Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы Украинада шығарылатын болат тұтас таптамалы доңғалақтарға демпингке қарсы баж қолдануды тоқтата тұрады

ЕЭК Алқасы Украинада шығарылатын болат тұтас таптамалы доңғалақтарға демпингке қарсы баж қолдануды тоқтата тұрады

23.07.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы 23 шілдеде Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) халықаралық қызметі, қаржы саясаты, техникалық реттеу, санитариялық, фитосанитариялық, ветеринариялық шараларды қолдану, дәрілік заттардың айналысы, кедендік реттеу, сауда, ЕАЭО елдері ішкі нарығының жұмыс істеуі салаларындағы мәселелерді қарады.

 

ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелінетін, Украинда шығарылатын болат тұтас таптамалы доңғалақтарға демпингке қарсы баж (баж кедендік құннан 34,22% мөлшерде қолданылады) қолдану тоқтатыла тұрады. Мұндай шара ЕЭК-тің Ішкі нарықты қорғау департаменті 13 маусымда бастаған қайтадан тексеру жүргізу шеңберінде енгізіліп отыр. Шешім жарияланғаннан кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді және қоса алғанда 2020 жылғы 1 маусымға дейін қолданылады.

ЕЭК Алқасы Одақ елдеріне үшінші елдерден әкелінетін жөнсіз және қауіпсіз емес өнімнен ЕАЭО нарығын қорғау жөнінде қосымша шаралар қабылдауға ұсыным жасады. Комиссияның түбірлі міндеттерінің бірі - Одақтың ішкі нарығын қауіпсіз емес өнімнен қорғаудың тиімді жүйесін құру. Бұған ЕАЭО техникалық регламенттері талаптарының сақталуын бақылайтын мемлекеттік бақылау органдары мен кеден органдары басшыларының тұрақты әрі сындарлы диалогы ықпал етуге тиіс. ЕЭК Алқасының ұсынымында олардың өзара іс-қимылының алгоритмі айқындалған.


Атап айтқанда, мемлекеттік бақылаудың ұлттық органдары өз елінде осындай өнімді тапқан кезінде кеден органдарын, оларға бірқатар мәліметтер бере отырып, хабардар етуге тиіс. Соның ішінде бұл мәліметтер – қауіпсіз емес тауардың атауы, оның анықталған күні, осындай тауарды сатқан кәсіпорынның атауы немесе кәсіпкердің тегі, тауардың ілеспе құжаттары туралы деректер, әзірлеген елдің, әзірлеуші кәсіпорынның аты және т.б. Егер кеден органдарының қандай да бір өнім үшінші елдерден Одақтың техрегламенттерін бұза отырып әкелінеді деп топшылауына негіз бар болса, олар мұндай ұқсас ақпаратты мемлекеттік бақылау органдарына береді.

 

Мәліметтерді алғаннан кейін мемлекеттік бақылау және кеден органдары ұлттық заңнамаға және ЕАЭО құқығына сәйкес шаралар қолданады. Мысалы, мемлекеттік бақылау органдары мұндай өнімге қатысты бес жұмыс күні ішінде алдын ала тексерушілік жүргізеді және оның қорытындылары бойынша ақпаратты жіберген кеден органына хабар білдіреді.

 

ЕЭК Алқасының ұсынымы органдар арасында ақпарат алмасуға, үшінші елдерден түсетін жөнсіз және қауіпсіз емес өнімді шекарада анықтауға, оның айналысқа шығарылуын болдырмауға, сондай-ақ Одақтың техрегламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды анықтауды тездетуге мүмкіндік береді.

 

Болашақта, мемлекеттік бақылауды үндестіру жөнінде Мемлекетаралық келісімге қол қойылғаннан кейін, ұсынымның қолданылуын ескере отырып, мұндай өзара іс-қимылды міндетті негізде жүргізу жоспарлануда.

 

Индонезия Республикасы Үкіметімен ынтымақтастық туралы меморандум мақұлданды. Құжат өзара сауда мен инвестициялар көлемдерін арттыру, сауданың дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, сондай-ақ өзара мүдделілік білдірілген бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандыру үшін ЕАЭО мемлекеттері мен Индонезия арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.

