Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО елдеріне акваөсіру саласында ынтымақтастықты дамытуға ұсыным жасады

ЕЭК ЕАЭО елдеріне акваөсіру саласында ынтымақтастықты дамытуға ұсыным жасады

22.04.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 21 сәуірдегі отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне акваөсіру саласында ынтымақтасуға ұсыным жасады және сол үшін тиісті шаралар тізбесін ұсынды. Құжатқа Комиссия дайындаған Одақ елдерінің акваөсіру нарығын талдау нәтижелері негіз болған.

 

Сөз бұл арада табиғи және жасанды су айдындарында, арнайы құрылған теңіз плантацияларында балықтарды, шаян тәрізділерді, моллюскаларды және балдырларды көбейтіп өсіру мен жетілдіріп өсіру туралы болып отыр.

 

«ЕАЭО-да акваөсіру саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытудың өзектілігі – Одақтың әлемдік және ішкі нарығының конъюнктурасына, сондай-ақ одақтас мемлекеттерде балық шаруашылығын дамытудың бірлесіп шешу орынды болатын ортақ мәселелеріне негізделген. Проблемалық мәселелер қатарына меншікті сапалы балық отырғызу материалының жетіспеушілігі, жемшөп пен дәрі бойынша импортқа тәуелділік, негізгі құралдардың аса тозып кетуі, ғылыми әлеуетті жеткіліксіз пайдалану және басқалар жатады», – деп атап көрсетті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.

 

Тізбеге бес блок: ресурстық қамтамасыз ету, акваөсіру өнімдерін өндіру, нарықты дамыту саласындағы, ғылыми-инновациялық ынтымақтастық саласындағы, сондай-ақ нормативтік-құқықтық және әдіснамалық базаны жетілдіру, ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы шаралар енгізілген.

 

Ресурстық қамтамасыз етуге орай айтқанда, онда елдерге асыл тұқымды балық шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды іске асыру, мамандандырылған жемшөп және ветеринариялық препараттар өндіру бойынша қуаттар құру ұсынылған. Акваөсіру объектілерін қайта өңдеу жөніндегі қуаттарды ұлғайтумен және балық шаруашылығына арналған жабдықтар өндірісін оқшаулаумен өндірістік кооперацияны дамыту перспективалы болып табылады.

 

Ғылыми-инновациялық шаралар ішінде одақтық мемлекеттердің климатына бейімделген қазіргі заманғы тиімді технологияларды қолдану; бірлескен селекциялық-асылдандыру зерттеулері; тұйық сумен жабдықтау және оларды қайта өңдеу қондырғыларында акваөсіру объектілерін жетілдіріп өсірудің инновациялық технологияларын пайдалану; сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді сақтауға мүмкіндік беретін технологияларды жасау бар.

 

Шаралар шеңберінде акваөсіру саласындағы ресурстарды өндірушілер туралы ақпараттық бөлім құру бағамдалып отыр.

 

Комиссия шолуында әлемде балық және басқа да су кәсіпшілігі өнімдеріне деген сұраныстың өсіп отырғаны атап өтілген. Бұл балық өсіру көлемінің арттырылуымен қоса қабат жүреді. Егер 20 жыл бұрын жалпы әлемдік тұтынуда акваөсіру өнімінің үлесі оның ширегін құраса, қазір жартысына жетіп отыр.

 

ЕАЭО-да бұл салада да өсім байқалуда: акваөсіру өнімдері өндірісі үш жыл ішінде Арменияда 1,5 есе, Беларусьте 15%, Қазақстанда 5,4 есе, Қырғызстанда 2,3 есе, Ресейде 1,3 есе ұлғайды.

 

Бұл ретте ЕАЭО мемлекеттерінің әлеуеті соншалықты ашыла қоймағанын айтқан жөн. Орта есеппен Одақ елдері бойынша акваөсіру тауарларын жан басына шаққандағы тұтыну жылына 1 кг немесе балық өнімдерін тұтынудың 5%-ға жуығын құрайды. 2018 жылы Одақ елдері халқының сұранысын қамтамасыз ету үшін 2,2 млрд АҚШ долл. сомасындағы 649,5 мың тонна балық пен балық өнімдері импортталды.

 

Мемлекетаралық өзара іс-қимыл мүше мемлекеттердің кәсіпорындарына ЕАЭО-дағы әріптестерінің таңдаулы тәжірибесін алып пайдалануға, балық шаруашылығын дамыту жөніндегі ұлттық жоспарлардың тиімділігін арттыруға, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуді ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде балық өнімдерінің ассортиментін кеңейтуге, өндіріс құралдары мен ресурстары импортын алмастыруға, сондай-ақ ішкі нарықты теңгерімді дамытуға ықпал ететін болады.