Жүйеге кіру
Астанада «Еуразиялық апта» форумы ашылды: оның қатысушылары ЕАЭО елдері алдында тұрған экономикалық міндеттерді практикалық іске асыру формулаларын іздестіруде

Астанада «Еуразиялық апта» форумы ашылды: оның қатысушылары ЕАЭО елдері алдында тұрған экономикалық міндеттерді практикалық іске асыру формулаларын іздестіруде

24.08.2017

Одақ елдерінің «Еуразиялық апта» халықаралық форумының ашылуында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян басқарудың дағдылы модельдерін жаңғыртудың маңыздылығы туралы мәлімдеді.

«Ғылыми-техникалық прогресс өзгерістер жылдамдығын арттырады, ал біздің басқару жүйелеріміз шешімдер қабылдауда, бейімделуде, жаңа қағидаларды ынталандыруда және тағы басқаларда артта қалып барады», – деп атап өтті ЕЭК Алқасының Төрағасы.

«Алайда, ЕАЭО бізге осы міндетті шешуге мүмкіндік береді, – деп есептейді Тигран Саркисян. – Ұлтүсті органдар неғұрлым заманауи болады және қандай да бір жасанды қол жетпес жүйелерді қалыптастырумен емес, трендтерді басқарумен айналысатын болады. Сол кезде осы процестердің барлығы жылдамырақ өтетін болады және біз азаматтар үшін де, бизнес үшін де қолайлы жағдай жасай аламыз».

«Өзгермелі әлемдегі бәсекеге қабілеттілік: жаңа модельдер, технологиялар, басқару нысандары» жалпы отырысында пікірсайыс барысында Тигран Саркисян ЕАЭО ортақ нарығындағы тосқауылдар мен шектеулер тақырыбын да қозғады. «Алдағы бес жылда біз бірінші кезекте тосқауылдарды алып тастай отырып, интеграцияны тереңдетуіміз қажет», – деген сенімде ЕЭК Алқасының Төрағасы. Одақтың ортақ нарығында кедергілерді қысқарту бойынша жұмыс шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссияның бірінші міндеті ЕАЭО елдері арасында олардың қазір бар екені туралы уағдаластыққа қол жеткізу болып табылады. «Осыдан кейін біздің ортақ нарықтарымыз толыққанды жұмыс істеуі үшін тосқауылдарды, алып қоюларды, шектеулерді бірлесіп алып тастаудың «жол картасын» әзірлейміз», – деп мәлімдеді Тигран Саркисян.

ЕЭК Алқасы Төрағасының айтуы бойынша, қазірдің өзінде келісімі бар 60 кедергі – бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Пікірсайыс жалғасып жатқан тағы 60 шақты мәселе бар.

Бұған қоса, іске асырылуы жаңа кедергілер құрмауы тиіс ұлттық бастамаларды әзірлеу кезінде Одақ елдерінің келісілген іс-қимылдары туралы сөз болды. «Біз біздің цифрлық күн тәртібімізді қалай келісетіндігімізді, қандай стандарттарды қолданатындығымызды, әзірленетін жүйелердің өзара іс-қимылын және интероперабельділігін қалай қамтамасыз ететінімізді бүгіннен бастап келісіп алуымыз қажет. Егер біз осы мәселелерді басынан бастап келісіп алмасақ, онда жаңа шектеулер қалыптастырамыз, одан басқа бизнестің тіршілігін қиындатамыз», – деп есептейді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Жалпы отырыстың басқа да спикерлері стратегиялық сын-қатерлер және Еуразиялық интеграцияның болашағына өз көзқарастары туралы айтты.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев отырысты аша отырып, «Еуразиялық апта» бизнестің кооперациялық өзара байланысын, ЕАЭО инвестициялық және экспорттық әлеуетін және Одақ шеңберінде интеграциялық процестерді дамытуға мүмкіндік беретін маңызды құралға айналғанын мәлімдеді.

