Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Бақылау және қадағалау органдарының тиімді өзара іс-қимылы ЕАЭО нарығын қауіпті өнімнен қорғауға көмектеседі»

ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Бақылау және қадағалау органдарының тиімді өзара іс-қимылы ЕАЭО нарығын қауіпті өнімнен қорғауға көмектеседі»

21.10.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко оның төрағалығымен ЕЭК-те 17 қазанда өткен жоғары деңгейдегі кеңес барысында: «Еуразиялық экономикалық одақ елдері қадағалау органдарының өзара іс-қимылының дұрыс құрылған тиімді жүйесі нарықтағы қауіпті өнімді анықтауды және оны айналыстан алып қоюды қамтамасыз етеді», – деп мәлімдеді.

Кеңеске Одақ елдері техникалық реттеу, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау және тұтынушылар құқықтарын қорғау мемлекеттік органдарының, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау (қадағалау) органдарының басшылары қатысты. ЕЭК министрі атап өткендей, Одақтың бірыңғай міндетті талаптарын бақылау міндеті біріктіретін бұл меморгандар ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін қауіпті өнімнің нарыққа түсуіне және ондағы айналысына қарсы күресудің кеңейтілген жүйесін білдіреді.

Интеграциялық процестердің даму шамасына қарай қадағалау органдары жұмысының маңыздылығы арта түсетін болады. Олардың қызмет нәтижелерінің құрғақ цифрлары артында өңірлік экономикалық бірлестіктің орасан зор аумағындағы халықтың өмір мен денсаулығын сақтау мәселелері тұрады. Бұл ретте бизнеске артық жүктеме салуды болдырмау, өнімнің неғұрлым проблемалы түрлеріне шоғырлану мақсатында қадағалау шараларын оңтайландыру айрықша маңызға ие болады.

Кеңеске қатысушылар одақтық техрегламенттерге сәйкес келмейтін әртүрлі тауарларды анықтау жөніндегі мемлекеттік бақылау (қадағалау) ұйымдарының қызмет нәтижелерімен және тәжірибелерімен алмасты. Бұл ретте сәйкессіздіктің көп бөлігін бақылаудың (қадағалаудың) ұлттық органдары нақ осы импорт саласынан анықтайтыны атап өтілді. Бұл жұмыста ұсақ-түйек жоқ – таңбалауда анықталған сәйкессіздіктің өзінде өнімнің дұрыс қолданылмау тәуекелі тұрады, бұл адамдар өміріне қауіп төндіреді. Көп жағдайда сәйкес келмейтін таңбалау тауарлардың контрафактілігінің белгісі болып табылады.

Қадағалау қызметтерінің басшылары мен өкілдері интеграцияның осы маңызды бағытындағы жұмысты жандандыру жөнінде Комиссия ұсынған іс-шараларды қолдады. ЕАЭО техрегламенттерінің талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды), соның ішінде Комиссия Алқасының тиісті Ұсынымын орындау шеңберінде жүргізу нәтижелері туралы мәліметтермен алмасу пішімі бойынша бірқатар сындарлы ұсыныстар айтылды.

Кеңеске қатысушылар Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін қауіпті өнім туралы хабардар етудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға айрықша назар аударды. Бұл жоба мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының келісілген шешімі бойынша іске асырылуда. Бірыңғай жүйедегі жұмыс ЕАЭО елдерінің қадағалау органдарына қауіпті өнімнің айналысына бір елдің шеңберінде жедел ден қоюға және алдын ала ескерту жасауға ғана емес, сол сияқты бүкіл одақтық кеңістікте оны айналымнан толық алып қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте тұтынушылардың қауіпсіз емес өнімнің анықталғаны туралы дер кезінде ақпарат алу мүмкіндігі болуының да маңызы кем емес.

Пилоттық жобаның ойдағыдай аяқталуына зор маңыз бере отырып, Виктор Назаренко ЕАЭО мемлекеттерінің мембақылау (қадағалау) саласындағы уәкілетті органдарын жүйенің тестілік және жұмыстағы пайдаланылуын белсенді қамтамасыз етуге шақырды. Пилоттық жобаны іске асыру барысы туралы есеп ЕЭК Кеңесінің таяудағы отырысына ұсынылатын болады.

Іс-шара қорытындысында қадағалау органдарының басшылары мен өкілдері қазір мемлекетішілік келісу рәсімінен өтіп жатқан Одақтың техрегламенттерінің талаптарын сақтауға мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырудың қағидаттары мен тәсілдемелері туралы келісім жобасында көзделген екінші деңгейдегі құжаттарды талқылау жөніндегі жұмысты бастауға бастамашылық ету қажеттігі туралы хабардар етілді.

Келісім жобасында көзделген құжаттар мемлекеттік қадағалау органдары қызметін үйлестіру механизмін құруға, қадағалау нәтижелері бойынша пайда болатын келіспеушіліктерді қарау тәртібін белгілеуге, сондай-ақ қауіпті өнім туралы хабардар ету жүйесі жұмыс істеуінің нақты қағидаларын айқындауға көмектеседі.​