Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «Ғылыми қоғамдастықтың ЕАЭО-ның дамуын айқындайтын шешімдер қабылдау процесіне қосылғаны маңызды»

Тигран Саркисян: «Ғылыми қоғамдастықтың ЕАЭО-ның дамуын айқындайтын шешімдер қабылдау процесіне қосылғаны маңызды»

21.01.2020
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян 20 қаңтарда ЕЭК штаб-пәтерінде өткен Ғылыми-сараптамалық кеңес барысында мәлімдеді. Отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын талқылады.

Тигран Саркисян атап өткендей, ЕЭК Алқасының Төрағасы жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңес форматының арқасында Комиссия ғылыми қоғамдастықпен өзара қарым-қатынасты институцияландырды.

«Біз үшін ғылыми қоғамдастықтың Еуразиялық экономикалық одақ дамуының алдағы бағыттарын анықтайтын шешімдер қабылдау процесіне қосылуы маңызды. Ғылыми қауымдастықтың бағалауы жұмыстың стратегиялық бағыттарын тұжырымдауға көмектеседі және іске қосылып қойған жобалардың іске асырылуын түзетуге көмектеседі», - деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Ол жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардағы Еуразиялық тақырыптағы зерттеулердің, сондай-ақ осы күн тәртібіне талантты жастарды тартудың маңызы зор екенін қоса айтып өтті. Көп жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) болашағы осыған байланысты болады.

«Қоғамда ЕАЭО-ға деген сенім атмосферасын құрудың, жаһандық жоба ретіндегі Одаққа деген қарым-қатынастың қағидатты мәні бар», - деді Тигран Саркисян.

Ғылыми-сараптамалық кеңестің қатысушылары Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары бойынша өз ұсыныстарын ұсынды. Комиссия тараптармен бірлесіп олармен жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, ұсыныстар ЕАЭО ортақ нарығының тиімділігін арттыруға, кооперациялық жобаларды іске асыруға, Комиссия мен басқа да салалардың өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты.

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Сергей Глазьев стратегиялық бағыттар ЕАЭО шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларация негізінде әзірленетінін хабарлады. Олар қабылданғаннан кейін іске асыру жоспары қалыптастырылатын болады.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңес (ҒСК) - тұрақты негізде ЕАЭО үшін өзекті әлемдік экономиканың даму трендтері мен сын-қатерлерін, интеграцияның тиімді модельдері мен нысандарын, өңірлік бірлестіктердің ұлтүсті реттеу, орташа және ұзақ мерзімді перспективалар мен ЕАЭО экономикалық дамуының шектеулері бөлігіндегі таңдаулы практикаларын талқылауға арналған пікірсайыс алаңы. 20 қаңтарда ҒСК-нің 12-отырысы болып өтті.