Жүйеге кіру
ЕЭК пен ЕКЭЛҰО екіжақты ынтымақтастықтың бағыттарын нақтылады

ЕЭК пен ЕКЭЛҰО екіжақты ынтымақтастықтың бағыттарын нақтылады

IMG-20191021-WA0005.jpg
21.10.2019

Бизнес пен көлік ұйымдарының мүддесіне негіздей отырып, көлік саласындағы проблемалық мәселелер мен кедергілерді анықтау жөніндегі жұмыста Еуразиялық көлік, экспедиторлық және логистика ұйымдары одағы (ЕКЭЛҰО) Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) көлік блогының түйінді әріптесі болып қала берді. Новороссийскіде (Ресей Федерациясы) өткен, ЕЭК өкілдері де қатысқан ЕКЭЛҰО Кеңесінің отырысында осындай уағдаластыққа қол жеткізілді.

Іс жүзінде ЕКЭЛҰО көліктің (теміржол және су көлігі, әуе қатынасы, автокөлік) барлық түрі бойынша проблемалық жағдаяттар туралы ақпаратты шоғырландыруға ғана емес, сол сияқты оларды жою үшін, кейін ЕЭК алаңдарында талқылау жоспарланатын, пәрменді шараларды тұжырымдауға да дайын. Сөйтіп, бұл көліктің ортақ нарығын құру процесіне теріс ықпал ететін жүйелі проблемаларды шешуді тездетуі мүмкін.Тараптар 2019 жылғы 1 қазанда қол қойылған Ынтамақтастық туралы меморандумға сәйкес ЕЭК пен ЕКЭЛҰО-ның бұдан арғы өзара іс-қимылының мәселелерін де талқылады.

ЕКЭЛҰО Кеңесінің отырысында Көлік және инфрақұрылым департаментінің директоры Ержан Нұрахметов: «Құжат екі ұйымның өзара іс-қимылының құқықтық негізін қалайды және біздің ынтымақтастығымыздың жоспарлары Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саясатын, транзиттік әлеуетін іске асырумен және көлік жолындағы кедергілерді жоюмен тығыз байланысты болуға тиіс», – деп атап өтті. Екі ұйымның өзара іс-қимыл жөніндегі іс-шараларының бірінші жоспары бір жылға қалыптастырылған. Оған тәжірибе алмасу, бірлескен консультациялар, семинарлар, көлік саясатын іске асыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау үшін дөңгелек үстелдер өткізу, халықаралық тәжірибе мен таңдаулы практикаларды, соның ішінде көлік тақырыбы бойынша құжаттардың жобаларын дайындау кезінде, ендіру мәселелерін қосу ұсынылуда.

Бұдан әрі жоспарлы жұмыс мерзімі көлік саясатын іске асыру жөніндегі «жол картасының» үш жылдық, яғни 2021-2023 және одан арғы жылдарға арналған кезеңімен қадамдастырылатын болады. Келісілгеніндей, жоспардың міндетті тармақтары проблемалық мәселелер мен көлік қызметіне әсер ететін кедергілерді анықтау жөніндегі іс-шаралар болады.

Бұдан басқа, ЕЭК делегациясы ЕКЭЛҰО-ның «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберіндегі жүк тасымалын дамыту жөніндегі практика, қазіргі бар проблемалар және елдер іске асырып жатқан шаралар» дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты, онда Ержан Нұрахметов қатысушыларды ЕЭК-тің бұл трек бойынша жұмысымен таныстырды.

«Транзиттік әлеуетті және логистиканы дамыту Одақ құқығында басымдық ретінде әрі көлік саясатының міндеті ретінде жазып қойылған. Сол себепті 2017 жылы үкіметтер басшылары бекіткен көлік саясатын іске асыру жөніндегі екі «жол картасы» іс-шараларының үштен бірінен астамы транзиттік және логистикалық әлеуетті дамытуға бағытталған. Бұл «Бір белдеу – бір жол» бастамасына да қатысты. Біз үшін Ұлы Жібек жолының ребрендингі «жапсарсыз» тасымалды, көліктің интермодалдығын, оңайлатылған рәсімдерді, дамыған инфрақұрылымды және біріздендірілген құжаттарды, интеграциялық сипаттағы көлік жобаларын іске асыруды білдіреді», – деп атап өтті Ержан Нұрахметов. Сондай-ақ ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасын ұштастыру жұмысы ЕАЭО мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асырумен қадамдастыра жүзеге асырылатынын атап көрсетті.

ЕКЭЛҰО басшылығы дөңгелек үстел тақырыбын қолдау орайында Новороссийск теңіз сауда портының қызметімен танысу үшін көшпелі іс-шара ұйымдастырды, оның терминалдық кешендері халықаралық тауар нарықтарына, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден бағыт алған тауарлардың жүк ағынын қызметімен қамтиды.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуразиялық көлік, экспедиторлық және логистика ұйымдары одағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2019 жылғы 1 қазанда Ереванда ЕЭК-тің Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиев пен ЕКЭЛҰО президенті Олег Хайтаров «Еуразиялық континенттің транзиттік әлеуеті» халықаралық форумы шеңберінде қол қойды.​