Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Тосқауылсыз сауда жағдайларын жасау - ЕАЭО мен ҚХР арасында техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды шарты»

ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «Тосқауылсыз сауда жағдайларын жасау - ЕАЭО мен ҚХР арасында техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды шарты»

22.10.2019

Халықаралық электр техникалық комиссияның Бас ассамблеясы отырысы шеңберінде 21 қазанда Шанхайда (Қытай) ҚХР Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқару вице-министрі Тиан Шихонгпен жұмыс кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко: «Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру шеңберінде техникалық реттеу саласында, бәрінен бұрын тараптарда өндірілген өнімді нарыққа жіберу рәсімдерін оңайлату жөнінде жүзеге асырылатын үлкен жұмыс күтіп тұр», –  деп мәлімдеді.

 

ЕЭК министрі бұл ынтымақтастықты тереңдетуді ұйымдастыра алатын құрылым нақ осы Еуразиялық экономикалық комиссия болады деген сенім білдірді. «ЕАЭО елдері ЕЭК-тің қатысуымен ҚХР-мен сауда-экономикалық қатынастарын құрған кезде техникалық реттеу саласында ортақ қағидаттар мен тәсілдемелер тұжырымдағаны өте маңызды, –  деп атап көрсетті Виктор Назаренко. – Комиссия мұндай қызметтің үйлестірушісі болуға тиіс».

 

Биылғы 25 қазанда күшіне енетін ЕАЭО мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың нысандары мен бағыттарын талқылай келіп, Виктор Назаренко Тиан Шихонгтың назарын техникалық реттеу мәселелерін қарайтын басқарудың құзыретті органдарын және басқа құрылымдарды айқындауға аударды. Келісім шеңберінде саудадағы техникалық тосқауылдарды еңсеру жөніндегі ДСҰ-ның тиісті қағидаттарына негізделетін ережелерді іске асыру бұл мәселелер үйлестірілетін Одақтың барлық елінде, ЕЭК-те және Қытайда байланысу пункттерін айқындауды көздейді.

 

Жұмыс кездесуі барысында ЕЭК министрі мен ҚХР Мемлекеттік басқару вице-министрі стандарттау, сәйкестікті бағалау, өнімді, соның ішінде үшінші елдерден келген өнімді нарыққа жіберу салаларындағы өзара мүдделілік білдірілген бірқатар басқа да мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл ретте тараптар тиісті салалардағы халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысу кезінде позицияларды өзара қолдаудың маңыздылығын растады. ЕЭК өкілдері бұл күндері Шанхайда өтіп жатқан, әлемнің 50-ден астам елінен келген төрт мыңнан астам маман қатысып отырған ХЭК Бас ассамблеясының отырыстары мен іс-шараларының жоғары деңгейде ұйымдастырылуын атап өтті.

 

Стандарттау мәселелерін талқылау кезінде тараптар бұл бағыттың елдер нарықтарында айналыста жүрген өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана емес, сол сияқты оның сапасын арттыру, сондай-ақ инновациялық өнімдердің жаңа түрлерін жасау үшін де маңызды екенін атап көрсетті.

 

Тиан Шихонг ЕЭК өкілдерін ҚХР-да «Стандарттау – 2035» стратегиясын әзірлеу басталғанынан хабардар етті. Бұл стратегияның негізі – мемлекеттің қолдауымен бизнес пен өнеркәсіпті стандарттау жөніндегі жұмысқа барынша тарту қағидаты. Бұл ретте вице-министр Қытай тарапының Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің стандарттау саласындағы тәжірибесін ескере отырып, стратегия жобасын әзірлеу кезінде пайдалануға болатын ЕАЭО елдері мен ЕЭК-тің тиісті ұсыныстарына мүдделілігін атап көрсетті.

Өз кезегінде ЕЭК министрі ҚХР-дің техникалық реттеу саласында стандарттар қолдану тәжірибесін зерделеуге деген мүдделілікті білдірді және қытайлық әріптестерінің бұл бастамасын қолдады.

 

Қытай тарапының өкілдері сондай-ақ ҚХР-дағы басқару органдарының реформасы, соның ішінде үшінші елдердің өнімін әкелуге және нарыққа жіберуге бақылауды қамтамасыз ететін ведомстволарға да қатысты болғанын атап өтті. Бұл ретте жіберу рәсімдерін айтарлықтай дәрежеде тауарлардың өзіндік ерекшеліктері айқындайды. Атап айтқанда, ҚХР нарығына жіберу жөніндегі неғұрлым қатаң талаптар тамақ және электр техникасы өнімдеріне, балаларға арналған тауарларға қатысты ұсынылады. Осыған байланысты екі тарап әртүрлі мемлекеттік органдардың өнімге қойылатын талаптарының қосарласуын жоюдың маңызын атап өтті, бұл оны нарыққа жіберу үшін рұқсат ету құжаттарын алу рәсімін оңайлатуға мүмкіндік береді.

 

Виктор Назаренко мен Тиан Шихонг техникалық реттеудің барлық аспектісі бойынша, соның ішінде Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы бойынша ЕАЭО елдері мен ҚХР-дың өзара іс-қимылын жандандыруды ескере отырып, бірлескен диалогты жалғастырудың маңыздылығын растады.