Жүйеге кіру
ЕЭК Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығымен ынтымақтастықты дамытуда

ЕЭК Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығымен ынтымақтастықты дамытуда

23.05.2017

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Олег Артамонов Батумиде (Грузия) өткен «Грузияның және Еуразия елдерінің зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру жүйелерін дамыту перспективалары» атты конференцияда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың әзірленіп жатқан жобасының негізгі ережелерін таныстырды. Іс-шараны Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығы Грузияның Әлеуметтік қызмет көрсету агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды. 

Конференцияға ТМД, Балтық, Еуропа елдерінің зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қауымдастықтарының, мемлекеттік органдарының және бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты. 

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесінің (министрдің) көмекшісі Самат Алиев Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығын 25 жылдығымен құттықтап, мүше мемлекеттердің еңбекшілерін әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыруды іске асыру маңызды әлеуметтік мәселе болып табылатындығын атап өтті. «Комиссия біздің елдеріміздің орнықты дамуы үшін жағдайлар жасау және халықтың әлеуметтік қорғалуы деңгейін арттыру мақсатында қауымдастықпен және оның мүшелерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдіреді», – деп атап айтты Самат Алиев.

ЕЭК Еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Олег Артамонов өзінің сөзінде тыңдармандардың назарын «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде еңбек қызметі жағдайында зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерінің құқықтық реттелуінің жеткіліксіз болуы еңбектің ортақ нарығын қалыптасыру кезінде тежеуші фактор болып табылатындығына» аударды.

Олег Артамонов Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың жобасын таныстыра келіп, құжат мынадай талаптарды қамтамасыз ететінін атап өтті:
- мүше мемлекет басқа қатысушы елдердің азаматтарына осы мүше мемлекеттің азаматтарына ұқсас жағдайлар кезінде ұсынылатынға тең зейнетақымен қамсыздандыру құқығы көлеміне кепілдік береді;
- әрбір мүше мемлекет азаматқа жұмыс істеген және жарналар аударымы кезеңі үшін зейнетақы бөлігін төлейтін болады;
- зейнетақыларды оларды тағайындаған мүше мемлекет төлейтін болады, соның ішінде, еңбекші ЕАЭО-ның басқа елінде тұрған жағдайда төлейтін болады;
- еңбекшілердің тұратын мемлекетте не зейнетақы тағайындаған мүше мемлекетте зейнетақы алуға құқығы болады;
- зейнетақы құқығын айқындау кезінде шарттың жобасы күшіне енгенге дейін және одан кейін мүше мемлекеттерде жинақтаған жұмыс өтілі, сондай-ақ бұрынғы КСРО аумағындағы еңбек қызметі өтілі ескерілетін болады.

Конференция шеңберінде өткен азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы мәселелерді талқылау мүше мемлекеттердің еңбекшілерін әлеуметтік қорғау саласында интеграцияны одан әрі дамытуға және ЕАЭО қатысушы елдер азаматтарының мүдделерін ескере отырып, Еуразиялық өңір елдерінің тиімді өзара іс-қимылын жолға қоюға ықпал ететін болады.

«Біз елдермен және халықаралық ұйымдармен зейнетақымен қамсыздандыру саласында тәжірибе және ақпарат алмасу жөніндегі ынтымақтастыққа дайынбыз. Комиссия қызметінің перспективалы бағыттарының бірі қауымдастықпен және оның мүшелерімен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту болып табылады, бұл біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі нығайтуға, оны неғұрлым сапалы деңгейге алып шығуға ықпал етеді. Диалог тиімді шараларды әзірлеу және енгізу мен әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін реттеу, Еуразиялық кеңістікте азаматтардың әлеуметтік қорғалуы деңгейін арттыру жөніндегі ортақ тәсілдемелерді келісу бойынша бірлескен жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ЕЭК Еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Олег Артамонов.

Анықтама
Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығы (ХЗӘҚҚ) басым түрде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдердің әлеуметтік сақтандырудың зейнетақы және әлеуметтік қорларын біріктіретін өңірлік үкіметтік емес көшбасшы ұйым болып табылады.

Қауымдастық әлеуметтік қамсыздандыруды қорғау, көтермелеу және дамыту мақсатында халықаралық ынтымақтастықты дамытады, қауымдастыққа мүше елдерде және басқа да мемлекеттердегі зейнетақы және әлеуметтік қорлардың, әлеуметтік қорғаумен не өзара көмек көрсетумен айналысатын басқа да қорлардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметін үйлестіреді. Ағымдағы жылы қауымдастық 1992 жылдан бастап ұйым құрылған кезіне 25 жыл толуын атап өтті.

2017 жылғы 11 мамырда қауымдастықта жаңа төраға сайлауы өтіп, онда таяу арадағы бес жылдық мерзімге Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті Сәуле Дүйсенова сайланды. Бұрын осы лауазымды Ресей Федерациясының Зейнетақы қоры басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Куртин атқарды. Сонымен қатар, қауымдастықтың атқарушы директоры Евгений Аметов жаңа мерзімге қайта сайланды.