Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы «бірыңғай терезе» жобасын дамытудың 2017 жылға арналған жоспарын бекітті

ЕЭК Алқасы «бірыңғай терезе» жобасын дамытудың 2017 жылға арналған жоспарын бекітті

24.04.2017

24 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде сыртқы экономикалық қызметті (СЭҚ) реттеу жүйесінде «бірыңғай терезе» жобасын дамытудың 2017 жылға арналған жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылы Комиссияның және мүше мемлекеттердің алдында «бірыңғай терезе» ұлттық механизмінің эталондық моделін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес деңгейінде бекіту міндеті тұр. Бұл модель оның функциялары мен архитектурасының егжей-тегжейлі сипаттамасын қамтуы тиіс, сондай-ақ эталондық модельдерді ендіруге және дамытуға бағытталған құралдарды, стандарттар мен регламенттерді әзірлеу жоспарлануда. 

Бұдан басқа, ЕАЭО елдеріндегі жобаның ағымдағы жай-күйіне бұрын жүргізілген талдау нәтижелерінің негізінде тараптар сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың мәліметтерін біріздендіру және үндестіру бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруы қажет. Барлық құжаттарды және олардағы мәліметтерді электрондық түрде пайдалану мүмкіндігі туындайды. 

«Бірыңғай терезенің» эталондық моделі Одақ елдері үшін ұлттық «бірыңғай терезелерді» одан әрі дамыту кезінде бағдарға айналады. Бұл ұлттық жобаларға ұлтаралық деңгейде өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Жобаның мақсаты – сыртқы экономикалық қызметті реттеуге тартылған барлық мемлекеттік органдардың кейіннен пайдалануы үшін бірыңғай стандартталған түрдегі деректерді бір реттік ұсыну есебінен мемлекеттік және бизнес-ресурстарды оңтайландыру.

Сонымен қатар, «бірыңғай терезе» бизнестің B2B форматта өзара іс-қимылына арналған электрондық алаң болады деп жоспарлануда. СЭҚ қатысушылары жеке кабинетте сыртқы сауда мәмілелерін жасай алады, жеткізушілерді, тасымалдаушыларды таба алады және т.б. Бұл ретте «бірыңғай терезе» шеңберінде кәсіпкерлер арасында жасалған шарттар мемлекеттік органдар үшін мәмілелердің ресми растауы ретінде болады.

ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы тасымалданатын зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың қорғалу деңгейін арттыру мақсатында ЕЭК Алқасы мүшелері Тауарларға декларация толтыру тәртібі туралы нұсқаулыққа енгізілетін өзгерістерді бекітті. Шешімге сәйкес кедендік тізілімге енгізілген зияткерлік меншік объектілерін қамтитын тауарлар өзге тауарлардан бөлек декларациялануы тиіс. Бұдан басқа, декларацияда зияткерлік меншік объектісінің тізілім бойынша тіркеу нөмірін қосымша көрсету қажет болады. 

Тіркеу нөмірін пайдалану тізілімге енгізілген кез келген зияткерлік меншік объектісін автоматты түрде жедел және қатесіз сәйкестендіруге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, ЕЭК Алқасы кедендік құжаттарды толтыру үшін пайдаланылатын жекелеген сыныптауыштарға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады. Олар тауарларды тасымалдау ерекшеліктерінің сыныптауыштарына; кедендік төлемдерді төлеу бойынша жеңілдіктерге; кедендік декларациялау кезінде пайдаланылатын құжаттар мен мәліметтердің түрлеріне қатысты. Түзетулер техникалық сипатқа ие.