Жүйеге кіру
ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Министрінің Хатшылық басшысы Асқар Кішкембаев ЕАЭО-дағы қаржылық интеграция туралы айтып берді

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Министрінің Хатшылық басшысы Асқар Кішкембаев ЕАЭО-дағы қаржылық интеграция туралы айтып берді

20.05.2016

19 мамырда Санкт-Петербургте Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесінің (Министрінің) Хатшылық басшысы Асқар Кішкембаев Петербург халықаралық заң форумы шеңберіндегі «Ресейдің қаржылық қауіпсіздігі: тұжырымдамадан жаңа құқықтық форматқа» атты дөңгелек үстелде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы айтып берді.

Асқар Кішкембаев атап өткендей, ЕАЭО мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі қаржылық интеграция болып табылады. Одақ туралы шартқа сәйкес ортақ қаржы нарығы құрылуы тиіс. Қазірдің өзінде тиісті нормативтік құқықтық база қалыптастырылды, қажетті келісімдер дайындалды. Атап айтқанда, мемлекетішілік келісуден өтіп жатқан Қаржы нарықтарындағы қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар туралы келісім жобасы әзірленді. Қаржы саласында ақпарат, соның ішінде құпия ақпарат алмасу туралы келісімге қол қойылды. Құжат мемлекетішілік  рәсімдерден өткен соң күшіне енгізілуі тиіс. Бұдан басқа, қаржы саласында ұлттық заңнаманы үйлестіру жөнінде жұмыс жүргізілуде.

«Еуразиялық экономикалық одақты құру негізіне алынған төрт «еркіндік» қағидатын іске асыру мүше мемлекеттерден экономика және қаржы салаларында келісілген және үйлестірілген саясатты жүзеге асыруды талап етеді, –  деді ЕЭК өкілі. – Әрбір мемлекет өзінің ұлттық нарығын қорғау бойынша шаралар қабылдайтын дағдарысты жағдайда осы міндет ерекше өзекті болады».

ЕАЭО туралы шартта құрамына Одақ елдерінің ұлттық (орталық) банктерінің басшылары  кіретін жекелеген орган шеңберінде үйлестірілген бағамдық саясатты жүзеге асыруға мүше мемлекеттерді міндеттейтін нормалар да қамтылады.

Кедендік-тарифтік және тарифтік емес кедергілер жоқ және бірыңғай кедендік аумақтың жұмыс істеуі жағдайында ұлттық валюталардың бағамдары ЕАЭО ортақ нарығында тауарлардың, жұмыстардың және қызметтер көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін елеулі маңызға ие, - деп сенім білдіреді Асқар Кішкембаев. Бұдан басқа, Одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру үшін валюта бағамы ауытқуының және пайыздық мөлшерлемелерді болжалды болуының маңызы зор, ол нарыққа қатысушыларға өз қаржылық тәуекелдерін бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

ЕЭК өкілінің айтуы бойынша, Комиссия ЕАЭО мемлекеттерінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жүйесін қалыптастырудың мүмкіндігі мен орындылығын қарастыруды ұсынады. Осындай тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі қызметті институционалдыру Одақ елдерінің қаржы министрліктері, экономика министрліктері және ұлттық (орталық) банктері басшылары, сондай-ақ ЕЭК Алқасы мүшелері деңгейіндегі тұрақты жұмыс істейтін Кеңесші орган немесе Кеңес нысанында жүзеге асырылуы мүмкін.

Кеңестің қызметі ЕАЭО шеңберінде валюталық-қаржылық тетіктер мен есептеу-төлеу жүйесін қалыптастыруға әрі жетілдіруге ықпал ететін болады және нәтижесінде қатысушы елдердің қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға, олардың орнықты экономикалық өсуі үшін жағдай жасауға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға септігін тигізеді.

«Одақ елдерінің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің аса маңызды бағыты қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және қолма-қол ақша қаражатын алып өткен кезде терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдау болып табылады, – деді Асқар Кішкембаев. – Осы салада ақпарат алмасу туралы келісім жобасы әзірленді. Ол ЕАЭО елдеріне мемлекетішілік келісуге жолданды».

Одақ мемлекеттерінің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, ЕЭК өкілінің пікірі бойынша, салық саласында тиісті құқықтық жағдайды қалыптастыру да айтарлықтай рөл атқарады. Атап айтқанда, күн тәртібінде қатысушы елдермен өзара саудада салық саясатын үйлестіру және жанама салық салуды әкімшілендіру, неғұрлым сезімтал акцизделетін тауарлар бойынша акциз мөлшерлемелерін үйлестіру мәселелері тұр.

Осы мақсатта ЕАЭО туралы Шарттың «Салық және салық салу» бөлімі және оған Хаттама әзірленді, онда осы салада мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылы, жеке тұлғалардың табыстарына салық салу, жанама салықтарды өндіріп алу қағидаттары, тауарлардың экспорты және импорты кезінде, жұмыстар және қызметтер көрсету орындалған кезде олардың төленгенін бақылау тетіктері жазылған.

Өркениетті нарық құру, шекара маңында заңсыз және бақыланбайтын сауда көлемін барынша азайту мақсатында ЕАЭО мемлекеттерінде алкоголь және темекі өнімдеріне арналған акциздер саласында салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісім жобасы дайындалды. Құжаттар жақын арадағы бес жыл ішінде алкогольге және темекіге акциздер мөлшерлемелерін үйлестіру (жақындату) есебінен Одақтың акцизделетін өнімдерінің бірыңғай нарығын қалыптастыру үшін жағдай жасауға арналған. Нәтижесінде акциздер кезең-кезеңмен елеулі түрде жақындатылатын болады. Келісімдер жобаларын ЕЭК Алқасы мақұлдап, мемлекетішілік келісуге жолдады.