Жүйеге кіру
Еуразиялық интеграция төртінші өнеркәсіптік революцияның «рельстеріне ауысады»

Еуразиялық интеграция төртінші өнеркәсіптік революцияның «рельстеріне ауысады»

IMG_20180921_092513 (1).jpg
21.09.2018
2019 жылы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттері мен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру және өнеркәсіптің цифрлық трансформациясы үшін жағдайлар жасау жөніндегі тұжырымдаманы іске асыруға кіріседі. Бұл туралы ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Александр Субботин Қазақстан машина жасаушыларының VI форумының жалпы отырысы барысында мәлімдеді.

ЕЭК министрінің сөзінше, қазір Одақ елдері іс жүзінде Еуразиялық интеграцияның жаңа кезеңін аша отырып, «цифрдағы» жалпы жобаларды, өнеркәсіптегі салалық консорциумдарды, сауда саласындағы платформаларды, бірыңғай ақпараттық жүйелерді іске қосуда.

«Одақ экономикасының нақты секторын дамытудың стратегиялық міндеті базалық салаларда еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ барлық жерде төртінші өнеркәсіптік революцияның жасанды интеллект, автоматтандыру және роботтандыру сияқты элементтерін өндіріске ендіру болып табылады»,- деп мәлімдеді Александр Субботин.

Ол ЕАЭО-дағы цифрландыру неғұрлым тиімді, перспективалы және басым бағытқа жататынын да атап өтті. Осыған байланысты 2017 жылы Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация мен қосалқы келісімшарт жасасу желісін, Еуразиялық технологиялар трансфері желісін құруға жол ашылды.

«Орташа мерзімді перспективада салалық цифрлық платформалар құруды қолдай отырып, өнеркәсіптің басым салаларындағы өндірістік процестерді «цифрландыруға» бағытталған пилоттық жобалар сериясы іске асырылатын болады»,- деп толықтырды ЕЭК өкілі.

Форумның іскерлік бағдарламасы шеңберінде Александр Субботин Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен ЕАЭО агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелерін талқылады.

ЕЭК министрі сондай-ақ Қазақстанның бейінді ведомстволарының басшылығымен - Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовпен, Инвестиция және даму бірінші вице-министрі Роман Склярмен және Машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаевпен жұмыс кездесулерін өткізді.