Жүйеге кіру
ЕЭК Министрі Тимур Сүлейменов: «Еуразиялық патенттік ведомствоның тәжірибесі ЕАЭО-да зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етудің тиімді моделін құруға септігін тигізетін болады»

ЕЭК Министрі Тимур Сүлейменов: «Еуразиялық патенттік ведомствоның тәжірибесі ЕАЭО-да зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етудің тиімді моделін құруға септігін тигізетін болады»

23.03.2016

22 наурызда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа Мүшесі (Министрі) Тимур Сүлейменов пен Еуразиялық патенттік ведомствоның (ЕАПВ) президенті Сәуле Тілеулесованың кездесуі барысында зияткерлік меншік саласындағы өзара ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

ЕАПВ-ны Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) Зияткерлік меншікті сақтау, қорғау және пайдалану стратегиясының жобасымен жұмыс істеуге қатысуға тарту негізгі талқылау тақырыптарының бірі болды.

«ЕАПВ-ның 20 жылдық жұмыс істеу кезеңі ішінде жинақтаған Еуразиялық патенттік жүйені дамыту бойынша тәжірибесі Одақта зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етудің тиімді моделін құруға, инновациялық қызметті ынталандыруға көмектесетін болады», – деп басып айтты ЕЭК Министрі.

Тараптар ЕАЭО мемлекеттері мен Еуразиялық патенттік конвенцияға қатысушы елдердің өкілдерін қатыстыра отырып, орта мерзімді перспективада зияткерлік меншік саласында бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша Тимур Сүлейменов Еуразиялық патенттік ведомствоның Құрметті меймандарының кітабына жазба қалдырды.

Анықтама

Еуразиялық патенттік ведомство (ЕАПВ) – Еуразиялық патенттік ұйымның (ЕАПҰ) негізгі органы. Еуразиялық патенттік ведомствоның басты міндеті өтінімдер қабылдап, Еуразиялық патенттік конвенцияға қол қойған елдердің аумақтарында әрекет ететін еуразиялық патенттерді беру болып табылады. ЕАПҰ қатысушы мемлекеттерінің құрамына 8 ел: Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан кіреді.

Еуразиялық патенттік ведомствоны ЕАПҰ жоғары лауазымдық тұлғасы болып табылатын президент басқарады.

ЕАПО кеңестен кейінгі кеңістікте патенттік жүйені дамытуда жетекші рөл атқарады. Әлемнің 80-нен астам елінен келген өтініш берушілер Еуразиялық патенттік жүйенің пайдаланушылары болып табылады.