Жүйеге кіру
ЕЭК трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылайды

ЕЭК трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік қағидаларының сақталуын бақылайды

24.03.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия өз қызметінің бәсекелестікті қорғау және монополияға қарсы реттеу саласындағы басым бағыттарын айқын белгілеп алды. 24 наурыз күні Мәскеуде өткен ЕЭК Алқасының отырысында тиісті жылдық есептің жобасы мақұлданды. Ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қарағаннан кейін Еуразиялық экономикалық одақтың сайтында жарияланатын болады.

Құжаттан Комиссияның 2019 жылы ЕАЭО трансшекаралық нарықтарында бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылу белгілері бойынша 17 өтінішті қарағанын білуге болады. Солардың ішіндегі ең көп таралғаны: үстем жағдайды теріс пайдалану мен жосықсыз бәсекелестік болып шыққан. Сондай-ақ, Комиссияның монополияға қарсы блогы тоғыз тергеп-тексеру жүргізді және ЕАЭО нарықтарында бәсекелестік қағидаларының бұзылу фактілері бойынша сегіз істі қарады.

 Алайда тергеп-тексеру мен іс қозғаудан құтылуға болатын жағдайлар бар. «Жұмсақ реттеу» механизмі Одақ құқығына біршама таяу уақытта енгізілді, соған қарамастан, өткен жылдың өзінде Комиссия Одақтың әртүрлі нарықтарында бәсекелестік қағидаларының бұзылуын жою жөнінде жеті Ұсыныс әзірледі. ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Серік Жұманғариннің сөзінше: «бұл жаза қолданудан гөрі Одақтың трансшекаралық нарықтарында бәсекелестік шарыттарын жасауды қамтамасыз ететін алдын алу шараларына ерекше көңіл аударуға мүмкіндік береді».

 ​Жұмыстың басқа бағыты - импорт кезінде демпингке қарсы баж қолданылатын кейбір тауарларға арналған бағалардың тұрақты мониторингі. Ол тұтынушылар мен өндірушілердің мүдделерін қорғауға, нарықтың барлық ойыншылары үшін тең бәсекелестік шарыттарын сақтауға көмектеседі.

Халықаралық ынтымақтастық та Комиссия жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. ЕАЭО-ның монополияға қарсы заңнамасын жақсарту мақсатында жетекші монополияға қарсы (бәсекелестік) ведомстволардың үздік әлемдік практикалары зерделенуде, ЭЫДҰ, БҰҰ, ТМД сияқты және басқа ұйымдармен ынтымақтастық жүргізілуде.

Комиссияның іскер қоғамдастықпен өзара іс-қимылының 2019 жылғы ойдағыдай нысаны - Қоғамдық қабылдаудың көшпелі отырыстары болды, тіпті бизнес тарапынан байқалған өскелең мүдде тұрғысынан қарағанның өзінде, көшпелі отырыстар өзінің қалыптасқандығын дәлелдеді. Мысалы, өткен жылы алдыңғы жылға қарағанда, бұл отырыстарға кәсіпкерлер үш есе көп қатысты. Одақтың барлық бес мемлекетінің 23 қаласында ЕЭК өкілдерінің бизнеспен қабылдау форматындағы кездесулері болып өтті.​