Жүйеге кіру
«Антиконтрафакт-2015» III Халықаралық форумына қатысушылар ЕАЭО-да зияткерлік меншікті сақтаудың және қорғаудың Стратегиясын талқылады

«Антиконтрафакт-2015» III Халықаралық форумына қатысушылар ЕАЭО-да зияткерлік меншікті сақтаудың және қорғаудың Стратегиясын талқылады

17.12.2015

16 желтоқсанда Минскіде «Антиконтрафакт-2015» III Халықаралық форумының шеңберінде «Еуразиялық экономикалық одақта зияткерлік меншік құқықтарын сақтау, қорғау және пайдаланудың Стратегиясы. ЕАЭО параллельді импортты заңдастырудың өзекті мәселелері» атты тақырыптық секция өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырған Еуразиялық экономикалық комиссия.

Секцияны Еуразиялық экономикалық комиссиясы Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа Мүшесі (Министр) Тимур Сүлейменов ашты. Комиссияның өкілі өзінің алғы сөзінде зияткерлік меншік саласындағы ЕЭК жұмысының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Іс-шараның модераторы ЕЭК Кәсіпкерлік қызметті дамыту Департаменті директорының орынбасары Самат Әлиев болды. Секцияның жұмысына Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріндегі мемлекеттік органдардың, ғылыми топтардың және бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.

Комиссия мен Экономикалық стратегиялар Институтының қызметкерлері Еуразиялық экономикалық одақтағы зияткерлік меншікті сақтау, қорғау және пайдалану Стратегиясының жобасын ұсынды, әрі оның негізгі ережелері жайлы айтып берді.

Құжат ЕАЭО елдерінің зияткерлік меншік бойынша ұлттық жүйелерінің түйістірілуі және соның негізінде Одақтағы елдердің экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату мақсатында дайындалды.

Стратегияның негізгі бағыттары:

- инновациялық және өнертапқыштық белсенділікті ынталандыру, ЕАЭО мемлекеттерінде жаңадан инновациялық кәсіпорындардың құрылуын жеделдету;

- зияткерлік меншік нысандарының Ғаламтор желісінде пайдаланылуын реттеуді жетілдіре түсу;

- ЕАЭО-да тауар атауларын және шығарылған орын атауларын тіркеудің қағидаларын үйлестіру;

- зияткерлік меншік саласындағы қорғау механизмдерін жетілдіру және заң бұзушылықтарға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралардың кешенін ұлғайту;

- құқықтық іс жүргізу тәжірибелерін жетілдіру;

- зияткерлік меншік саласында мамандарды даярлау және басқалары болып табылады.

Іс-шараға қатысушылар Стратегияның негізгі бағыттарын және оның іске асырылу механизмдерін, ұлттық стратегиялардың үйлестірілуін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақта тауар белгісіне құқықтың шектелу қағидатын одан әрі қолдану мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде, Беларустың, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарының сарапшылары, ғылыми және бизнес-қоғамдастықтары Стратегияның жобасын жетілдіру жөнінде ұсыныстарын берді. Олар Одақ елдерінің инновациялық дамуына және зияткерлік меншік нысандарын коммерцияландыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға қатысты болып отыр. Стратегия жобасындағы 2025 жылға дейінгі кезеңде зияткерлік меншік саласындағы қызметтің нәтижелерін бағалаудың негізгі индикаторлары талқыланды.

Жалпы құжат секцияға қатысушылардың жоғары бағасына ие болды. Әсіресе, Беларусь Республикасы Ұлттық Зияткерлік меншік орталығының Бас директоры Петр Бровкин Одақтағы мемлекеттердің ұлттық стратегияларының мақсатты бағдары ретінде Стратегия жобасының маңыздылығы мен өзектілігін атап айтты.

Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Депутаты Татьяна Москалькова Одақ елдеріндегі заңнамалардың ережелерін біріздендіру бойынша бірқатар ұсыныстарын енгізді. Олар контрафактілік тауарлардың айналымына қарсы әрекет ету саласындағы тиімді құқықтық іс жүргізілуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ инновациялық жаңалықтарға мүмкіндік туғызатын ЕАЭО елдеріндегі ғылыми-зерттеушілік қызмет саласындағы үйлестіруге және кооперациялануға  бағытталып отыр.

Беларусь Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Президентінің Кеңесшісі Петр Никитенко инновациялық қызметті ынталандырудағы үздік әлемдік тәжірибелерді талдауға негізделетін Стратегияның өзекті сипатын айтып өтті.

Бұдан басқа, секцияда ЕАЭО-да тауар белгісіне айрықша құқықтарының шектелу қағидатын одан әрі қолдану және Комиссия Алқасының жанында құрылған тиісті жұмыс тобы жұмысының нәтижелері туралы мәселелер көтерілді. ЕЭК Кәсіпкерлік қызметті дамыту Департаменті директорының орынбасары Самат Әлиев Комиссия Кеңесінің тапсырмасына сәйкес әзірленген құжаттардың жобалары туралы әңгімелеп берді.Олар ЕАЭО аумағында жекелеген тауар түрлеріне айрықша құқықтарды аймақтық шектелу қағидатын қолданудан алып тастауларды бекіту, яғни «параллельдік» импортты енгізу механизмдерін іске асыру үшін қажет болады.

Секция жұмысының қорытындысы бойынша Стратегияның жобасын жетілдіру және оны Одақтың елдеріне жолдау бойынша ұсыныстар әзірленді. Тауар белгісіне айрықша құқықтың шектелу қағидатын одан әрі қолдану жөніндегі жұмыстар тұрғысында тұтынушылар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау саласындағы ЕАЭО құқығын дамытудың қосымша векторлары айқындалды.