Жүйеге кіру
ЕЭК-те цифрлық экономиканы өлшеу жөніндегі жұмыс тобы пайда болады

ЕЭК-те цифрлық экономиканы өлшеу жөніндегі жұмыс тобы пайда болады

21.10.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) штаб-пәтерінде ЕЭК-тің Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Сергей Глазьевтің төрағалық етуімен болып өткен Статистика жөніндегі консультативтік комитеттің он бесінші отырысында Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) статистикалық қызметтің қорытындыларын талқылады және мүше мемлекеттермен келісілген статистикалық жұмыстарды жүргізудің 2020 жылға және 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған жоспарын бекітті. Бұдан басқа, Консультативтік комитет жанынан цифрлық экономиканы өлшеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы ұсынысты қолдады.

«2020 жылы ЕАЭО-ның статистика саласында интеграцияны дамытудың қолданыстағы бағдарламасын іске асыру аяқталады, – деп атап өтті Сергей Глазьев. – Бүгіннен бастап мүше мемлекеттермен бірлескен іс-қимыл бағдарламасының алдағы негізгі міндеттерін айқындаған маңызды».

Комитет мүшелері ЕЭК-тің 2020 жылға арналған статистикалық жұмыстар бағдарламасын мақұлдады, ЕАЭО ресми статистикалық ақпаратын қалыптастырудың әдістемелерін әзірлеу үшін статистикалық көрсеткіштер тізбесін келісті. Бұдан басқа, Одақ мемлекеттері статистикалық ведомстволары сарапшыларының 2019 жылғы тауарлардың өзара саудасы жөніндегі деректерді салғастыру бойынша екіжақты кездесулерінің қорытындылары туралы ақпарат ұсынылды және оларды келесі жылы жүргізудің жоспар-графигі қабылданды.

Отырысқа қатысушыларға «2008 жылғы ұлттық шоттар жүйесі» (ҰШЖ-2008) халықаралық стандартын ендіру жөніндегі жұмыс тобы қызметінің нәтижелері ұсынылды. ҰШЖ-2008-ді мүше мемлекеттерде ендіру жөнінде талдамалы баяндама дайындау және осы бағыттағы бірлескен қызметті қайта пішімдеу туралы шешім қабылданды.

Талқылау барысында Федералдық мемлекеттік статистика қызметі (Росстат) Статистика жөніндегі консультативтік комитет жанынан цифрлық экономиканы өлшеу жөнінде жұмыс тобын құруға бастамашылық жасады.

Отырысты қорытындылай келе, Сергей Глазьев: «Біз Росстаттың бастамасын тұтастай қолдаймыз. Цифрлық экономиканы статистикалық бағалаудың бірыңғай тәсілдемелерін тұжырымдау Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыруға қосылатын қомақты үлес болады», – деп атап көрсетті.

Отырыс кеңейтілген пішімде өтті, оған ТМД Статистикалық комитетінің, Әзербайжан Республикасы Мемлекеттік статистика комитетінің өкілдері, ғалымдар Василий Симчера, Александр Широв және басқалар, сондай-ақ ЕАЭО-да статистикалық есепке алу жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар салмақты ұсыныс айтқан білікті сарапшылар шақырылды.

Консультативтік комитеттің келесі отырысы 2020 жылғы сәуірде Мәскеуде өтеді.​