Жүйеге кіру
Могилевте лифт жабдығы өндірісі саласындағы өнеркәсіптік кооперация мәселелерін талқылады

Могилевте лифт жабдығы өндірісі саласындағы өнеркәсіптік кооперация мәселелерін талқылады

23.08.2019
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Александр Субботин Могилев облыстық атқару комитетінің төрағасы Леонид Заяцпен және «Могилевлифтмаш» ААҚ бас директоры Борис Ковалевскиймен Могилев облысының Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен өнеркәсіптік ынтымақтастығы саласындағы әлеуетті мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу 23 тамызда Беларусь Республикасында, Могилевте болып өтті.

«Ресей мен Беларусь кәсіпорындарының лифт құрылысы саласындағы орнықты кооперациялық ынтымақтастығының тәжірибесі бізде қазірдің өзінде бар,- деп атап өтті Александр Субботин, - біз, соның ішінде Еуразиялық компаниялар құру механизмін пайдалана отырып, осы бағытта интеграцияны тереңдетуді жан-жақты қолдауға әзірміз».

Өңірде ауыл шаруашылығы, химия мен мұнай-химия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісі, электр энергетикасы мен ағаш өңдеу ойдағыдай дамуда. Бүгінде облыс әлемнің жүзден астам елімен белсенді ынтымақтастық жасауда. Могилев облысының ең ірі кәсіпорындарының бірі «Могилевлифтмаш» ААҚ болып табылады. Александр Субботиннің кәсіпорын бас директоры Борис Ковалевскиймен кездесуі ЕАЭО елдерінің Өнеркәсіп министрлері деңгейінде үстіміздегі жылғы шілдеде қол жеткізілген Еуразиялық компаниялар құру туралы уағдаластық орайында өтті. Трансұлттық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі болып лифт жабдығы өндірісі танылды. Нақ осы «Могилевлифтмаш» зауыты белорустық және бір ресейлік лифт өндірушілердің қатысуымен кәсіпорын құру жөніндегі алғашқы бірлескен жобаның қатысушысы болады.

Министрдің сөзінше, Еуразиялық экономикалық комиссия көтергіш-көлік жабдығы секторында стратегиялық құжат әзірлейді, сондай-ақ кәсіпорындарға олардың өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына шығару жөнінде жан-жақты көмек көрсететін болады.

«Біздің өнімімізді экспортық қолдау мәселесін қазан айында Каирде, ЕАЭО-ның Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында кешенді түрде талқылаймыз»,- деп толықтырды сөзін Александр Субботин.