Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Карине Минасян: «Әріптестікті кеңейту, құзыреттерді жинақтау мен біріктіру – ЕЫҚҰ мен ЕАЭО елдерінің өзара тиімді ынтымақтастығының кепілі»

ЕЭК министрі Карине Минасян: «Әріптестікті кеңейту, құзыреттерді жинақтау мен біріктіру – ЕЫҚҰ мен ЕАЭО елдерінің өзара тиімді ынтымақтастығының кепілі»

25.01.2018

Өнеркәсіптік кооперация, көліктік дәліздер, өнімдерді, жүктерді, тауарларды цифрлық бақылап отыру сияқты салалардағы, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымдар байланыстылығын арттыру саласындағы бірлескен цифрлық жобалар және  сенімділік кеңістігін дамыту  Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымы (ЕЫҚҰ) мен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) жоғары технологиялар саласындағы өзара іс-қимылының базасы болады.

Бұл туралы ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Карине Минасян 23 қаңтарда Венада (Австрия) «Инновациялар, адам капиталын дамыту және тиісті мемлекеттік  және корпоративтік басқару арқылы ЕЫҚҰ өңірінде экономикалық прогреске және қауіпсіздікке жәрдемдесу» деп аталатын 26-шы Экономикалық-экологиялық форумға әзірлік кездесуі барысында мәлімдеді.
 
Бұдан бұрын екі бірлестіктің де елдер мен халықтардың дамуы үшін лайықты жағдайларды қамтамасыз ету мақсаттарының ұқсастығын атап көрсете келіп, Комиссияның ЕЫҚҰ-мен одан әрі сындарлы ынтымақтастығының маңыздылығы туралы өз сөзінде ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян мәлімдеген еді.

«Цифрлық экономика – өсу мен өзара байланыстылықты арттырудың драйвері» сессиясында сөйлеген сөзінде Карине Минасян: «ЕЫҚҰ алаңында талқылауға арналған түйінді мәселелердің бірі -  цифрлық экономикада өзара іс-қимылды бір мезгілде кеңітетін әрі тереңдететін және сонымен бірге цифрлық егемендікті қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ынтымақтастыққа қатысты тәсілдемелер тұжырымдау болуы мүмкін» деп атап өтті.
 
Одақ елдерінің тұрақты өкілдерін қоса, пікірсайысқа қатысушылар ЕЫҚҰ алаңындағы және өңіраралық деңгейдегі ынтымақтастықтың күн тәртібіне енгізілуі мүмкін экономиканы цифрлық трансформациялаудың өзекті мәселелеріне қатысты өз пайымдарын ұсынды.
 
Карине Минасян ЕАЭО елдерінің бәрі ЕЫҚҰ мүшесі болып табылатындығын және цифрлық экономиканы дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен стратегияларын белсенді дамытып отырғандығын, ЕАЭО-ның бірлескен цифрлық күн тәртібімен үйлесетіндігін атап өтті. Бұл екі бірлестіктің бірінші кезекте цифрлық экономиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимылы үшін зор мүмкіндіктер береді.

Делегациялардың өкілдері мен ЕЫҚҰ жанындағы ЕАЭО елдерінің тұрақты өкілдері неғұрлым перспективалы бағыттар ретінде трансшекаралық кедергілерді азайту, инфрақұрылымдардың байланыстылығын арттыру, өзара іс-қимылға қабілеттілік бағыттарын бөліп айтты. Цифрлық көліктік дәліздер, цифрлық өнеркәсіптік кооперация, өнімдерді, жүктерді, тауарларды цифрлық бақылап отыру сияқты салалардағы, сондай-ақ  сенімділіктің жалпы кеңістігін құру жөніндегі жобаларды халықаралық консорциумдар құру арқылы дамытуға болады.
 
Бірлескен жобалардың негізі  өзара мүдде, тең құқықты әріптестік, құзыреттерді өзара толықтыру, мүдделі қатысушылармен (бизнестің, ғылыми институттардың және басқа құзыреттер орталықтарының өкілдерімен) кең диалог болып табылады.

Шикізаттық емес жоғары технологиялық салада халықаралық цифрлық кооперация мен ынтымақтастықты жандандыру – Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі басымдықтарының бірі. Үшінші елдермен жұмыс кезінде ЕЭК өзара іс-қимылдың процестерін бір қатарға түзу үшін  ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесін (платформасын) пайдалануды; өзара іс-қимылға қабілеттілікті және толассыз, кедергісіз экономикалық қатынастарды қамтамасыз ету үшін халықаралық стандарттар жобасын пысықтауға ЕАЭО мемлекеттерінің сарапшыларын белсенді түрде қосуды; Одақ елдерін қоса, барлық елдердің мүдделерін ескере отырып, цифрлық кеңістікте тәуекелдерді төмендету механизмдерін әзірлеуді және енгізуді жоспарлауда.

Анықтама

Экологиялық-экономикалық форум 2018 жылы 26-шы рет өткізіледі. Оның алдында форумның күн тәртібінің басым мәселелеріне қатысты позицияларды шоғырландыруға мүмкіндік беретін әзірлік кездесулері өткізіледі. ЕЫҚҰ-ға Италия төрағалық ететін 2018 жылы экономиканың цифрлық трансформациясы ЕЫҚҰ алаңында  талқылауға арналған басым тақырып деп жарияланды. Дербес бағыт ретінде ол бұл алаңда бірінші рет ұсынылып отыр.