Жүйеге кіру
Май қышқылдарының глицидил эфирлері құрамының нормативтері ЕАЭО-ның тамақ өніміне қойылатын талаптарды белгілейтін бірнеше техникалық регламентіне бірден кірістірілуі мүмкін

Май қышқылдарының глицидил эфирлері құрамының нормативтері ЕАЭО-ның тамақ өніміне қойылатын талаптарды белгілейтін бірнеше техникалық регламентіне бірден кірістірілуі мүмкін

23.10.2020
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті органдары тұтынушыларды қорғауды күшейту үшін Одақтың тамақ өніміне қойылатын талаптарды белгілейтін бірнеше техникалық регламентіне май қышқылдарының глицидил эфирлері құрамының нормативтерін «пакеттік қағидатпен» бірден кірістіруді тұтастай қолдады. Атап айтқанда, бұл талаптарды Одақтың порталында жария талқылау жүріп жатқан «Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы» және «Арнаулы тамақ өнімінің жекелеген түрлерінің, соның ішінде диеталық емдеу және диеталық профилактикалық тамақтанудың қауіпсіздігі туралы» Одақтың техникалық регламенттеріне өзгертулерге енгізу мәселесі қаралуда.

Мұндай шешім тамақ өніміндегі глицидил эфирлері құрамын нормалау жөніндегі міндетті талаптарды Одақтың техникалық регламенттеріне кірістіру мәселесі бойынша мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтерінде өткен кеңесте қабылданды.

Мүше мемлекеттер бейімделген және ішінара бейімделген сүт қоспалары үшін және балалардың емдік тағамына арналған арнаулы өнімдер үшін оларға май қышқылдарының глицидил эфирлері құрамының жол берілетін деңгейін кірістіру жөніндегі өз позицияларын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалыптастыруы және Комиссияға беруі қажет.

«Еуразиялық экономикалық одақта тамақ өнімі өндірісі саласында пальма майын пайдалану тақырыбы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында соңғы уақытта белсенді алып-сатарлық нысанасы болуда. Сарапшылар деп аталатындардың бірқатары ЕАЭО халқының бұл саладағы техникалық реттеу туралы қисынсыз түсінігін қалыптастыруға ықпал етіп, ЕЭК Алқасының позициясы туралы тиісті құжаттарды қабылдауды әдейі кідіртуде деген секілді анық емес ақпарат таратуда», –  деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко.

ЕЭК министрі май қышқылдарының глицидил эфирлерін нормалау бүгінгі таңда маңызды әрі өзекті мәселе болып табылатынын атап көрсетті, оның шешілуіне реттеушілер, өнеркәсіп кәсіпорындары мен тұтынушылар мүдделі. Одақ елдерінде импорттық тропикалық майлар көлемі тұрақты артып келеді, олардың көп бөлігі тамақ өнімі өндірісі кезінде шикізат ретінде пайдаланылады. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығына әкелінетін тропикалық майлардың сапасы мен қауіпсіздігі мониторингінің қажеттігі туындайды.

«Тропикалық майлардың пайдаланылуы кеңеюін ескере отырып, ЕАЭО өнеркәсібі мен қадағалау органдары өндіріс технологияларын жетілдіру үшін және Одақ талаптарын сақтау мониторингін жүргізу кезінде бүгіннің өзінде озық халықаралық талаптармен үндестірілген глицидил эфирлері құрамы нормативін қолдана алады», –  деп санайды Виктор Назаренко.

ЕЭК Алқасының 2019 жылғы 6 тамыздағы № 132 шешімінің қабылдануы глицидил эфирлері құрамы нормативтерін Одақтың құқықтық базасына, соның ішінде тамақ өніміне және оның өндірісіне арналған шикізатқа қолдану мен орындау үшін қойылатын бірыңғай міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейтін техникалық регламенттерге кірістірудің алғашқы қадамы болды. Бұл ретте өндірушілер қазірдің өзінде бұл нормативтерді ерікті негізде қолданып, оларды өндірістік процесті жаңа талаптарға көшіруге дайындау үшін пайдалана алады.

Ұқсас нормативтер Еуропалық одақ елдерінде қолданылады. Оларды белгілеу процесі Еуропалық заң шығарушылар мен сарапшыларда ұзаққа – он жылдан астам уақытқа созылды. Бұл глицидолдарды бақылау әдістемелерін әзірлегеннен, нарықта кеңейтілген мониторинг зерттеулерін жүргізгеннен, тиісті бақылау жүйелерін ендіргеннен, өзінің құрамдас құрамында өсімдік майлары бар май-майлы және басқа тамақ өнімі өндірісінің технологиялық процестерін жаңғыртқаннан кейін ғана мүмкін болды.

ЕАЭО-да бұл процесс айтарлықтай тез ілгерілеуде. Комиссия Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Одақтың қажетті рәсімдерден өтудің аяқталу сатысында тұрған «Май-майлы өнімдердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне (КО ТР 024/2011) глицидолдар құрамы бойынша нормативтерді кірістіруді ұйымдастыруда және үйлестіруде. Бұл глицидил эфирлерінің өсімдік майларындағы, олардың өңдеу өнімдеріндегі, соның ішінде арнаулы мақсаттағы майлардағы, сүт майын алмастырғыштағы, какао майының баламалары мен алмастырғыштарындағы жол берілетін деңгейін белгілеуге, тұтынушыларды тұтыну үшін дайын өсімдік майындағы, сондай-ақ басқа май-майлы өнімдегі глицидолдардың артып кетуінен қорғауға мүмкіндік береді.

Мүше мемлекеттердің кәсіпорындары мен қадағалау органдары зертханалық бақылаудың қолда бар және перспективалы әдістерін ескере отырып, өсімдік майлары мен майларда май қышқылдарының глицидил эфирлері құрамы болуының ағымдағы жағдаятын бағалау жөніндегі жұмысты да бастады. Зертханалар ISO халықаралық стандарттары мен ресейлік әдістемелік нұсқаулар негізінде әзірленген әдістемелерге сыналтымдау жүргізуде, елдерде қалыптасқан зерттеу-сынау кешені үшін неғұрлым қолайлы әдістерді іздеу және бейімдеу жүріп жатыр. Мамандардың бағалауы бойынша, газ хроматомасс-спектрометриясы мен ферментативті гидролиз әдістері неғұрлым перспективалы болып табылады. Міндетті талаптарды бақылау үшін, оларды Одақтың тиісті техникалық регламенттеріне кірістіру кезінде, бұл әдістер мемлекетаралық стандарттардың негізі болуға тиіс.

«Осы орайда Одақтың техникалық регламенттеріне өзгерістер енгізу жөнінде шешімдер дайындау кезінде қолданыстағы өндірістерді жаңғырту қажеттігін және тиісті сынақ кешендерін құруды ескере отырып, мүше мемлекеттердің жаңа талаптарға көшу мерзімі бойынша бірыңғай позициясын қалыптастыру өте-мөте маңызды деп санаймыз», –  деп атап өтті Виктор Назаренко.​