Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесі ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесіне кешенді техникалық сараптама жүргізуді мақұлдады

ЕЭК Кеңесі ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесіне кешенді техникалық сараптама жүргізуді мақұлдады

23.09.2020
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру кезінде жүйені жаңғырту және дамыту жөнінде ұсынымдар тұжырымдау, қазіргі бар құралдар мен сервистерді пайдалану мүмкіндігін талдау үшін интеграцияланған ақпараттық жүйеге (ИАЖ) кешенді техникалық сараптама жүргізу туралы өкім қабылдады. Бастама интеграцияланған ақпараттық жүйені дамыту мен жаңғыртуда мүмкін болатын жаңа тәсілдемелерді тұжырымдауды мақсат тұтады.

ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Гегам Варданян Одақ елдері мен Комиссияның жүйені құру және дамыту жөнінде үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Алайда соңғы жылдары жобаның даму қарқынының баяулауы байқалуда. Өнеркәсіптік АТ-шешімдердің өмірлік циклын (орташа бес жыл) назарға ала отырып, ИАЖ-ды дамыту мен жаңғыртудың жаңа тәсілдемелерін қалыптастыру үшін жүйенің ағымдағы жай-күйіне кешенді сараптама жүргізу қажет.

«Кешенді техникалық сараптама шеңберінде бірқатар іс-шаралар жүргізілуге тиіс, бұлар – техникалық қамсыздандыру сараптамасы, құқықтық актілерді талдау, осындай күрделі, ауқымды, мемлекетаралық жоба үшін жобалық басқарудың жаңа тәсілдемелерін тұжырымдау, сондай-ақ Одақтың ИАЖ дамуын айқындайтын стратегиялық бағыттарын қарау», - деп атап өтті Гегам Варданян.

Қабылданған шешім шеңберінде ЕЭК ИАЖ-ға кешенді техникалық сараптама жүргізу үшін жұмысты орындаушыны айқындау жөнінде конкурс ұйымдастырады. Бұған Одаққа қатысушы барлық елдің ұйымдары қатыса алады.

Өкімге сай, оны дамыту мен жаңғырту жөніндегі ұсынымдарды қоса, ИАЖ-ға кешенді техникалық сараптама нәтижелері туралы 2021 жылғы І тоқсанның аяғына дейін Комиссия Алқасына ақпарат тапсыру, бұдан кейін жұмысты іске асыру қорытындылары туралы ЕЭК Кеңесіне баяндау жоспарланып отыр.

Анықтама

Интеграцияланған ақпараттық жүйе (ИАЖ) – бұл жалпы процестерді іске асыру, деректермен және электрондық құжаттармен, сондай-ақ Одақ органдарының қызметімен мемлекетаралық алмасу үшін ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін геобөлінген ақпараттық жүйе. Жоба идеясы сонау 2009 жылы ұсынылған еді. Кеден Одағы Комиссиясының 2009 жылғы 21 қазандағы тиісті шешімінде жүйе «Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының интеграцияланған ақпараттық жүйесі (СӨСИАЖ)» деп аталды. 2014 жылғы Одақ туралы шартта СӨСИАЖ-дың функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту негізінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру, жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту жөнінде жұмыстар жүргізіледі әрі Одақ мемлекеттерінің уәкілетті органдары арасында 80-нен астам жалпы процесс автоматтандырылуға тиіс деп белгіленді. Алты жыл ішінде 19 жалпы процесс қана автоматтандырылды.​