Жүйеге кіру
Моңғолиямен еркін сауда туралы келісім жасасудың орындылығы мәселесі бойынша зерттеушілік топтың алғашқы отырысы жыл аяғына дейін өтеді

Моңғолиямен еркін сауда туралы келісім жасасудың орындылығы мәселесі бойынша зерттеушілік топтың алғашқы отырысы жыл аяғына дейін өтеді

22.09.2020

22 қыркүйекте Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Андрей Слепневтің Мәскеуде ресми сапармен жүрген Моңғолияның Сыртқы істер министрі Нямцэрэнгийн Энхтайванмен кездесуі болып өтті. Андрей Слепнев қонақты таяуда қызметке тағайындалуымен құттықтады және болашақтағы сындарлы өзара іс-қимылға үміт білдірді.

Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты сауда саласында байқалып отырған оң үрдістерді атап өтті, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың қадамдарын белгіледі. Мәселен, 2015 және 2016 жылдардағы кейбір құлдыраудан кейін, соңғы үш жылда оң үрдіс байқалды. 2017 жылдың қорытындылары бойынша тауар айналымы 2014 жылдың көрсеткіштеріне (1,6 млрд АҚШ долл.) жақындады, ал бұдан кейінгі жылдары тиісінше 1,75 және 1,87 млрд АҚШ долл. дейін өсті. Осымен бір мезгілде өзара сауданы әртараптандыруды арттыру үшін жұмыстың кең ауқымы қалып отыр.

Осыған байланысты Андрей Слепнев өз әріптесін ЕЭК Кеңесінің үстіміздегі жылғы 11 қыркүйекте ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы еркін сауда туралы келісімнің келешегін зерделеу жөнінде бірлескен зерттеушілік топ қалыптастыру туралы шешім қабылдағаны жайында хабардар етті. Бұл топтың алғашқы отырысын ағымдағы жылдың аяғына дейін өткізу жоспарлануда. «ЕАЭО мен Моңғолия көрсетіп отырған мүдделілікті ескере келгенде, жұмыстың нәтижесін келесі жылдың өзінде көре аламыз деп ойлаймын», - деп үміт білдірді министр.

Бұл ретте ол зерттеулер жүргізу кезінде де, сол сияқты мүмкін болатын болашақ келісімді дайындау кезінде де басы артық рәсімилеуден аулақ болуды атап көрсетті. «Бұл жерде креативті тәсілдеме талап етіледі, өйткені біз жай ғана бажды төмендету туралы айтып қоймай, нақты жобаларды және оларды іске асыруға ықпал етуді есте ұстауымыз қажет. Ал бізде мұндай жобалар энергетика, көлік, пайдалы қазбаларды өндіру мен инфрақұрылым салаларында аз емес», - деп қорытындылады Андрей Слепнев.​