Жүйеге кіру
ЕЭК ҚҚС алу жүйесін жетілдіру үшін ведомствоаралық электрондық сервистерді ендіруді ұсынады

ЕЭК ҚҚС алу жүйесін жетілдіру үшін ведомствоаралық электрондық сервистерді ендіруді ұсынады

22.11.2019
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов Мәскеуде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің салық қызметі басшыларының үйлестіру кеңесінің (СҚБҮК) отырысында мәлімдеді.

«Салық салу жүйесін дамытуға цифрлық экономиканың әсері» сессиясына қатысушылар ЕАЭО кеңістігінде цифрлық трансформация әлеуетін пайдалану мәселелерін, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мүмкіндіктерін, сондай-ақ салық төлеу процесін оңтайландырудың әлемдік перспективаларын талқылады.

Тимур Жақсылықовтың сөзінше, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің бизнесі ҚҚС алумен байланысты қиындықтарға тап болуда. Оларды шешу үшін Комиссия ақпараттық технологияларды қолдана отырып, өзара саудада ҚҚС алу жүйесін жетілдіруді ұсынады.

«Бірінші кезекте салық органдарының, соның ішінде кеден қызметтерімен, ұлттық (орталық) банктермен және Одақ мемлекеттерінің басқа да уәкілетті органдарымен өзара іс-қимылының жеделдігін арттыру қажет, - деп атап көрсетті Тимур Жақсылықов. - Бұл мақсаттарға интеграцияланған ведомствоаралық электрондық сервистерді енгізу есебінен қол жеткізуге болады, олар салық төлеуші-экспорттаушыға салықтарды төлеу үшін қажетті құжаттар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді».

Сессияға қатысушылар салықтық әкімшілендірудегі цифрландырудың негізгі трендтерін атап өтті, олар: СЭҚ қатысушыларын сәйкестендіру, электрондық ілеспе құжаттарды ендіру және оларды ЕАЭО мемлекеттерінде өзара тану, салық органдарының электрондық сервистерін жаңғырту арқылы әкімшілендіруді оңайлату, ортақ ақпараттық жүйе арқылы олардың арасында ақпарат алмасуды жетілдіру, электрондық саудаға салық салудың тұжырымдамалық тәсілдемелерін қалыптастыру.

Негізгі тезис салық төлеуден жалтаруға қарсы күресу және елдердің салық әкімшіліктерінің мүмкіндіктерін күшейту үшін халықаралық күш-жігерді біріктіру болды. Сондай-ақ, салық органдарының жұмысында қолданылатын технологиялық шешімдерде үлкен серпіліс байқалды.

«Салықтық әкімшілендіру саласында ендіретін барлық цифрлық инновациялар салық төлеуден жалтарудан құтылуға көмектеседі және ЕАЭО-да анық әрі ашық салық жүйесін құруға алып келеді. Салық қызметтерінің күш-жігерін біріктіріп қана үлкен экономикалық нәтижелерге қол жеткізуге болады», - деді Тимур Жақсылықов.

Отырысқа Федералдық салық қызметінің басшысы Михаил Мишустин, қаржы ведомстволарының, халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Дүниежүзілік сауда ұйымының, Дүниежүзілік банктің, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ), Халықаралық салық әкімшіліктері ұйымының (IOTA) өкілдері қатысты. Кездесу барысында тараптар осы ұйымдардың салық саясаты және салықтық әкімшілендіру мәселелері бойынша Комиссиямен одан әрі ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.​