Бақытжан Сағынтаев іс-шараға қатысушылардың назарын 2017 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Одақ елдерінің экономикалары дамуының оң динамикасына аударды. Қазақстан Үкіметі басшысының пікірі бойынша, сауданы дамыту үшін ішкі жағдайлар жасаудың арқасында шет елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Ол Вьетнаммен өзара іс-қимылды мысал ретінде келтірді. «Вьетнамнан келетін тауарларға өзара бажсыз қолжетімділікті аша отырып, біз осы елмен сауданы жандандырдық. Бірінші жартыжылдықтың қорытындылары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Вьетнаммен тауар айналымының 26,9%-ға артқанын көрсетіп отыр: ақшалай эквивалентте бұл жарты миллиард долларға жуық, соның ішінде 271 миллион доллар Қазақстанның үлесіне тиесілі», – деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрі.

Армения Республикасының Вице-премьер-министрі, Халықаралық экономикалық интеграция және реформалар министрі Ваче Габриелян тосқауылдарды жою және үлкен идеяларға – экономиканы цифрлауға, көлік саласын дамытуға, транзакциялық шығындарды азайту үшін жағдайлар жасауға ұмтылу арқылы ғана орнықты өсуді қамтамасыз етуге болатыны туралы айтты. Қызметтің барлық деңгейлерінде және барлық салаларында кооперацияны қолдау, осы арқылы тиімді нарықтық экономиканы дамыту үшін жағдай жасай отырып, бірыңғай техникалық стандарттармен жұмыс істеу қажет.

Ваче Габриелянның пікірі бойынша, цифрлық технологияларды енгізудің маңызды басымдылығы қызметтің барлық салаларында өнеркәсіптік кооперацияны және интеграцияны дамытуға мүмкіндік беретін барлық салаларға арналған қызметтің толассыз бағыттары болып табылады. Бұдан басқа, ол ЕАЭО елдерінің бизнес өкілдерінің, сарапшыларының және ұлттық үкімет өкілдерінің кездесуінің айрықша мәнін атап өтті: «Еуразиялық апта» секілді іс-шаралар шынайы интеграция үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Мұнда біз жоғалтқан байланыстар қайта қалпына келтіріледі. Егер осы күнге дейін ақпарат аз болса және бірігу үшін мүмкіндіктер болмаса, енді қазір бұл кедергілер кеми бастады. Біз экономикаларымыздың бірге дамуы үшін алға ұмтылатын боламыз».

Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов Ресейді қоса алғанда, Одақтың барлық елдерінің экономикасы құлдырау кезеңінен кейін өсу фазасына шыққанын атап өтті. «Біз тауар айналымы деңгейін жақсартуға және тосқауылдар проблемаларын ұғынуға қол жеткізе білдік. Мұның барлығы алдағы күтетініміз - Одақ құрылғаннан бері өткен жылдарға қарағанда тіпті неғұрлым қолайлы екені туралы айтуға мүмкіндік береді»,– деп есептейді Игорь Шувалов. Оның пікірінше, бүгінде әлемде барлығы тез өзгеруде және үлкен игілікке айналатын шешім қабылдау қажет – белгілі бір салалар, кәсіпорындар үшін консервативтік ортаны қолдау немесе барлық бес елдің азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз ететін бірыңғай нарықты тезірек құру керек. Игорь Шувалов цифрлық экономика мәселелеріне тоқтала келіп, ЕЭК пен ұлттық үкіметтердің күш-жігерін біріктіру қажет екендігін мәлімдеді.

Жалпы пікірсайыстың қорытындысында ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян «Еуразиялық апта» секілді форумдарды өткізу интеграциялық процестерді дамытуға мүмкіндік беретін пәрменді құралдардың бірі болып табылатынын атап өтті.

ЕЭК Алқасының Төрағасы қабылдаушы тарап – Қазақстан Республикасына, Одақ елдерінің вице-премьерлеріне, шетелдік қонақтарға, ұйымдастырушылық және ақпараттық әріптестерге қызығушылық танытқаны және қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.