Жүйеге кіру
ЕЭК Министрі Тимур Сүлейменов: «ЕАЭО мақсаттарын іске асырудың аса маңызды тетігі ортақ қаржы нарығы мен бірыңғай қызметтер көрсету нарығын қалыптастыру болып табылады»

ЕЭК Министрі Тимур Сүлейменов: «ЕАЭО мақсаттарын іске асырудың аса маңызды тетігі ортақ қаржы нарығы мен бірыңғай қызметтер көрсету нарығын қалыптастыру болып табылады»

18.03.2016

18 наурызда Мәскеуде ТМД мүше мемлекеттердің «25 жыл бірге: өзара іс-қимылдың жаңа форматтары» халықаралық экономикалық форумында Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа Мүшесі (Министрі) Тимур Сүлейменов Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мақсаттарын іске асырудың аса маңызды тетігі Одақ шеңберінде ортақ қаржы нарығы мен бірыңғай қызметтер көрсету нарығын қалыптастыру болып табылатынын мәлімдеді. Осы бағытта Комиссия Тараптардың Үкіметтерімен бірлесіп үлкен жұмыс атқарды.

Тимур Сүлейменов ТМД кеңістігіндегі интеграция мемлекеттердің экономикадағы да және басқа салалардағы да бар проблемаларды өзара шешудегі объективті қажеттіліктерінің салдары болып табылатынын атап өтті. Елдердің табысты дамуы үшін 2015 жылғы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес Одақтың негізгі мақсаттары мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуы, тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының еркін қозғалысы үшін жағдайлар жасау, ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту мен олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

ЕЭК Министрі ЕАЭО-да ортақ қаржы нарығын қалыптастыру туралы әңгімелеп берді. 2014 жылғы желтоқсанда Қаржы саласындағы ақпаратпен, соның ішінде құпия ақпаратпен алмасу туралы келісімге қол қойылды. «Кеңестен кейінгі кеңістікте алғаш рет Одақтың қаржы нарығының субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Келісімде құпия сипаттағы ақпаратпен алмасу мүмкіндігі жазылған. Бұл құжат реттеушілердің тиімді әкімшілік ынтымақтастығы үшін негіз қалыптастырады, онсыз ортақ қаржы нарығын құру мүмкін емес», – деп Тимур Сүлейменов атап айтты.

ЕЭК дайындаған Қаржы нарықтарындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар туралы келісім жобасы қаржы нарықтары саласындағы заңнамалардың бағыттарын, тетігін және оларды үндестіру мерзімдерін айқындайды. «Бұл ортақ қаржы нарығының екінші тірегі» – деп атап өтті Тимур Сүлейменов. Келісім жобасы 2015 жылғы қазанда Комиссия Алқасымен мақұлданып, Тараптарға мемлекетішілік келісу үшін жолданды. Келісім ұлттық заңнамаларды 2025 жылға дейін жақындастыру кезеңдерін айқындайтын Одақ елдерінің қаржы нарықтары саласындағы заңнамаларын үндестіру жоспарын әзірлеуді және қабылдауды көздейді.

Мұнымен қатар, ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың маңызды факторы бірыңғай биржалық кеңістік құру болып табылады. Осыған орай, Комиссия Одақтың бір елінің брокерлері мен дилерлерінің басқа мүше мемлекеттердің биржаларына кіруіне рұқсат ету туралы келісімді әзірледі. Құжат делдалдар мен дилерлердің ЕАЭО мемлекеттерінің ұлттық биржаларына қосымша тіркелусіз (лицензиясыз) кіруіне рұқсат беруді көздейді. Келісім жобасы 2015 жылғы желтоқсанда ЕЭК Алқасымен мақұлданып, Тараптарға мемлекетішілік келісу үшін жолданды.

Комиссияның салық саясаты саласындағы негізгі міндеттері кемсітусіз салық салуды қамтамасыз ету, өзара саудадағы жанама салықтар бөлігінде одақтас елдердің салық саясатын және әкімшілендіруін үйлестіру болып табылады. Қазір алкоголь мен темекі өнімдеріне мөлшерлемелерді үндестіру мәселесі өте белсенді талқылануда.

ЕАЭО елдерінің орнықты экономикалық өсуінің, дағдарыстық құбылыстарды еңсерудің басқа маңызды факторы, Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Одақ шеңберінде бірыңғай қызметтер көрсету нарығын қалыптастыру болып табылады. Ол 2015 жылдан бері 43 қызметтер көрсету секторында жұмыс істеп келеді, олар ЕАЭО мемлекеттері көрсететін қызметтер көлемінің шамамен 50%-ын құрап отыр. Өткен жылдың қазанында қабылданған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) шешіміне сәйкес қызметтер көрсету секторлары (кіші секторлары) тізбесі бекітілді, онда қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығын қалыптастыру нақты мерзімдері көрсетіліп ырықтандыру жоспарына сай жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда бұл – қызметтер көрсетудің 21 секторы, құндық мәнде – ЕАЭО мемлекеттерінде қызметтер көрсетудің жалпы көлемінің 10%-ға жуығы.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешіміне сәйкес ЕАЭО мемлекеттерінің Үкіметтері ЕЭК-пен бірлесіп үстіміздегі жылғы 1 сәуірге дейін нақты секторларда (кіші секторларда) бірыңғай қызметтер көрсету нарығын қалыптастырудың нақты мерзімдерін (өтпелі кезеңді) көрсетіп, ырықтандыру жоспарын дайындаулары тиіс. Комиссия бұл жоспарларды ЖЕЭК бекітуі үшін 1 шілдеге дейін ұсынуы тиіс.

Тимур Сүлейменов атап өткендей, біздің елдеріміздің арасында шынайы интеграцияның дамуы азаматтардың еркін қозғалысы үшін жағдайлар жасауды көздейді. Осы бағыттағы интеграцияның анағұрлым маңызды нәтижелерінің бірі 2015 жылы, мәні бойынша, Одақ ішінде жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ортақ еңбек нарығының жұмыс істей бастауы болды. ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін тең экономикалық құқықтар қамтамасыз етілді. Еңбекшілерге жеке тұлғалардың табыстарына еңбек қызметінің бірінші күнінен бастап жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтарымен бірдей салық салудың бірыңғай шарттары ұсынылады. Әлеуметтік сақтандыру және медициналық көмек те тең жағдайда қамтамасыз етіледі. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық мамандықтар бойынша (фармацевтика, медицина, заң және педагогикадан басқа) дипломдарды өзара тану қамтамасыз етілген.

«Еуразиялық экономикалық одақ қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсуінің драйверіне, біздің елдеріміздің динамикалық дамуы үшін өзінше бір «мүмкіндіктер терезесіне» айналуда», – деп түйіндеді Тимур Сүлейменов. Одақтың ұзақ мерзімді дамуы төрт «еркіндікті» қамтамасыз етуге, интеграция нәтижесінде нарықтың жаңа сегменттерін құрудың арқасында мүше мемлекеттердің экономикаларының құрылымын жетілдіруге және, нәтижесінде, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізуі тиіс.