Жүйеге кіру
ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Верондағы форумды Еуропамен тарихи байланыстарды күшейту үшін пайдалануға шақырды

ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Верондағы форумды Еуропамен тарихи байланыстарды күшейту үшін пайдалануға шақырды

23.09.2020
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Андрей Слепнев 22-23 қазанда Веронда өткізу жоспарланған XIII Еуразиялық форумға арналған онлайн-конференцияға қатысты. Іс-шара шеңберінде Италияның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Паскуале Терраччано, «Еуразияны танимыз» қауымдастығының президенті, Интеза Банк басқармасының төрағасы Антонио Фаллико және «Росконгресс» қорының директоры, басқарма төрағасы Александр Стуглев те сөз сөйледі.

«Біз қазір сондай тарихи кезеңде тұрмыз: Үлкен Еуразия COVID-19 пандемиясына байланысты оқиғалардан кейін не тығыз топтаса түсуі, не керісінше бөлініп кетуі мүмкін», –  деп мәлімдеді Андрей Слепнев. Ол бір жағынан сұраныстың қысқаруы салдарынан нарықтарда бәсекелестіктің өсуінің байқалып отырған қайшылықты үрдістерін атап өтті. Соның ішінде бұл Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) үшін дәстүрлі металлургия, минералдық ресурстар тауарларына қатысты. Екінші жағынан, байланысу саны кемуде: бизнесмендер кездеспейтін болды немесе қашықтан ғана кездесуде, туристер ағыны азаюда, логистикалық шығындар артуда.

«Мұның бәрі экономиканың тұйықталуын арттыруға ықпал ететін қауіпті үрдістер екені сөзсіз, бұларды еңсеру керек. Бұл орайда біздің бәрімізден бизнестің тәуекелі мен шығындарын кемітуді мақсат тұтатын контрциклды саясат талап етіледі. Меніңше, Верондағы форум біздің регуляторика, инфрақұрылым, электрондық сауда құралдары мен цифрландыру бағытында не істей алатынымыз туралы ойлануға жақсы азық бере алады», –  деп санайды ЕЭК Сауда жөніндегі министрі. Оның сөзінше, бұл қадамдар болашақтың толық мәнді инфрақұрылымының байланыстылығын және сап түзеуін күшейту үшін қажет.

Еуропалық одақпен (ЕО) экономикалық қатынастар туралы айта келіп, Андрей Слепнев ЕО-мен сауданың елеулі түрде азайғанын атап өтті: ЕАЭО экспорты үштен бірінен астамға құлдырады, импорттық жеткізілімдер шамамен ширегіне дейін азайды. Оның сөзінше, бұл қолда бар тарихи байланыстар мен атқарымдарды жаңарту, күшейту әрі теріс процестерге орнықты болу үшін қандай шаралар қабылдау керектігін сезінуді және жауап табуды талап етеді. «Біз өз тарапымыздан белсенді жұмыс істеудеміз. Бізде еуропалықтармен белгілі бір техникалық диалог жүргізілуде, бізге осынау жобалғысыз уақытта байланысуларды қолдау және бизнес жұмысына ықпал ететін нақты нәрселер туралы сөз қозғау үшін ЕАЭО алаңын саяси емес, экономикалық ұйым ретінде пайдалану өте маңызды», –  деп атап көрсетті министр.

Андрей Слепнев Одақтың Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім жасасылған Қытаймен өте белсенді жұмыс істейтінін атап өтті. ЕАЭО Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыру үшін қалыптастырылған диалог механизмдерін практикалық қолдануды ҚХР-мен өзара іс-қимылдың басымдығы ретінде көріп отыр. Атап айтқанда, бұл арада сөз көлік, телекоммуникациялық және электр энергетикалық инфрақұрылым, цифрлық трансформация саласындағы ірі трансшекаралық жобаларды іске асыру, сондай-ақ ынтымақтастықтың салалық күн тәртібін іс жүзіне асыру туралы болып отыр.

ЕАЭО қазірдің өзінде, атап айтқанда, Вьетнам, Иран, Сингапур, Үндістан, Израиль және Мысыр сияқты елдермен преференциялы келісімдер жасасты немесе келіссөздер жүргізуде. Моңғолиямен және Индонезиямен еркін сауда перспективаларын бірлесіп зерттеу жөніндегі жұмыс басталды.​