Жүйеге кіру
СЭҚ-қа қатысушылар үшін «бірыңғай терезе» эталондық моделі 2017 жылдың соңына дейін құрылатын болады. ЕЭК Алқасының қорытындысы

СЭҚ-қа қатысушылар үшін «бірыңғай терезе» эталондық моделі 2017 жылдың соңына дейін құрылатын болады. ЕЭК Алқасының қорытындысы

21.03.2017

21 наурызда Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің қатарында: сыртқы экономикалық қызметті реттеу жүйесінде «бірыңғай терезе» қалыптастыру бойынша жұмыстар барысы, заманауи материалдарды пайдалануды кеңейтуге және өндірушілердің шығындарын төмендетуге мүмкіндік беретін «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке өзгерістер енгізу.

ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Мукай Кадыркулов Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде сыртқы экономикалық қызметте «бірыңғай терезе» құру және ендіру бойынша жұмыстар барысы туралы мәлімдеді. Атап айтқанда, министр жобаға тартылған барлық ведомстволардың жұмысын үйлестіруші органның рөлін күшейту қажеттілігі туралы хабардар етті. Бүгінгі таңда бұл Одақтың әрбір еліндегі шамамен 20 уәкілетті органды қамтиды.

Сонымен қатар, Комиссия мен елдердің алдында ЕАЭО-ның құқықтық актілеріне және ұлттық заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша міндеттер тұр. «Бірыңғай терезені» айтарлықтай ілгері жылжыту үшін СЭҚ-қа қатысушылар реттеушілерге заңды маңызы бар деректерді электрондық түрде ұсынуы қажет. Сондықтан, мұндай нормалар заңнама деңгейінде көзделуі тиіс», – деп түсіндіріп өтті ЕЭК министрі.

Мукай Кадыркулов жоба бойынша алдағы қадамдар туралы айта келіп, қазіргі кезде «биыл ұсынылатын «бірыңғай терезе» эталондық моделі» әзірленіп жатқанын хабарлады.

ЕЭК Алқасы «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техрегламентіне өзгерістерді мақұлдады. Өндірушілерге балалар аяқ киімдерінің түрлі типтері үшін қазіргі заманғы жасанды материалдарды пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар, балалар киімдерін тігу үшін пайдаланылатын маталардың сапасына аса қатаң талаптар белгіленді. Бұл үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған киімдерді екінші және үшінші топтарға бөлу бойынша нақтылаулар енгізілді. Өзгерістерге сәйкес костюмдер, соның ішінде мектеп формасы, егер астары болмаса немесе өнімнің жоғарғы бетінің 40%-ынан төменін қамтитын болса, екінші топқа және тиісінше, егер беткі қабатының кемінде 40%-ын қамтитын болса, үшінші топқа жатқызылады. Бұл нақтылау үшінші топтағы киімдермен салыстырғанда екінші топтағы киімдердің қауіпсіздік талаптары тым қатаң екендігін ескерсек, маңызды болып табылады. Мысалы, 7 – 14 жас аралығындағы балалардың жас ерекшелік тобы үшін екінші топтағы киімдерге жоғары ылғал тартқыштық белгіленді. Бұл көрсеткіш 7%-ды құрайды. Екінші топтағы киімдердің ауа өткізгіштік көрсеткіші кемінде 100 дм2/м2, ал үшінші топтағы киімдер үшін кемінде 70 дм2/м2 (астары үшін) болуы тиіс.

Өндірушілер бірнеше жас ерекшелік топтары үшін бір типтік үлгіні пайдалана алады. Осы және басқа да бірқатар жаңашылдықтар балалар киімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын қатаң талаптарды сақтау кезінде бизнеске өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Техрегламентке енгізілген өзгерістерді көпшілік талдауға ЕАЭО елдерінің салалық кәсіпорындары, ғылыми мекемелері мен мемлекеттік органдары қатысты. Олардың қатарында – Бүкілресейлік сертификаттау институты, Беларусьтің «Жеңіл өнеркәсіпті ғылыми зерттеу орталығы», Витебск мемлекеттік технологиялық университеті, Росстандарт, Ресейдің Ұлттық аяқ киім одағы, Спорттың индустрия кәсіпорындары қауымдастығы және басқалар.

ЕЭК Алқасы мақұлдаған техникалық регламентке өзгерістер ЕЭК Кеңесінің кезекті отырысында қаралатын болады.

ЕЭК Алқасының келесі отырысы 2017 жылғы 28 мамырда өтеді.