Жүйеге кіру
Неміс бизнесіне ЕАЭО нарығында жұмыс істеу мүмкіндігін белсенді пайдалану ұсынылды

Неміс бизнесіне ЕАЭО нарығында жұмыс істеу мүмкіндігін белсенді пайдалану ұсынылды

23.10.2020
Еуразиялық экономикалық комиссия қарымды өңірлік интеграциялық бірлестіктер мен мемлекеттер арасында диалог орнату арқылы Үлкен Еуразиялық кеңістік шеңберінде өзара іс-қимылды жандандыруды ұсынады. Бұл туралы 22 қазанда IV «Еуразиялық экономикалық одақ: маңызы, жетістіктері, даму перспективалары» конференциясында ЕЭК-тің Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян ЕАЭО-дағы неміс бизнесі үшін хабарлады.

Гоар Барсегян пандемия кезеңінде коронавирус инфекциясының таралуын тежеу жөніндегі шараларды ғана қабылдап қоймай, сонымен бірге орныққан экономикалық байланыстарды бұзуға жол бермеу қажеттігін де атап өтті. «Біз ЕАЭО-да қолдампаздыққа қарай кері сырғуға мүмкіндік бере алмаймыз. Керісінше біз қазіргі бар экономикалық тосқауылдарды, алып қоюларды және ішкі нарықтағы шектеулерді жою жолымен жүріп келеміз», –  деді Гоар Барсегян.

Департамент директоры ЕЭК бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін бүкіл Еуразиялық континент ауқымында қарайды деп те атап өтті.Бұл тақырып Еуропа бизнесіне де түсінікті. Мұны шетелдік капиталдың қатысуымен ЕАЭО нарығында жұмыс істейтін тағы алты компанияның меморандум форматында іске асырылып жатқан Лиссабоннан Владивостокқа дейін біртұтас экономикалық кеңістік құру бастамасына қосылуы растайды. Бұл меморандумға қол қоюшылар саны 107-ге жетті. Бастама шеңберінде жұмыс топтарының отырыстары өтіп тұрады.

Конференцияға қатысушылардың Ресей-Герман сыртқы сауда палатасы коммуникациялар департаментінің директоры Торстен Гутманн білдірген ортақ пікірі бойынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ – бизнес үшін зор мүмкіндіктер кеңістігі. «Бұл саяси емес жобаның тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысы, сондай-ақ цифрландыру, стандарттау және басқа салалардағы ұзақ мерзімдік жобаларды іске асыру есебінен қатысушылар үшін көптеген жақсы жақтары бар. Әлемде қолдампаздық үрдістері көрініс беріп отырған уақытта Еуропалық одақпен қатарлас, бизнес үшін ашық әрі қызықты бұл жобаның жұмыс істеп тұруына ілтифат білдіреміз», –  деп атап көрсетті Торстен Гутманн.

Анықтама

Конференцияны жыл сайын ЕАЭО-дағы неміс экономикасының сыртқы сауда өкілдіктері ұйымдастырады.

Іс-шараға Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының (РӨКО) президенті Александр Шохин, Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасы қаржы-өнеркәсіп және инвестициялық саясат кеңесінің төрағасы Владимир Гамза, «Росэксимбанк» АҚ басқармасының төрағасы Азер Талыбов, Еуразиялық даму банкі басқармасы төрағасының орынбасары Тигран Саркисян, «Коммерцбанк (Еуразия) АҚ» басқармасының төрағасы Михаэль Рошер, Raex рейтинг агенттігінің бас директоры Дмитрий Гришанков және басқа сарапшылар қатысты.

Ресей-Герман сыртқы сауда палатасы (ССП) 900-ден астам мүше компанияның басын қосатын, Ресей аумағындағы шетелдік бизнестің аса ірі әрі тез өсіп отырған бірлестігі болып табылады. Беларусь Республикасындағы (Минск) және Орталық Азиядағы (Алматы) Неміс экономикасы өкілдіктерімен бірлесіп, ССП ЕАЭО аумағында герман экономикасының мүддесін білдіреді.

ССП 2017 жылдан бастап Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі біртұтас экономикалық кеңістікті дамыту жөніндегі жұмыс тобының ортақ негіз қалаушысы және белсенді қатысушысы болып табылады, Еуропа мен ЕАЭО-ның өзара тиімді ортақ болашағының құндылықтарын бөлісетін компаниялар мен ұйымдарды осы бастамаға тартады.

ЕЭК және ССП өкілдерінің жұмыс кездесулері тұрақты негізде өтіп тұрады.​