болашақта Еуразиялық кеңістікті жайластыру мәселелерін шешетіндерге бағытталған. Сондықтан біздің бастамаларымыз, ең алдымен, жас ұрпақ арасында Еуразиялық интеграция идеясын ілгерілетуге қатысты», –  деді Алексей Громыко.

Кездесуге қатысушылар келесі жылдың негізгі жобаларын талқылады. Атап айтқанда, Қауымдастықтың атқарушы директоры, Мемлекеттік академиялық гуманитарлық ғылымдар университетінің проректоры, «Еуразия. Сарапшы» порталының бас редакторы Вячеслав Сутырин ЕЭК-дағы жастардың сараптамалық кездесулерінің және басқа елдерден жастарды Еуразиялық күн тәртібіне тартудың маңыздылығын атап өтті.​