 

Өзара іс-қимыл тәжірибе және ақпарат алмасу, соның ішінде сауда тосқауылдарын анықтау мен еңсеру мәселелері бойынша ақпарат алмасу, ұсынымдар әзірлеу, бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің қатысуымен бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы жүзеге асырылады деп бағамдалуда.


Азия мемлекеттерімен, бірінші кезекте Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) елдерімен өзара іс-қимылды дамыту – ЕАЭО халықаралық қызметінің басымдықтарының бірі. Индонезиямен ынтымақтастықты жандандыруға республика делегациясының 2017 жылғы 4 тамызда ЕЭК-тің штаб-пәтеріне сапары қозғау салды.

 

Индонезия Республикасы - ЖІӨ бойынша 16-экономика және халқының саны жағынан әлемдегі төртінші мемлекет.


ЕЭК Алқасы жолаушы кедендік декларациясының жаңа нысанын және оны толтыру мен осындай декларацияда мәлімделген мәліметтердің өзгеруімен (толықтырылуымен) байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін бекітті. Құқық қолдану практикасын және ЕАЭО Кеден кодексінің нормаларын ескере отырып, жаңа нысан қолдануға қолайлы етіп жасалған, жолма-жол жоласты сөздері бар.


Декларацияны тауарды шығарғанға дейін де, сол сияқты шығарғаннан кейін де түзету мүмкіндігі көзделген. Цифрлық технологияларға көшу жағдайында жолаушы кедендік декларациясы енді қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат түрінде берілуі мүмкін екендігі маңызды.

 

Одақтан әкету мақсатында жеке пайдалану үшін уақытша әкелінген автомобильді кедендік декларациялау кезінде осындай көлік құралын ЕАЭО-ға уақытша әкелу кезінде кеден органы ресімдеген қағаз құжат түріндегі жолаушы кедендік декларациясы пайдаланылуы мүмкін. Әкету мақсатында жеке пайдалану үшін уақытша әкелінген авто Одақтың кедендік аумағынан шығарылғаннан кейін декларация азаматқа қайтарылады. Жеке пайдалану үшін әкелінген басқа тауарларды декларациялау кезінде жолаушы кедендік декларациясының дербес бланкі толтырылғаны жөн.

 

Шешімде декларация нысандарының күшіне ену мерзімі: қағаз нысан үшін (2020 жылғы 1 ақпаннан бастап) және электрондық нысан үшін (2021 жылғы 1 ақпаннан бастап) әртүрлі болып көзделген.

 

Фармацевтикалық инспекцияларды ЕАЭО-дағы дәрілік заттар айналысы саласындағы тиісті фармацевтикалық практика қағидаларына сәйкес жүргізу жөнінде жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобы Комиссияның консультативтік органы болады. Ол тиісті фармацевтикалық практика қағидаларының талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ету үшін ұлттық құқықтық актілерді үндестіруге, Одақ елдерінің осы салада бақылау (қадағалау) функцияларын орындайтын уәкілетті органдарының өзара іс-қимылына жәрдемдесетін болады. Оның мақсаттарының арасында – Фармацевтикалық инспекциялардың ынтымақтастық схемасын (PIC/S) ескере отырып, мүше мемлекеттердің фармацевтикалық инспектораттарының дәрі өндірісіне фармацевтикалық инспекциялар жүргізу тәсілдемелерінің бірлігін қамтамасыз ету және ЕАЭО елдері мен басқа да мемлекеттердің фармацевтикалық инспекцияларының нәтижелерін өзара тануға жәрдемдесу де бар.

 

Топқа Одақ елдерінің және Комиссияның өкілдері енгізілген.

 

ЕЭК Алқасы бірқатар тауарларды ЕАЭО Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес сыныптады. Көлік құралдарын қолмен жууға арналған өзіне өзі қызмет ететін кешенді жуу 8424 30 010 0 кіші қосалқы позициясында сыныпталды. Жүректі емдеуге арналған медициналық құрылғы – кардиологиялық окклюдер 9021 90 900 9 кіші қосалқы позициясында сыныпталды.