Жүйеге кіру
ЕАЭО-да өнеркәсіп өндірісі бес жыл ішінде 12,2% өсті

ЕАЭО-да өнеркәсіп өндірісі бес жыл ішінде 12,2% өсті

24.09.2020

Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елінің көпшілік салаларында 2019 жылы өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсуі байқалды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян ЕЭК-тің Өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитетінің кезекті отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын іске асырудың жыл сайынғы мониторингі және талдау нәтижелері туралы» баяндаманы таныстыра отырып мәлімдеді.

Министр атап өткендей, «Негізгі бағыттарды іске асырудың 2015-2019 жылдардағы қорытындылары бойынша, яғни COVID-19 коронавирустық инфекциясы басталғанға дейін, құжатта көзделген барлық көрсеткіш бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді». Атап айтқанда, ЕАЭО-да өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12,2%, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіпте 13,8% өсті. Өңдеуші өнеркәсіп өнімі экспортының көлемі 11,3% артты. Өнеркәсіптің өзара саудасы көлемі 34,1% арта түсті. Өңдеуші өнеркәсіп өнімі өндірісі көлеміндегі қызметтің жоғары технологиялық түрлерінің үлес салмағы 2,7 п.п. артты және 2019 жылы 29,6% құрады. Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі ЕАЭО мемлекеттерінде 24% өсті.

Артак Камалян баяндамада айтылған өнеркәсіп саласындағы интеграцияны одан әрі дамыту басымдықтары және пандемияның Одақ елдері үшін теріс салдарын жедел жою жөніндегі ұсыныстар мониторинг жүргізу нәтижелері негізінде, сондай-ақ COVID-19 пандемиясына байланысты өзгерген экономикалық конъюнктураны ескере отырып әзірленгенін атап көрсетті.

Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының ЕАЭО шеңберінде кооперацияны нығайту мен дамытудың тиімді шараларын көздейтін жаңа редакциясын әзірлеу мен қабылдау дамудың түйінді векторы болады. Олардың арасында - Одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсібінің цифрлық трансформациясы, индустриялық-инновациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды қоса, инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі ынтымақтастық, экспортқа бағдарланған жаңа бәсекеге қабілетті өнімді ілгерілету жөніндегі механизмді одан әрі жетілдіру, сондай-ақ Еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияға қатысатын ұлттық компанияларды ынталандыру механизмдерін дамыту бар.

Консультативтік комитетте қаралған «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіп өнімі нарығының мониторингі нәтижелері туралы» екінші баяндама Одақ елдері өнеркәсіп өнімі нарығының параметрлерін кешенді талдауды қамтиды. Оған кірістірілген деректер мүше мемлекеттерге интеграциялық бірлестік бойынша әріптестерінің қажеттіктері мен өндірістік мүмкіндіктері туралы ақпарат алуға көмектеседі.

ЕЭК министрі 2019 жылы ортақ нарық нақты түрде әрі құндық өлшемінде тиісінше 2,5% және 1,1% болып өсуді жалғастырғанын хабарлады. Ол бұдан басқа Одақ нарығында импорттық өнім үлесінің азайғанын, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияның белсенді дамығанын атап өтті – 2019 жылы кооперациялық жеткізілімдердің құндық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,6% және 2015 жылмен салыстырғанда 53% артты.

Консультативтік комитет отырысы барысында Одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп танылған тауарларға (бұл ЕЭК Кеңесінің 2019 жылғы 21 маусымдағы № 100 шешімімен бекітілген) қатысты ерекшелікті субсидияға рұқсат ету критерийін қолдану жағдайын үш жылға ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Кеңес шешімімен тауар өндірісінде оны бірлесіп өндірілген деп тану үшін мүше мемлекеттердің қоса өндірушілерінің қатысу үлесінің ең төменгі деңгейі белгіленген.​