Жүйеге кіру
«Еуразиялық аптада» ЕАЭО-ның Вьетнаммен, Үндістанмен және Иранмен еркін сауда аймақтарын дамыту талқыланады

«Еуразиялық аптада» ЕАЭО-ның Вьетнаммен, Үндістанмен және Иранмен еркін сауда аймақтарын дамыту талқыланады

24.07.2017

«Еуразиялық апта» форумында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Вьетнаммен еркін сауда аймағының (ЕСА) бірінші жұмыс жылының қорытындысы шығарылады және Үндістанмен, Иранмен сауда режимін ырықтандыру  мүмкіндіктері талқыланады. Форум 24-26 тамызда Астанада (Қазақстан) өтеді, оған Одақтың  әріптестері мен мүше елдерінің ресми тұлғалары, халықаралық бизнестің өкілдері қатысады.

«ЕАЭО – Вьетнам: алғашқы бизнес-нәтижелер. Сауда форсайты» семинарында Одақ елдеріндегі компаниялардың өкілдері ЕСА пайдаланудағы өз тәжірибелері туралы, сондай-ақ Вьетнам мен ЕАЭО арасында бизнесті одан әрі дамытудың мүмкіндіктері туралы әңгімелеп береді. ЕСА шеңберінде ынтымақтастық 2016 жылғы қазан айында басталды және жыл басында-ақ оң нәтиже көрсете бастады.

«Осы жылдың басынан бастап біз бақылайтын экспорттық және импорттық құрамдастар өсімінің көрсеткіштері Вьетнаммен еркін сауда аймағының тиімді жұмысын көрсетеді. 2017 жылдың бес айы ішінде ғана Вьетнаммен ЕАЭО-ның жалпы тауар айналымы 26,6% өсімді көрсетіп, 2 млрд АҚШ долларын құрады. Біздің әрі қарайғы қадамдарымыз – бұл тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды растаудың электронды жүйесін жасау, санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шараларды қолдану саласындағы, сондай-ақ әріптестердің нарықтарына рұқсатты қамтамасыз ету үшін саудадағы техникалық тосқауылдарды жою бойынша жауапты органдардың ынтымақтастығын дамыту», ­– деді ЕЭК сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина.

«ЕАЭО – Иран: көлік-логистика дәлізін жетілдіру» — Иранның нарығына қызығушылықтың артуына байланысты өзекті тақырып. Иранмен еркін сауда аймағын құруға жеткізетін уақытша келісімді дайындау жөніндегі жұмыс аяқталуға жақын. Осыған байланысты сол елмен сауда байланыстарын дамыту туралы кері байланыс алу, ЕАЭО мемлекеттерінің ирандық нарыққа шыққан кезінде қиындықтар мен тосқауылдарды анықтау үшін іскерлік топтармен тұрақты араласып отыру қағидатты түрде маңызды. Семинарда кедендік реттеу, логистикалық шығындарды азайту, көліктік инфрақұрылым мен жайлы бизнес ортаны қалыптастыру мәселелері талқыланады.

«ЕАЭО – Үндістан: ЕСА-ға барар  жолда» семинары екіжақты сауданың анағұрлым талап етілген бағыттарына ЕАЭО мен Үндістан бизнесінің сұранысын анықтауға арналады.

Іс-шара шеңберінде тікелей диалог режимінде өзекті мәселелер көтеріліп, экономикалық өзара іс-қимыл перспективалары, бизнес алдында жаңа перспективаларды ашатын сауданы ырықтандыру жағдайында әрі қарай тереңдету үшін ең жоғары қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шаралар қаралатын болады. Семинардың барысында Үндістанмен еркін сауда туралы болашақ келісімде белгіленетін болжалды және ұзақ мерзімді қағидалар негізінде қалыптасқан экономикалық интеграцияны дамыту жөніндегі практикалық ұсыныстарды талқылау жоспарланады. Сауданы реттеу, әкімшілік рәсімдерді біріздендіру, сауда тосқауылдарын алып тастау, тауарлық және инвестициялық ағындарды қолдау, технологиялық және өндірістік кооперация сияқты мәселелерді қозғау да бағамдалуда.

 Анықтама

«Еуразиялық апта» форумы – ЕАЭО мен ЕЭК елдері өткізетін жыл сайынғы іс-шара. Форумды өткізу бастамасы 2015 жылдың мамыр айында ЕАЭО елдерінің бес премьер-министрінің шешімімен қабылданды. Форум B2B- және B2G-байланыстарын орнатуға септігін тигізетін іскерлік және экспозициялық бөліктерін қамтиды. Алғашқы «Еуразиялық апта» форумы 2016 жылдың қазан айында Мәскеу халықаралық форумының және «Ашық инновациялар» инновациялық даму шоуының алаңында өткізілді. Одақтың және үшінші елдердің (Вьетнам, Сингапур, Мысыр, Оңтүстік Корея, ЕО елдері) іскерлік және сараптамалық топтарының қатысуымен 16 тақырыптық іс-шара өткізілді. Форумның алаңында 40-тан астам спикерлер сөз сөйледі. Көрмелік бөлімінде Одақ елдерінің 43 экспоненті қатысты. Форумға 2 000-нан астам адам қатысты.​