Жүйеге кіру
Кубаға ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін беру туралы шешім 2020 жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін

Кубаға ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін беру туралы шешім 2020 жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін

24.09.2020
24 қыркүйекте Премьер-министрдің орынбасары Рикардо Кабрисас Руис басқарған Куба Республикасының делегациясы Еуразиялық экономикалық комиссияда ресми сапармен болды. ЕЭК штаб пәтерінде Комиссияның, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің және Куба Республикасының елге ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін берудің жекелеген аспектілерін нақтылау жөнінде бірлескен консультациялары өтті, сондай-ақ Куба делегациясының ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичпен және ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьевпен кездесулері болып өтті.

Бұдан бұрын Кубаның ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін алу тілегі туралы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес хабардар етілді. Мемлекет басшылары техникалық мәселелер мен ынтымақтастықтың алдағы перспективаларын нақтылау үшін республикамен бірлескен консультациялар өткізуді тапсырды.

ЕЭК штаб-пәтеріндегі бірлескен консультациялар кезінде Одақ елдері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Куба тарапының бастамасын сөзсіз қолдайтындықтары туралы мәлімдеді. Сергей Глазьев атап өткендей, Одақ елдері 2018 жылы жасасылған меморандум шеңберінде қазірдің өзінде Кубамен өзара іс-қимыл жасауда. Сонда да ынтымақтастықты өсіре түсуге деген өзара зор тілек бар.

«Байқаушы мемлекет мәртебесі Кубаға ЕАЭО елдерімен өзара іс-қимылды қарқынды ете түсуге мүмкіндік береді. Ынтымақтастық үшін басым салалар өнеркәсіп, денсаулық сақтау, энергетика, көлік, агроөнеркәсіптік кешен болуы мүмкін», –  деп атап көрсетті Сергей Глазьев.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович Куба делегациясын консультацияларды ойдағыдай өткізуімен құттықтады: «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес үстіміздегі жылдың өзінде шешім қабылдайды деп ойлаймын. Комиссия өз тарапынан бұл мәселені біздің мемлекеттеріміз президенттерінің қарауына шығару үшін барлық қажетті рәсімдерді орындады».

«Өкінішке қарай, ЕАЭО-ның Кубамен өзара саудасының көлемі әзірге онша үлкен емес. Ең жақсы кез – 2018 жылы 420 млн долларға жуық болды. Бірінші кезекте бұл тауар айналымының негізінен Ресей Федерациясымен жүзеге асырылатындығына байланысты (жалпы көлемнің 95%-ы). Біздің мүмкіндіктеріміз бұдан әлдеқайда көп», –  деді ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Ол өз сөзін Комиссия Одақ елдерін тауар айналымын арттыруға уәждейтін болады деп толықтырды және бұл жұмыс Куба тарапынан жанданады деп үміт білдірді.

Өз кезегінде Рикардо Кабрисас Руис Комиссияға және Одақ елдері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарларына қолдағандары үшін алғыс айтты. Ол республиканың ЕАЭО туралы шарттың байқаушы мемлекеттің мәртебесі туралы ережелерін ұстануға дайын екенін мәлімдеді. Рикардо Кабрисас Руис Кубаның ЕАЭО органдарындағы өз тұрақты өкілін айқындауға дайын екенін, ал тіл Куба тарапы үшін кедергі болып табылмайтынын атап өтті.

«Барлық жұмыс біздің халықтарымыздың игілігіне бағытталуға тиіс. Біздің қатынастарымызды дамыту үшін тіл де, жер қашықтығы да кедергі болып табылмайды. Біздің арамызда бір ғана ортақ тіл бар, ол – тілектестік, кооперация және біздің барлық елдеріміздің бірін бірі толықтырушылығы», –  деп атап өтті Рикардо Кабрисас Руис.

ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесі елге ЕАЭО органдарының отырыстарына шешім қабылдау құқығынсыз шақыру бойынша қатысу, сондай-ақ органдар қабылдайтын, құпиялы ақпаратты қамтымайтын құжаттарды алу мүмкіндігін береді. Бүгінгі сәтте мұндай мәртебені Молдова Республикасы иеленіп отыр.

Анықтама

ЕАЭО елдерінің Кубаға экспортының негізін машиналар мен жабдық, басымырақ жүк автомобильдері мен теміржол локомотивтері, минералдық өнімдер, азық-түлік тауарлары, басымырақ соя майы құрайды. Кубадан ең алдымен азық-түлік тауарлары, басымырақ қант, шаянтектестер, күшті спирттік ішімдіктер, кофе, темекі бұйымдары импортталады.​