Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері асыл тұқымды жануарлар мен мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктер жайында мәлімет алмасады

ЕАЭО елдері асыл тұқымды жануарлар мен мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктер жайында мәлімет алмасады

27.10.2020
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 27 қазанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында алмасуға жататын асыл тұқымды жануарлар және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтер құрамын бекітті.

Шешім Одақ елдері арасында өткізілетін асыл тұқымды жануарлар (не асыл тұқымды өнім партиялары), олардың өнімділігі, шығу тегі, асыл тұқымдық бағалығы, туған жері, генетикалық ауруларының болуы және басқа қажетті мәліметтер туралы деректердің тізбесін айқындайды. Бұл деректер, дұрысында, асыл тұқым куәлігінің электрондық версиясы болып табылады және ұлттық ақпараттық жүйеге енгізу үшін асыл тұқымды мал шаруашылығы және бұдан арғы селекциялық-асылдандыру жұмысы саласындағы бүкіл қажетті ақпаратты қамтиды. Мәліметтердің екінші блогы – мүше мемлекеттерде өсірілетін ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдары, типтері, желілері мен кростары, олардың өнімділік қасиеттері, асыл тұқымды шаруашылық-оригинаторлар, әзірлеушілер туралы, сыналтымдау және оны жүзеге асырған орган жайында ақпарат.

«Қабылданған құжат мүше мемлекеттер арасында өткізілетін асыл тұқымды жануарлар туралы берілетін ақпаратты біріздендіруге, сапасын арттыруға және анықтығының қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ЕАЭО аумағында өсірілетін ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдары, типтері, желілері мен кростары туралы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің хабардар болушылығын арттырады. Бұл, өз кезегінде, асыл тұқымды өнімді делдалсыз тікелей сатып алуға, оны өткізудің артуына және мал шаруашылығы саласында өндіріс көлемін өсіруге ықпал етеді», –  деп атап өтті Комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян.

Құжат күшіне енгеннен кейін мүше мемлекеттердің асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдары жалпы процесс шеңберінде (ол күшіне енгенге дейін – қағаз жеткізгіштерде немесе электрондық түрде) Одақ елдері арасында өткізілетін асыл тұқымды жануарлар, сондай-ақ мүше мемлекеттердегі қазіргі бар селекциялық жетістіктер туралы мәліметтер алмасатын болады.

Сарапшылардың пікірінше, Алқа шешімі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде селекциялық жұмыстың және асыл тұқымды өнім саудасының дамуына оң ықпал етеді.

Анықтама

Құжат ЕАЭО туралы шартқа және 2019 жылғы қазанда Үкімет басшылары қол қойған ЕАЭО шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізуді сәйкестендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге сәйкес әзірленді.​