Жүйеге кіру
Кооперация және бірлескен жобалық қызмет - Еуразиялық экономикалық одақ стратегиясының түбегейлі элементі

Кооперация және бірлескен жобалық қызмет - Еуразиялық экономикалық одақ стратегиясының түбегейлі элементі

23.10.2018
22 қазаннан бастап 24 қазанға дейінгі аралықта Ереванда (Армения) өткен Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы аса ірі «Еуразиялық апта» халықаралық форумы «ЕАЭО экономикасының нақты секторы: интеграция жағдайында әлеуетті өрістету» жалпы отырысымен ашылды.

Отырысты ашқан Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян іскерлік қоғамдастық тарапынан «Еуразиялық аптаға» деген жоғары мүдделілікті – форумға Еуразиялық әріптестерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа, инвестициялвр тартуға және өзара іс-қимыл түзуге әзір 300-ден астам армян кәсіпорындарының қатысып отырғанын атап өтті.

«Армения ЕАЭО мүше мемлекеттерімен сауда және ынтымақтастықтың тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. 2018 жылдың қаңтар-шілде айлары ішінде Армениядан ЕАЭО елдеріне экспорттық жеткізілімдер көлемі 2017 жылдың сондай мерзімімен салыстырғанда 31,3% артып, 351,9 млн долл.құрады. Өсім іс жүзінде барлық мүше мемлекеттердің нарықтарының есебінен қалыптасуда,- деп хабарлады Армения Премьер-министрі.- Бұл Арменияның экономикалық даму мен экспорттық қызметке ықпал етіп отырған ЕАЭО-ға мүшелігінің орнықтылығын білдіреді».

Никол Пашинян Одақта инновациялық бизнесті бірлесіп дамытуға назар аударды. Бір ғана Арменияда сыртқы нарықтарға бірлесіп шығу үшін ЕАЭО-дағы әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуға бағдар ұстаған жоғары технологиялық циклдағы 400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді.

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян жалпы отырысқа қатысушыларға ілтифатты лебізбен қайырылды. Ол форумның басты бағыты кооперация мәселелері және экономиканың әртүрлі салаларындағы жобаларды талқылау болады деп атап өтті. «Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елдері қатыса алатын ірі жобаларды құру – Одақты дамыту стратегиясының түбегейлі элементтерінің бірі. Біз әлемдік нарыққа Еуразиялық брендтермен - бірден танылатын, бірлесіп шығарылған өніммен және жаңа технологиялармен шыққымыз келеді»,- деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

«Ынтымақтастықтың моделін таңдаудың жоғары өзектілігін ескере отырып, біз биылғы жылы да «Еуразиялық аптада» Одақты дамыту стратегиясының мәселелерін, ынтымақтастықтың біз іске асырып жатқан моделін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібін, институционалдық өзгерістерді және болашақтың бейнесін айналып өте алмаймыз. Одақ даму үстінде және бірқатар салаларда шынында да ортақ және бірыңғай саясат жүргізу қажеттігі пісіп-жетілді. Әйтпесе біз ортақ нарықтардың жұмыс істеу мәселелері бойынша сынға тап бола береміз. Жойылған тосқауылдардың орнына реттеудегі және ұлтүсті құқықтарын баян етудегі айырмашылықтардан - өте объективті себептер бойынша жаңалары келеді. Бұл ұлтүстілікті күшейту ұлттық мүдделерді көптеп қорғауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ Одақ елдерінің бәсекелестік артықшылықтарды, бәрінен бұрын экспортқа шығу үшін ұлғайтуына ықпал ететін жағдай»,- деді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Оның пікірінше, «Еуразиялық апта» барысындағы билік пен бизнестің қандай жобалар бірлесіп іске асырылуы мүмкін екендігі және олар үшін Еуразиялық кеңістікте қандай бірыңғай қағидалар талап етілетіндігі жөніндегі диалогы Одақ болашағының бейнесін және Комиссия жұмысының жоспарын қалыптастыруға үлес қосады.

Сессияға ЕАЭО елдерінің вице-премьерлері және Одақ елдерінің ірі компанияларының басшылары қатысты. Жалпы отырыстың модераторы НТВ-дағы «Іскерлік таңертеңгілік» бағдарламасының бас редакторы, журналист Татьяна Наумова болды.

Билік пен бизнестің отырысқа қатысқан өкілдері бүгінгі таңда Одақ елдері арасындағы берік экономикалық, еңбек және мәдени байланыстар бизнес үшін сапалы кеңістік және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға мүмкін бергеніне сенімді. Алайда әкімшілік тосқауылдарды жою, B2B- және B2G-өзара іс-қимыл рәсімдерін жеңілдету, көлік иинфрақұрылымының тиімділігін арттыру және цифрлық шешімдерді ендіру бұрынғысынша интеграцияның жаһандық міндеттері болып қала беруде.

Жалпы отырыс шеңберінде отырысқа қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қолайлы бизнес-климат құру саласындағы жетістіктері және оны одан әрі жетілдіруге бағытталған шаралар, өндірістік байланыстарды нығайту сияқты мәселелерді көтерді.

Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Антон Силуанов кәсіпкерлік климатты жақсартудың ресейлік тәжірибесі туралы әңгімеледі. Егер 2012 жылы Ресей Дүниежүзілік банкінің Doing Business рейтингінде 120-орында болса, 2018 жылы 35-орынға ілгерілеп үлгерді.

