Жүйеге кіру
ЕЭК кедендік әкімшілік жүргізу саласында өз мүмкіндігін кеңейтеді және интеграцияланған ақпараттық жүйені дамытады

ЕЭК кедендік әкімшілік жүргізу саласында өз мүмкіндігін кеңейтеді және интеграцияланған ақпараттық жүйені дамытады

24.01.2018

ЕЭК Алқасы 23 қаңтарда кедендік әкімшілік жүргізу, техникалық реттеу, сауда саясаты және ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту саласында бірқатар шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, Қытайда шығарылатын полимер жабындысы бар металл прокатына арналған демпингке қарсы баждың қолданысы ұзартылды. Уәкілетті экономикалық операторлардың тізілімі жасалатын болады, сондай-ақ еңбекшілерге және олардың отбасы мүшелеріне зейнетақы тағайындау және төлеу үшін қажетті мәліметтермен алмасу жолға қойылды. Бірыңғай санитариялық талаптардан шылымдық темекі бұйымдарына қатысты талаптар алып тасталды, сондай-ақ шылымдық емес темекі бұйымдары өндірісі кезінде пайдалануға жол берілмейтін жұпар иісті және дәмі бар заттардың тізбесі толықтырылды.

Қытай Халық Республикасында шығарылатын полимер жабындысы бар металл прокатына арналған демпингке қарсы баждың қолданысы 2023 жылға дейін ұзартылды. Мұның алдындағы шешім 2012 жылғы мамырда қабылданған еді. Өндіруші кәсіпорынға байланысты бұл баж кедендік құнның  6,98%-ынан  20,20%-ға дейінгі мөлшерде белгіленген болатын және 2017 жылғы 30 маусымға дейін қолданылды. Өткен жылғы мамырда шараның қолданысы  демпингке қарсы қайта тергеп-тексеру жүргізу кезеңіне ұзартылған еді.
 
Тергеп-тексеру көрсеткендей, ағымдағы нарықтық ахуал ҚХР жеткізілімдерінің көлемі мен қытайлық өндірушілердің баға саясатына  ЕАЭО-да өндірілген металл прокатына арналған бағалардың сезімталдығын айғақтайды. Сөйтіп, бажды жойған жағдайда ЕАЭО-ға әкелінетін қытайлық полимер жабындысы бар металл прокатының көлемі демпингтік  бағалары бойынша күрт өсіп,  Одақ экономикасының бірқатар салаларына залал келтірген болар еді.

Комиссияның 2013 жылғы 2 желтоқсандағы № 284 шешіміне түзетулер қабылданды, олар ЕЭК–ке өз бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына (ЕАЭО СЭҚ ТН) сәйкес  тауарлардың жекелеген түрлерін сыныптауға мүмкіндік береді. Бұрын Комиссия тауарларды «бестік» мемлекеттерінің уәкілетті ұлттық органы өтініш жасағаннан кейін ғана сыныптай алатын еді.
 
Өзгерістердің енгізілуі жаңа кедендік заңнаманың Комиссияға ЕАЭО елдерінің құқық қолдану практикасында айырмашылықтар анықталған жағдайда ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарларды сыныптау жөнінде өкілеттіктер беруімен байланысты.
 
Сыныптау туралы шешім қабылдау үшін ЕЭК кеден органдарынан құжаттарды сұратады, олар сұрату кеден органында тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, электрондық пошта бойынша немесе қағаз жеткізгіште құжаттарды беруге тиіс.
 
Құжаттарды қарау нәтижелері бойынша Комиссияның сыныптау туралы шешімінің жобасы Одақ елдерінің кеден органдарына жіберілетін болады. Шешімді келісуге де күнтізбелік 30 күн беріледі.
 
Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жатқызылатын өнімдерге (тауарларға) қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық  және гигиеналық талаптардың ІІ тарауының 13-бөліміне өзгерістер енгізілетін болады – темекі өніміне арналған техникалық регламенттің (КО ТР 035/2014) техникалық реттеу объектісі болып табылатын шылымдық темекі бұйымдарына қойылатын талаптар алып тасталды.
 
Комиссия Алқасының шешімі күшіне енгеннен кейін Бірыңғай санитариялық талаптардың ІІ тарауының 13-бөлімінде шылымдық емес темекі бұйымдарына – шайнайтын, иіскейтін темекіге, соратын темекіге (снюс) және олардың өндірісі үшін пайдаланылатын темекі шикізатына қойылатын талаптар ғана қалады.

Бұдан басқа Бірыңғай санитариялық талаптардың қолданыстағы  шылымдық емес темекі бұйымдары өндірісі кезінде пайдалануға жол берілмейтін жұпар иісті және дәмі бар заттар тізбесі  ағаш сабақтарынан әзірленетін үш затпен – ащылау алқамен (Stipites Dulcamarae), пулегиевый жалбызының шөптерімен (бүргелі жалбыз, Herba Pulegii), хош иісті лиатриспен (Liatris odoratissima) толықтырылды. Бұл заттар темекі өнімдері өндірісі кезінде Ингредиенттер түрінде пайдалануға жол берілмейтін заттар тізбесіне де қосылды (темекі өнімдеріне арналған техникалық регламентке қосымша). 

ЕАЭО елдері соның шеңберінде ЕАЭО-да өндірілген немесе әкелінген және пилоттық жобаны жүргізу шеңберінде бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен маркалауға жататын тауарлар туралы ақпаратпен алмасатын жалпы процестің  күшіне енгізілуі туралы шешім қабылданды. Бұл үшін ЕАЭО-ның  интеграцияланған ақпараттық жүйесі (ЕАЭО ИАЖ) пайдаланылады, ол  тері бұйымдарын маркалау жөніндегі пилоттық жобаға қатысатын ЕАЭО елдері уәкілетті органдарының онлайн-өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.
 
Алқа мүшелері ЕАЭО ИАЖ шеңберінде уәкілетті экономикалық операторлардың (УЭО) бірыңғай тізілімін қалыптастыру туралы мәселені келісті, сондай-ақ еңбекшілерге немесе олардың отбасы мүшелеріне зейнетақы тағайындау және төлеу үшін қажетті мәліметтермен алмасу  мүмкіндігін келісті. Тізілімді жасауды және жүргізуді, деректермен алмасуды ұйымдастыруды ЕЭК жүзеге асырады. Бұл үшін Одақ шеңберіндегі жалпы процестер тізбесін кеңейту ұйғарылды. 

УЭО-ның бірыңғай тізіліміне қол жеткізу кедендік рәсімдерден өтуге жұмсалатын уақыт және қаржы шығындарын кемітуге мүмкіндік береді. ЕАЭО елдері азаматтарына зейнетақы тағайындау және төлеу туралы мәліметтермен алмасу Одақтың кез келген мемлекетіндегі еңбек өтілін ескере отырып, зейнетақы мөлшерін дұрыс айқындауға ықпал етеді.Бұл саладағы өзара іс-қимылдың өзектілігі бүгінде әзірлігі шешуші сатыға шыққан Еңбекшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шартқа қол қойылғаннан кейін арта түседі.