Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО мемлекеттерінің салық жүйелеріне шолу дайындады

ЕЭК ЕАЭО мемлекеттерінің салық жүйелеріне шолу дайындады

обзор.jpg
22.10.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Қаржы саясаты департаменті «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің салық жүйелеріне шолу» баяндамасын ұсынды. Шолуда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің: Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының ұлттық заңнамасына өзгерістер қаралады. Бұдан басқа, олардың салық жүйелерінің жай-күйі талданады, негізгі салықтардың ставкалары және басқа ақпараттық-анықтамалық материалдар келтіріледі.

ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов оқырмандарға қайырыла келіп, салық заңнамасы – бұл нормалары ұдайы жетілдіріліп отыратын құқық саласы екенін, осы ретте Комиссия бұл саладағы мүше мемлекеттер заңнамасының өзгерістеріне мониторинг жүргізетінін және өзекті мәселелерді қарап отыратынын атап өтеді.

 

«ЕАЭО туралы шарт жанама салық салудың негізгі қағидаттарын: жанама салықтар саласындағы ұлттық режимді, неғұрлым сезімтал жекелеген тауарларға акциздер ставкаларын үндестіруді, жанама салықтарды әкімшілендіруді жетілдіруді, межелі елі қағидаты бойынша тауарлар саудасына ҚҚС салуды, сондай-ақ жұмыстар мен қызметтер көрсетуді іске асыру орны бойынша белгілеп берді, - деп атап өтті Тимур Жақсылықов. - Егер ЕАЭО-дағы салықтық үндестіру туралы айтатын болсақ, онда жанама салық салу тәсілдемелерін біріздендіру мәселелерінде айтарлық ілгерілеу бар екені атап өтуге тұрады. ҚҚС-тың елдердегі әртүрлі ставкасы, бәрінен бұрын, экономикалық жүйелердің (конъюнктуралық (шикізаттық) және құрылымдық (өнеркәсіптік) құраушылардың арақатынасы), сондай-ақ жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың әртүрлілігімен түсіндіріледі. Бұл ретте мүше мемлекеттердің салықтық егемендігі бар екенін атап өту өте маңызды».

 

Тимур Жақсылықовтың пікірінше, Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпарат алмаск саласындағы аса маңызды міндеті – тиімді алмасуды жолға қою, барлық ағынды онлайн-режимге тезірек көшірудің мүмкіндігін жасау. 

«Салық органдары арасындағы ақпаратпен электрондық алмасуды жақсартудан басқа, салық органдарының сервистік функцияларын одан әрі дамыту, мысалы, тауарларды әкелу және жанама салықтар төлеу туралы өтініштер мәртебесін онлайн-тексеруді белсендірек ендіру қажет. Бұл барлық әрекеттер кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға бағытталуға тиіс», –  деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

Басылымды дайындау кезінде статистикалық және талдамалы деректер пайдаланылды, ЕАЭО елдерінің салық саласындағы нормативтік құқықтық базасының бүкіл көлеміне талдау жасалды, сондай-ақ ЕАЭО шеңберіндегі өзара сауда барысында пайда болған нақты жағдаяттар қаралды.

Шолу бизнестің әртүрлі саласының мамандары үшін, қайта даярлықтан өтуші немесе біліктілігін көтеруші қызметкерлер үшін қызығушылық тудыратын бірқатар практикалық мәселені қамтиды.

Сондай-ақ шолу ұйымдардың сыртқы экономикалық қызметті жүргізу кезіндегі салық салу ерекшеліктерін зерделей бастаған студенттер мен зерттеушілерге де пайдалы болады.

Басылымға ЕАЭО туралы шарттан (XVII бөлім «Салықтар және салық салу»), оған № 18 қосымшадан«Тауарлар экспорты мен импорты, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттама» көшірме үзінділер кірістірілген.