Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Филиппиндер сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытады

ЕАЭО мен Филиппиндер сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытады

22.08.2019
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесінің (министрдің) көмекшісі Федор Черницын мен Филиппиндердің Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Сеферино Родольфоның кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттер мен Филиппиннің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту перспективалары басты назарда болды. Келіссөз Ресей-Филиппин үкіметаралық комиссиясының 2-отырысы қарсаңында 21 тамызда ЕЭК штаб-пәтерінде болып өтті.

«Филиппиндердің Одақ елдерімен сауда-экономикалық байланыстарын дамытуға деген мүддесін құптаймыз. Ұлттық үкіметтердің Комиссия деңгейіне берген құзыреттері шеңберінде бұл оң әрі өзара пайдалы процеске жан-жақты жәрдемдесетін боламыз»,- деп мәлімдеді Федор Черницын. Ол Филиппиндер делегациясы мүшелерінің назарын ЕЭК қызметінің түбірлі салаларына және оның Одақ құрылған сәттен бастап Азия мен Еуропадан Таяу Шығыс пен Латын Америкасына дейін елеулі кеңіген халықаралық байланысулар географиясына аударды. Комиссия өкілі ЕАЭО туралы шарттың, сондай-ақ Одақ шеңберінде интеграциялық процестерді дамыту туралы декларацияның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу тұрғысында ағымдағы кезең және 2025 жылға дейінгі Одақ шеңберіндегі интеграцияны дамыту жоспарлары туралы да хабардар етті.

Федор Черницын ЕАЭО елдері мен Филиппиндердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы дамуының оң серпінін атап өтті. «2018 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Филиппиндермен сауда айналымы 2017 жылмен салыстырғанда екі есе өсті және 1 367,5 млн долл. құрады. Бұл ретте Одақтың Филиппиндерге экспорты 4,1 есе - 915 млн долл. дейін, импорт 3,3% – 452,6 млн долл. дейін артты»,- деп атап көрсетті ЕЭК өкілі.

Сонымен бірге ол Филиппиндердің ЕАЭО елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығы серпінінің теңгерімсіздігіне назар аударды. Мысалы, Ресей Федерациясына тауар айналымының 89%-ы, Қазақстан Республикасына – 8,7%, Беларусь Республикасына – 2%, Қырғыз Республикасына – 0,2%, Армения Республикасына – 0,1%-ы тура келеді. Бұл ретте іскерлік байланысуларды кеңейту үшін елеулі резервтер бар.

Өз кезегінде Сеферино Родольфо Филиппиндер - экономикасы серпінді дамып келе жатқан, соңғы жылдары жыл сайын 5-6%-ға дейін өсу қарқынын көрсетіп отырған аграрлық-индустриялық ел екенін атап өтті.

Филиппин делегациясының басшысы электрондық, тоқыма, химия, ағаш өңдеу, тамақ, фармацевтика өнеркәсібі сияқты салалардағы, сол сияқты ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері туралы айтты.

Филиппиндер – кокос жаңғағының, бананның, күріш пен ананастың аса ірі экспорттаушысы. Нақ осы ауыл шаруашылығы өнімі ЕАЭО елдеріне Филиппин экспортының көлемін өсіру үшін елеулі перспективаларға ие. Осымен бір мезгілде ел ЕАЭО мемлекеттері тауарларының импортын әртараптандыруға мүдделі.

Федор Черницын әріптестерін Комиссиямен ынтымақтастықтың, соның ішінде, ресми желі бойынша да, іскер топтар бойынша да диалогты ресімдеудің бірінші қадамы бола алатын ЕЭК пен Филиппин Республикасы Үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум жасасу шеңберінде мүмкін болатын форматтары туралы хабардар етті.

Кездесуге Филиппин Республикасы министрліктерінің, ведомстволарының, іскер топтарының, ЕЭК-тің сауда блогының және Ресей Экономикалық даму министрлігінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында 2018 жылғы 14 қарашадағы ЕЭК пен АСЕАН арасындағы Өзара іс-қимыл туралы меморандумды және екі ұйымның іс-қимылының келісу сатысында тұрған бірлескен жоспарын іске асыру аспектілері қозғалды.

ЕЭК өкілі Филиппиндік ресми және іскер топтарды ЕАЭО аумағындағы түбірлі конгрестік іс-шараларға, атап айтқанда Петербург халықаралық экономикалық форумы мен Астана экономикалық форумына, сондай-ақ ЕАЭО-ның басты көрмелік іс-шарасы – 25 қыркүйектен бастап 27 қыркүйекке дейінгі аралықта Бішкекте өтетін «Еуразиялық аптаға» қатысуға шақырды