Жүйеге кіру
2019 жылғы қаңтар-тамызда ЕАЭО-ның Моңғолиямен тауар айналымы 15% артты

2019 жылғы қаңтар-тамызда ЕАЭО-ның Моңғолиямен тауар айналымы 15% артты

22.10.2019

21 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) штаб-пәтерінде Комиссия мен Моңғолия Үкіметі арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобының үшінші отырысы болып өтті. Топтың тең төрағалары – ЕЭК-тің Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Сергей Глазьев пен Моңғолия Сыртқы істер министрінің орынбасары Батмонхийн Батцэцэг – тараптардың Ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберінде өнімді диалогты өсірудің стратегиялық мақсаттарына берілгендігін растады.

 

Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттері мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу әріптестік пен өзара түсіністік рухында, іскер әрі сындарлы жағдайда өтті.

«Бізде байланысудың және тұтастай алғанда, ынтымақтастықтың жақсы практикасы қалыптасты. Моңғолия – ЕАЭО үшін дәстүрлі әріптес және бүгін біз бұл үйреншікті байланыстардың жаңа шындыққа қалай бейімделіп жатқанының куәсі болып табыламыз, бұл бізге песпективаға арнап өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», –  деп мәлімдеді Сергей Глазьев. - Үлкен Еуразиялық әріптестік тұжырымдамасы бойынша пікірсайыс белсенді бағыт алып келеді. Нақ осы призма арқылы біз енді басқа да әріптес елдермен және интеграциялық бірлестіктермен ұштасуды қараймыз. «Дала жолы» жобасы арқылы Моңғолия өз кезегінде ЕАЭО-мен ұштасып жатқан «Бір белдеу – Бір жол» бастамасына қосылады».

 

2019 жылғы қаңтар-тамызда ЕАЭО елдерінің Моңғолиямен тауар айналымы 15,1%, 1,2 млрд АҚШ долл.дейін артты. Алайда, ЕЭК министрі атап көрсеткендей, тауар айналымының көлемі әлеуетті мүмкіндіктерге сәйкес келмейді. Сергей Глазьев Комиссияның ЕАЭО мен Моңғолия бизнесі арасындағы ынтымақтастықты оңайлатуға жәрдемдесуге барынша әзір екенін атап өтті. Осыған байланысты жаңа кооперациялық байланыстар орнату үшін жұмыс тобы пішімінде өзара іс-қимылға кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту ең маңызды міндет болып табылады.

 

Өз кезегінде Батмонхийн Батцэцэг «жұмыс тобының үшінші отырысы Моңғолияның Одаққа деген орнықты мүддесін және үйлесімді, өзара пайдалы және кемсітушіліксіз ынтымақтастық аймағы деп түсінілетін өркендеген өңір құру жөніндегі қабылданып жатқан күш-жігерді ескере отырып, Моңғолия мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық байланыстарының дамуына жаңа серпіліс береді» деп сенім білдірді.

 

Моңғолия Сыртқы істер министрінің орынбасары Моңғол үкіметінің экономиканы әртараптандыру, инвестициялық климат пен іскерлік ортаны жақсарту, сондай-ақ өнеркәсіптің өңдеуші салаларын қолдау жөнінде қабылдап жатқан шаралары оң нәтижелер бергенін әңгімеледі. Ол моңғол экономикасының соңғы жылдарда қол жеткізген табыстары туралы айтты: 2017 және 2018 жылдары ЖІӨ тиісінше 5,3% және 7,2% құрады, сыртқы сауда айналымы өткен жылы 20% өсті және 13 млрд АҚШ долл. асты, шетелдік инвестициялар көлемі 18% (2,5 млрд АҚШ долл. дейін) артты.Үстіміздегі жылы да оң серпін сақталуда. Моңғол Үкіметінің басымдықтары – ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік инфрақұрылымын дамыту.

 

Жұмыс тобының отырысына ЕЭК бейінді департаменттерінің өкілдері, Моңғолияның ресми адамдары мен іскер топтары, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің, сондай-ақ Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) және ЕАЭО Іскерлік кеңесінің өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйін, тауар айналымын арттыру және өзара саудадағы теңгерімсіздікті еңсеру жолдарын талдады, іс-қимылдың 2017–2018 жылдардағы бірлескен жоспарын іске асыруды қарады, техникалық реттеу, СФС-шараларды қолдану, кедендік реттеу,бизнес жүргізу ерекшеліктері сияқты салалардағы, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Моңғолияның өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары және басқа бірқатар бағыттардағы жұмыс тәжірибесімен алмасты.

