Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Вероника Никишина: «Германия ЕАЭО-ның маңызды сауда-экономикалық әріптесі болып табылады»

ЕЭК министрі Вероника Никишина: «Германия ЕАЭО-ның маңызды сауда-экономикалық әріптесі болып табылады»

22.10.2019

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина Нұр-Сұлтанда (Қазақстан Республикасы) өткен неміс бизнесінің «Еуразиялық экономикалық одақ: маңызы, жетістіктері, даму перспективалары» III халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінде практикалық инвестициялық жобаларды іске асырудағы герман бизнесінің елеулі рөлін атап өтті.

ЕЭК министрі Еуразиялық экономикалық одақтың жетістіктері туралы айтты, сондай-ақ екі интеграциялық бірлестіктің мүше мемлекеттерінің бизнесі үшін қолайлы әрі әділетті жағдайлар жасау жөнінде ЕАЭО мен ЕО арасындағы диалогты жолға қою және Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыруға оралу жайында айтты.

 

«Біз бірнеше тақырыптама бойынша мұндай диалогты бастадық және бизнесіміздің сауалына сәйкес олардың санын біртіндеп кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Таяу уақытта алғашқы техникалық консультациялар кедендік әкімшілігін жүргізу, тауарлардың шығарылған жерін растау және техникалық реттеу мәселелеріне арналатын болады», –  деп атап өтті Вероника Никишина.

 

ЕЭК министрі Германия бизнесіне Еуразия және Тынық мұхит елдері өңірлерін нысанаға ала отырып, жаңа өндірістер құру әлеуеті және қосылған құн тізбегін қалыптастыру тұрғысынан Еуразиялық экономикалық одақтың артықшылығын қарауды ұсынды. Бұл ретте 2018 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік инвесторлар арасында Германия Беларусь Республикасында 6-орында, Ресей Федерациясы мен Армения Республикасында 8-орында, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасында 13-орында.

 

Вероника Никишина ЕАЭО мен Германияның өзара тауар айналымының алдағы өсуіне үміт білдірді. Өткен жылы ол Еуразиялық «бестік» елдерінің сыртқы тауар айналымында Қытайға ғана орын беріп, жетекші позицияға ие болды (65,5 млрд АҚШ долл. немесе айналымнан 8,7%). 2019 жылдың алғашқы сегіз айы ішінде 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тауар айналымының орта есеппен 12,5% құлауы байқалуда, ЕАЭО-дан экспорт 16,8%, ал импорт 7,4% қысқарды. Бұл ретте ЕАЭО тауарлары экспортына бұл бөлікте негізгі тауар бағыттары мен тауар позициялары бойынша құлдырау теріс әсер етті: минералдық өнімдер бойынша құлдырау 18,4% құрады; металдар экспорты 24,4%, машиналар мен жабдықтар - 1%; химия өнеркәсібі өнімдері мен каучук экпорты 8%; өзге де тауарлар 15% қысқарды.

 

Пікірсайыстың маңызды мәселелері агроөнеркәсіптік саланы цифрландыру және кеден мәселелеріндегі ынтымақтастық болды. Кездесуге қатысушылар сондай-ақ экспорттық әлеуетті және өзара пайдалы кооперациялық әрі инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

 

Сондай-ақ конференцияға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Александр Шпаак, Ресей-Германия сыртқы сауда палатасы басқармасының төрағасы Маттиас Шепп, Неміс экономикасының Беларусь Республикасындағы өкілдігінің басшысы Владимир Августинский және ірі неміс компанияларының өкілдері қатысты.