Жүйеге кіру
ЕЭК-те ЕАЭО-дағы көлік саясатын іске асыру талқыланды

ЕЭК-те ЕАЭО-дағы көлік саясатын іске асыру талқыланды

22.10.2020
21 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссияның Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитетінің 18-отырысына қатысушылар бейнеконференция режімінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру мәселелерін және ЕАЭО-да көліктің әр түрімен жолаушылар тасымалын қайтадан бастау мүмкіндіктерін талқылады.

Комитет мүшелері 2017 жылы Үкімет басшылары бекіткен үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін 2018-2020 жылдар кезеңі ішінде іске асыру жөніндегі «жол картасы» іс-шараларының орындалуын жан-жақты талқылады.

Арнайы құрылған жұмыс тобы шеңберінде сарапшылар деңгейінде әзірлеу жүріп жатқан 2021-2023 жылдарға арналған «жол картасы» жобасын дайындау туралы ақпарат та ұсынылды.

Алдағы үш жылдық кезеңге арналған көлік саясатын іске асыру жөніндегі жаңа «жол картасының» жобасымен бір мезгілде – үстіміздегі жылдың соңына дейін 2018-2020 жылдар ішіндегі «жол карталарының» іске асырылуы туралы есеп дайындалады және ол Комиссия Алқасының, Кеңесінің, бұдан кейін Үкіметаралық кеңестің қарауына ұсынылатын болады.

Бұдан басқа, биылғы 9 қазанда Ереванда болып өткен Үкімет басшылары отырысының қорытындыларын ескере келіп, комитет мүшелері мүше мемлекеттер арасында көліктің әр түрімен жолаушылар тасымалын қайтадан бастау мүмкіндіктерін талқылады. Іс-шараға қатысушылар жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мүше мемлекеттердің санитариялық-эпидемиологиялық қызметтері шешім қабылдағаннан кейін және олар Одақ елдері арасында көліктің әр түрімен жолаушылар қатынасын пандемия жағдайында қалпына келтіру мүмкін болатын критерийлерді айқындаған соң ғана мүмкін болатынын атап өтті. Комитет мүшелері бұл мәселе бойынша өз ұсыныстарын үстіміздегі жылғы 30 қазанға дейін Комиссияға береді.

Комитет ЕЭК Алқасының «Коронавирус инфекциясы (COVID-19) пандемиясының дамуы жағдайында әуе көлігінің толассыз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы» ұсынымының Консультативтік комитеттің азаматтық авиация жөніндегі кіші комитеті дайындаған жобасын мақұлдады.

Жоба әуе көлігін қолдаудың дағдарысқа қарсы және тұрақтандырушы шараларын әзірлеу кезінде ЕАЭО елдерінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен санитариялық-эпидемиологиялық саламаттық саласындағы төтенше жағдаяттарға дайындықты қамтамасыз етуге қатысты ұсынатын практикасын, Дүниежүзілік ұшу қауіпсіздігі қорының (FSF) «жол картасын» қолдануына, сондай-ақ ИКАО-ның Авиацияны қалпына келтіру жөніндегі кеңесінің (CART) Нысаналы тобы әзірлеген Баяндама мен нұсқауды назарға алуына арналған ұсынымдарды көздейді.

Бұдан бұрын ЕАЭО-да жүктердің толассыз халықаралық тасымалы үшін «жасыл дәліздер» қамтамасыз ету жөніндегі міндет іске асырылды, ЕАЭО-ның «жасыл дәліздерін» құрайтын маршруттар мен сервистік қызмет көрсету объектілері ізеуірттелген автомобиль жолдарының тізбесі қалыптастырылды, сондай-ақ объектілер мен жүргізушілер құрамына қойылатын уақытша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар айқындалды. Комитеттің кезекті отырысы 2020 жылғы қарашада болады.

Анықтама

Отырысқа ЕАЭО елдері уәкілетті органдары атынан Армения Республикасы Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрінің орынбасары Армен Симонян, Беларусь Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары Алексей Ляхнович, Қырғыз Республикасы Көлік және жолдар министрінің орынбасары Эрмек Мамыркалиев, Ресей Федерациясы Көлік министрінің орынбасары Алексей Семенов және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов қатысты.​