Жүйеге кіру
Тигран Саркисян: «Бес жыл ішінде біз ЕЭК-те сенім ахуалын қалыптастыруға қол жеткіздік»

Тигран Саркисян: «Бес жыл ішінде біз ЕЭК-те сенім ахуалын қалыптастыруға қол жеткіздік»

22.11.2019
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян 21 қарашада Ресей СІМ Дипломатиялық академиясының Жоғары дипломатиялық курстарының тыңдаушыларына арналған лекция барысында айтып берді.

Тигран Саркисян Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) жұмыс істеуіне, Одақта шешім қабылдау жүйесіне және ЕЭК жұмысына тоқталды. Атап айтқанда, ол мемлекеттер көлеміне және басқа да факторларға қарамастан, Одақтағы шешімдер консенсуспен қабылданатынын атап көрсетті.

«ЕАЭО - демократиялық түрде құрылған бірлестік. Барлық шешімдер тек Алқа деңгейінде ғана емес, департаменттер деңгейінде де тең өкілдік қағидаттарында консенсуспен қабылданады. Комиссияда барлығы 25 департамент, әр елден бес басшы бар. Бұл сенім атмосферасын қалыптастыру үшін жасалды және бес жыл ішінде біз бұған қол жеткіздік», – деп атап өтті Тигран Саркисян. Ол өз сөзін ЕАЭО мүшелігінің арқасында әрбір ел тек қана ұтады, өйткені бүкіл Одақ үшін міндетті шешімдер қабылдауға мүмкіндігі бар, деп толықтырды.

ЕЭК Алқасының Төрағасы халықаралық ынтымақтастыққа көбірек көңіл бөлді. Одақ мемлекеттерінің президенттері Комиссия еркін сауда аймағы (ЕСА) туралы келісімдер жасасу бойынша жұмыс жүргізетін басым елдерді анықтады: Үндістан, Мысыр, Иран, Сингапур, Израиль және Сербия. Сингапурмен және Сербиямен келісімге қол қойылды, Иранмен ЕСА құруға алып келетін Уақытша келісім қолданылуда. Тигран Саркисян Вьетнаммен жасалған ЕСА туралы алғашқы келісімнің нәтижесінде сауда айналымының 60% артқанын атап көрсетті. Бұдан басқа, Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім күшіне енді. ЕЭК АСЕАН, МЕРКОСУР және Африка одағы сияқты бірлестіктермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты.

Аудиторияның Еуропалық одақпен (ЕО) қарым-қатынас туралы сұрағына жауап бере отырып, Тигран Саркисян екі бірлестіктің арасында техникалық диалог бар екенін атап өтті. «Біз стандарттарды, регламенттерді үндестіру үшін өзара іс-қимыл жасауға тиіспіз, бұл соның ішінде біздің бизнесіміз үшін қажет. Біз ең үздік әлемдік тәжірибелерді ендірудеміз және қазірдің өзінде кейбір бағыттар бойынша Еуропалық одақ біздің атқарымдарымызды негізге алуға көз жеткізіп отыр»,- деді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Тигран Саркисян сондай-ақ Одақ шеңберіндегі интеграцияны тереңдету және өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары туралы сұрақтарға жауап берді. «Біз Еуразия континентін біріктіреміз, біз Азия мен Еуропа арасындағы көпір болып табыламыз және бұл факт біздің бірлестігімізге деген қатынасты сындарлы ете түседі», – деп түйіндеді Тигран Саркисян.