Жүйеге кіру
ЕЭК Министрі Нұрлан Алдабергенов IX Астана экономиалық форумында «Еуразиялық экономикалық одақтағы монополияға қарсы реттеу» атты баяндама жасады

ЕЭК Министрі Нұрлан Алдабергенов IX Астана экономиалық форумында «Еуразиялық экономикалық одақтағы монополияға қарсы реттеу» атты баяндама жасады

25.05.2016

25 мамырда IX Астана экономикалық форумында Еуразиялық экономикалық комиссия Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (Министрі) Нұрлан Алдабергенов «Интеграциялық процестегі бәсекелестік саясат рөлі» сессиясы барысында модератор және негізгі баяндамашы болды. Ол Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) монополияға қарсы реттеу туралы әңгімелеп берді.

Сессияға ЕАЭО мемлекеттерінің және үшінші елдердің монополияға қарсы органдарының басшылары, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттері мен үшінші елдер министрліктерінің, ведомстволарының және бизнес-қоғамдастықтарының басшылары мен өкілдері қатысты.

«Еуразиялық экономикалық одақтағы монополияға қарсы реттеу» атты баяндама жасай отырып, Нұрлан Алдабергенов Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ұдайы жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Бұл ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда көлемін арттыруға ықпал етеді.

Баяндама барысында қазақстандық кәсіпорындар үшін ЕАЭО трансшекаралық тауар нарығында тең жағдайды қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ үстем жағдайды теріс пайдаланудың, жосықсыз бәсекелестіктің, бәскелестікке қарсы келісімнің (картелдің) жолын кесу мәселелері қаралды.

Айталық, Беларусьте шығарылған, Қазақстанда сатылып жүрген («Қазақстан», «Атамекен») концентрацияланған және қоюланған сүттің затбелгілерін ресімдегенде ұлттық нақыштағы оюлар, киіз үйдің суреттері, тұтынушыларда Қазақстанмен байланысатын сөздер мен сөздік белгіленімдер пайдаланылып жүр. Ресейде, дизайны бойынша танымал қазақстандық өндірушінің өнімдеріне ұқсас келетін  «Бешбармақ» кеспесі өндіріліп жүр. Беларусьте – шығу тегі Ресеймен байланысты болатын «Тульский» атаулы пряник өндіріліп келеді. Атаулардан туындаған осындай жаңылыстар сатып алушыларды аталған өнімдерді өндіруші мен өндіру мекенжайына қатысты шатастырады. Бұл ЕАЭО туралы Шартқа сәйкес жосықсыз бәсекелестік ретінде қаралуы мүмкін.

Бұдан басқа, Комиссия монополияға қарсы органмен және ЕАЭО мемлекеттері тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, нарықта су және тағамдық фосфаттар есебінен үлкейтілген салмағы бар ресейлік инжектірленген құс етінің болуы туралы мәселені қарауда. Бұл ретте, өндірушілер  тағамдық фосфаттардың пайдаланылғаны туралы ақпаратты тиісті өнімнің қаптамасында көп жаза бермейді. Тұтынушылар инжектірленген өнімдердің неғұрлым төмен бағасына қызыға отырып, соны сатып алады, ал жергілікті өндірушілер өнімдерінің сатылуы және бәсекеге қабілеттілігі төмендей түседі.

«Қатарлас» импортты заңдастыру мәселесі өзекті болып табылады. Бағаларды салыстыру нәтижесінде, мысалы, «Фосаванс» дәрілік затының құны Қазақстанмен салыстырғанда Ұлыбританияда екі есеге арзан екені анықталды. Сонымен қатар «John Deer w540» үлгісіндегі комбайн  Қазақстандағы ресми дилерде Ресеймен салыстырғанда 20 мың евроға, ал Германиямен салыстырғанда 35 мың евроға қымбат тұрады. «Қатарлас» импортты енгізу ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізуді қажет етеді. Сондықтан Комиссия ЕАЭО мемлекеттерінің үкіметтерімен бірлесіп тауарлардың жекелеген түрлеріне: медициналық техникаға, дәрілік заттарға, автомобильдің қосалқы бөлшектеріне, электр және тұрмыстық техникаларға, киім-кешекке, парфюмерлік-косметикалық өнімдерге және т.б. қатысты құқықтарды сарқа пайдаланудың халықаралық қағидатын қолдануға мүмкіндік жасау үшін жұмыс істеуде.

Осылайша, ЕЭК өкілдерінің пікірлері бойынша, «қатарлас» импорт Қазақстанда және тұтастай алғанда ЕАЭО елдерінде көптеген импортталатын тауарлардың бағасын елеулі түрде: дәрілік заттар 550%-ға дейін, парфюмерлік-косметикалық өнімдер 300%-ға дейін, автомобильдің қосалқы бөлшектері 200%-ға дейін, киім-кешек 50%-ға дейін арзандатуға мүмкіндік береді. Бүгінде Комиссия ЕАЭО мемлекеттерінің монополияға қарсы органдарымен бірлесіп, ЕАЭО аумағында халқаралық роумингтегі ұялы байланыстың құнын шамамен он есеге дейін арзандатуға қол жеткізді. ЕАЭО аумағындағы роумингте ЕАЭО мемлекеттерінің тұтынушылары үшін пайда жылына 7 млрд. теңгеге, ал Қазақстан тұтынушылары үшін 3 млрд. теңгеге дейін құрауы мүмкін. Роумингте байланыс қызметтерін көрсету құнын төмендету экономикалық интеграцияны дамытуға, экономиканың түрлі салаларында, соның ішінде туризм саласында бірлескен жобаларды кеңейтуге мүмкіндік береді.

ЕЭК Алқасының Мүшесі (Министрі) Нұрлан Алдабергенов осы саладағы жұмыстың жалғаса беретінін атап өтті. Қазір 2017 жылы роумингтегі дауыс байланысы қызметтерін көрсету құнын кезекті рет төмендету, халықаралық трафикті қосқан және өткізген кезде кемсітушілік жағдайды жою, сондай-ақ ұялы байланыс қызметтерін көрсетудің трансшекаралық нарығында бәсекелестікті дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Форумда ЕАЭО трансшекаралық нарықтарында дистрибьютерлік және дилерлік келісімдер жасау кезіндегі бәсекелестікке қарсы практика мәселелері талқыланды. ЕЭК Алқасы мүшесі (Министрі) Нұрлан Алдабергенов Комиссияның ЕАЭО мемлекеттерінің монополияға қарсы органдарымен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп жосықсыз бәсекелестіктің алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге бағытталып жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Осы іс-қимылдар бәсекеге қарсы практикаларды өз еркімен жоюды ынталандыруға, автомобиль, фармацевтика нарықтарына, сондай-ақ ЕАЭО сауда желісіне қатысушылардың адал мінез-құлқы кодекстерін енгізуге бағытталған.