 

Моңғолияның Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Отгондаваа Амартувшин палатаның иелігінде бар тауар айналымын өсіруді ынталандыру құралдары туралы, сондай-ақ саудадағы тосқауылды азайту қажеттігі және экспорт-импорт операцияларын қаржыландырудың жаңа мүмкіндіктерін іздеу туралы айтты.

 

Сауда операцияларын қаржыландыру саласының және бірлескен жобалардың тар жерлерін ажыратудың жаңа тәсілдерін іздеу тақырыбы Еуразиялық даму банкінің Интеграциялық зерттеулер орталығы басшысы Андрей Петросьянның сөзінде одан әрі жалғасын тапты. Ол ЕАДБ қаржылық мүмкіндіктері туралы және ұлттық валюталарды пайдаланумен ынтымақтасуға әзірлік туралы әңгімеледі.

ЕАЭО Іскерлік кеңесі хатшылығының бас директоры Станислав Наумов кеңес тарапынан Одақ пен Моңғолия кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылын практикалық жолмен қолдауға әзірлікті білдірді. Ол ЕАЭО-ның бизнес-миссиясымен үстіміздегі жылғы қарашада Моңғолияда болу жоспары туралы хабардар етті. Басты назарда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы және басқалар саласындағы өзара іс-қимыл болады деп күтілуде. Бұдан басқа, Станислав Наумов желтоқсанда Мәскеуде «ЕАЭО – Моңғолия» бизнес-форумы жоспарланып отырғанын хабарлады, оның барысында моңғолдық кәсіпкерлер өз өнімдерінің Одақтың бірыңғай нарығындағы перспективасын жете зерделей алады. ЕАЭО Іскерлік кеңесінің өкілі Моңғолияның СӨП-ке Іскерлік кеңестегі қауымдастырылған мүше мәртебесін бере отырып, онымен тікелей іс-қимылды түзуге дайындығы туралы хабарлады.

 

Жұмыс тобы отырысының нәтижесі ЕАЭО мен Моңғолияның өзара іс-қимылын тереңдету және жүйелендіру жөніндегі нақты қадамдарды тұжырымдау болды. Тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамытудың мүмкіндіктерін қосымша зерделеу жөнінде бірлескен талдау жұмысын жүргізуге, ЕЭК пен Моңғолия Үкіметі арасындағы 2020–2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге, Моңғолия мен Одақ елдерінің банктерін ұлттық валюталардағы операцияларға белсенді түрде тартуға, ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасында еркін сауда аймағын құру мәселесін зерделеуді жалғастыруға уағдаласты.

 

Тараптар жұмыс тобының келесі отырысын 2020 жылғы шілде-тамызда Моңғолияда өткізуге уағдаласты.

 

Анықтама

2018 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Моңғолиямен тауар айналымы 20% (1,8 млрд АҚШ долл. дейін, соның ішінде экспорт – 20,5% – 1,7 млрд АҚШ долл. дейін, импорт – 6,2% – 46,6 млн АҚШ долл. дейін) артты. Моңғолияға ЕАЭО экспорты артуының басты драйвері минералдық отын, металл және одан жасалған бұйымдар, сондай-ақ азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы шикізаты жеткізілімдері болды. Моңғолиядан импорт ең бастысы азық-түлік тауарлары мен тоқымадан басқа, ауыл шаруашылығы шикізаты әкелімінің (жылқы еті, сиыр еті, еттен жасалған мұздатылған, дайын немесе консервіленген бұйымдар, шұжықтар), сондай-ақ минералдық өнімдердің (дала шпаты, вольфрам кені және концентраттар) өсуі арқасында артты.

2019 жылғы қаңтар-тамызда тауар айналымы 15,1% (1,2 млрд АҚШ долл. дейін), соның ішінде экспорт – 16% (1,1 млрд АҚШ долл. дейін) артты, ал импорт 17,1% (23,4 млн АҚШ долл. дейін) қысқарды. Экспорттың артуының негізгі себебі – минералдық отын, сондай-ақ машиналар, жабдықтар мен көлік құралдары жеткізілімдерінің өсе түсуі. Моңғолиядан импорт азық-түлік тауарлары мен тоқымадан басқа, ауыл шаруашылығы шикізатының әкелімі құлдырауы салдарынан қысқарды.

 

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Моңғолия Үкіметі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға 2015 жылғы 17 маусымда қол қойылды. Меморандумға сәйкес тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласында, бәсекелестік және сауда саясаты, техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар мәселелерінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.