Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің Энергетика министрлері Одақтың ортақ нарығы үшін газ тасымалдауға арнап баға белгілеудің тәсілдемелерін талқылады

ЕАЭО елдерінің Энергетика министрлері Одақтың ортақ нарығы үшін газ тасымалдауға арнап баға белгілеудің тәсілдемелерін талқылады

21.09.2018
Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің Энергетика министрлері газдың ортақ нарығы шеңберінде газ тасымалдау жөніндегі қызметтер көрсетуге қатысты тариф белгілеудің (баға белгілеудің) бірыңғай әдіснамасын талқылады. Бірлескен кеңес 19 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) штаб-пәтерінде өтті.

Кеңесті аша келіп, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян «Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру жөнінде орасан зор жұмыс атқарылды. Осы бағытта қалған жалғыз келіспеушілікті реттеу үшін біз Еуразиялық үкіметаралық кеңестің өкімін орындай отырып, осы кеңесті өткізіп отырмыз» деп атап өтті.

ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиев кеңеске қатысушыларды жүргізілген жұмыс туралы хабардар етті. «Бағдарламаны әзірлеу 2016 жылғы сәуірден бастап қарқынды жүргізілді. Бағдарлама жобасын келісу жөніндегі негізгі жұмыс 2017 жылы жүргізілді, соның барысында тараптардың түсінбестігін тудырған 50-ден астам ереже келісілді»,- деді Кайкиев.

Ресей Энергетика министрлігінің басшысы Александр Новак «бағдарлама, белгіленген тармақты қоспағанда, қалыптастырылған және келісілген» деп санайды.

Экономикалық жағынан негізделген тарифтер белгілеуді қоса алғанда, газ тасымалдауға арнап тариф белгілеудің қағидаттарын ЕЭК Алқасы 2014 жылғы 7 қазанда бекітті.

Оларға міндетті сипат бере отырып, бұл құжаттарда айқындалған тариф белгілеудің қағидаттарын бағдарламаға және Одақтың ортақ газ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа қосуға ұсыныс жасалды.
 
Беларусь Республикасының Энергетика министрі Виктор Каранкевич осы мәселе бойынша Беларусь Республикасының мүдделі органдарымен консультациялар өткізу қажеттігін атап өтті.

Кеңес қорытындылары туралы ақпарат Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысында баяндалатын болады.

Тигран Саркисян осы мәселені талқылау қорытындысын жинақтай келіп, «Ортақ газ нарығын қалыптастыру бағдарламасын талқылау кезінде ЕАЭО нормативтік базасына қайыра сілтеме жасау өте оң сигнал деп есептеуге болады» деп мәлімдеді.

Тараптар Еуразиялық «бестік» елдері Энергетика министрлері деңгейінде ЕЭК алаңында жүйелі кездесулер өткізу мүмкіндігін де талқылады. Өзара іс-қимылдың мұндай форматы ымыралық шешімдер тұжырымдауға ықпал ететін болады.