«Біз басқа елдерден қандай позициялар бойынша артта қалғанымызды талдадық, артта қалу байқалған бағыттар бойынша «жол картасын» жасадық, ұлттық өнеркәсіптік бастама құрдық. Біздің барлық іс-әрекетімізді бизнес бақылап отырды, кәсіпкерлер міндет орындалды дегеннен кейін ғана өзімізге оны шынында да орындалды деп белгілеп отырдық», - деп атап көрсетті Антон Силуанов. Сөйтіп, көптеген, соның ішінде коммуникацияларға қосылу, мүліктерді тіркеу, құрылыс салуға рұқсат алу және басқа салалардағы мәселелер шешілді. Қазір билік бұл тәжірибесін Ресей өңірлеріне таратуда.

РФ Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ әріптестерін бизнес-климатты бірлесіп жақсартуға шақырды. «Біз бойына таңдаулы практиканы сіңірген ортақ, байланыстыратын бірыңғай нормативтік актілерді көп қабылдаған сайын, кәсіпкерлік үшін соғұрлым жақсы жағдайлар жасай түсеміз», - деп түйіндеді Ресей вице-премьері.

Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян интеграциялық әсерлердің маңыздылығын, атап айтқанда Иранмен келісім ЕАЭО-ға Армения арқылы орасан зор нарыққа шығуға жол ашатынын, Арменияда қолданылатын Еуроодақпен GSP+ кедендік преференциялар режимін, сондай-ақ АҚШ-пен, Жапониямен, Швейцариямен және Норвегиямен GSP режимдерін ескере келгенде, бұдан нәтиже алмаудың мүмкін еместігін атап өтті. «ЕАЭО елдерінің бизнес-қоғамдастығы бұларды сауда төрелігі нысанында да, тікелей екіжақты қатынастар нысанында да пайдалану үшін мүмкіндіктерді міндетті түрде зерделейді. Біз даму, тосқауылдарды жою, рәсімдерді оңайлату мәселелерін қандай бағыттарда көтеру қажеттігін қадағалап отыратын боламыз», - деп мәлімдеді Мгер Григорян.

Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенко ЕАЭО-да брендтерді ілгерілету және қолдампаздық шаралар деп аталатындардан аулақ болу қажеттігін атап көрсетті. «Тұтастай алғанда, біздің компанияларымыздың ЕАЭО нарығында тығыз кооперацияда өзара іс-қимыл жасауы және біздің ортақ брендімізді сыртқы нарықтарда ілгерілетуі үшін Одақ шеңберінде адал бәсекелестік саясат болуға тиіс», - деп санайды Беларусь вице-премьері.

Ол мұның мысалы ретінде Беларусьтің кооперация жөніндегі әріптестері - РФ кәсіпорындарымен бірлесіп жинақтауыштардың шамамен 30-50% жасайтын «Трактор зауыты», МАЗ, БелАЗ сияқты ірі өндірістік компанияларын атады

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин ЕАЭО-дағы экономикалық дамудың жоғары қарқынын атап өтті. «Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда экономиканың өсуі 4,1% деңгейінде тіркелді. Сауданың өсуі ЕАЭО ішінде 15%, үшінші елдермен 23% құрады, - деді Асқар Мамин. - Оң трендке қарамастан, бүгінде біздің экономикаларымыз үшін басты міндеттердің бірі - жетекші институттар болжамдап отырған, алдағы экономикалық өсу бәсеңдеуінің салдарын әлсірету болып табылады». Ол ЕЭК шеңберінде қазірдің өзінде 14 өнеркәсіптік платформа және жұмыс жүргізіліп жатқан 100-ден астам жоба қалыптастырылды деп толықтырды. Оларды іске асыру теріс әсерлерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қырғыз Республикасының вице-премьер-министрі Жениш Разаков ЕАЭО құрамындағы үш жыл ішінде Қырғызстандағы өндіріс көлемі 111% өскенін, бұл ретте отандық шикізатты пайдалануға, өнеркәсіптің жеңіл, өңдеуші, кен өндіру және басқа маңызды салаларына ерекше көңіл бөлініп отырғанын хабарлады. ЕАЭО-дағы екі жылдық жеңілдікті кезең Қырғызстанға тоқтап тұрған немесе тоқтатылған өндірісті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Елдің ЕАЭО-ға кіруі тауарлардың 166 атауын әкелу кезінде тарифтік жеңілдіктерді қамтамасыз етті, бұл оң серпінге, инвестициялық жобаларды іске қосуға ықпал етеді. Ресей-Қырғыз даму қоры өте тиімді жұмыс істеуде. Қырғызстан аумағында орта және шағын бизнестің жалпы сомасы 250 млн долл. асатын 750-ден астам жобасы іске асырылуда. «Тұтастай алғанда ЕАЭО-ға қатысу бізге белгілі бір перспективаларды беруде және өндірісте, тауарлар экспортында тұрақтылыққа жеткізуде», - деп түйіндеді Жениш Разаков.

Анықтама
«Еуразиялық апта» форумы - ЕАЭО елдері мен ЕЭК өткізетін жыл сайынғы іс-шара. Форумды өткізу бастамасы 2015 жылғы мамырда Одаққа мүше мемлекеттердің бес премьер-министрінің шешімімен бекітілді. Іс-шара іскерлік және көрмелік бөліктерді қамтиды, B2B- және B2G-байланысуларын қамтиды.

Форум бірінші рет 2016 жылғы қазанда Мәскеудің «Ашық инновациялар» халықаралық форумы алаңында болды. Екінші форум 2017 жылғы тамызда Астанада ЭКСПО алаңында өтті. Форумда жыл сайын ЕАЭО елдері мен үшінші елдерден 2000-нан астам қатысушы бас қосады.