Жүйеге кіру
ЕЭК пен ДДҰ COVID-19 таралуын болдырмау жөнінде күш-жігерді біріктіреді

ЕЭК пен ДДҰ COVID-19 таралуын болдырмау жөнінде күш-жігерді біріктіреді

25.09.2020

ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге COVID-19 таралуын болдырмау, тұтыну нарығындағы тамақ өнімінің қаіпсіздігін бақылау, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысын реттеу мәселелерін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың Фармакопеясы мен орнықты даму мақсаттарын талқылады.


Виктор Назаренконың сөзінше, Комиссия өнім қауіпсіздігі саласында құжаттар жобаларын әзірлеу кезінде ДДҰ-мен тығыз ынтымақтастықты жүзеге асырады. ДДҰ өкілдері 2018 жылдан бастап Комиссияның дәрілік заттар саласындағы барлық құжаттар жобаларын талқылауға қатысып келеді. Одақ Фармакопеясы мен халықаралық фармакопеяларды әзірлеуді ескере отырып, олардың сапасына бақылау мәселелері бойынша  бірлескен бейнеконференциялар өткізілуде. Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаментінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. ЕЭК өкілдері ДДҰ органдарының отырыстарына байқаушы ретінде қатысып жүр.


Ханс Клюге ЕАЭО елдерінің COVID-19 таралуына жол бермеу және болдырмау бойынша дайындығының жоғары деңгейін атап өтті.


«Комиссия COVID-19 таралуына қарсы күреске белсенді қатысады және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге көмектеседі, сондай-ақ өңірдегі макроэкономикалық тұрақтылықты ұстап тұруға жәрдемдеседі»,- деп атап көрсетті ЕЭК министрі. Ол пандемия жарияланғаннан бастап Комиссия Одақ елдерін қажетті, соның ішінде азық-түлік тауарларымен, сондай-ақ   дезинфекциялау құралдарымен, дәрілік препараттармен,  COVID-19-ға қарсы күреске арналған  медициналық және медициналық емес мақсаттағы бұйымдармен трансшекаралық үзіліссіз қамтуды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар құжаттар дайындағанын еске салып өтті.

 

«Осыған байланысты Халықтың денсаулығы және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы іс-шаралардың кешенді жоспары қабылданды, май құю станциялары объектілерінің, «жасыл» дәліздердегі халықаралық көлік жүргізушілерінің демалыс пункттерінің жұмысын ұйымдастыру жөнінде санитариялық-эпидемиологиялық ұсынымдар қабылданды. Эпидемиологиялық жағдаяттың дамуы туралы өзара хабардар ету мәселелері, ЕАЭО елдеріндегі вакциналау мәселелерін қоса,  профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар бойынша Комиссияның белсенді қатысуымен  Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығын қамтамасыз ету саласындағы басшылар кеңесі жұмыс істейді»,- деп атап өтті Виктор Назаренко.


Виктор Назаренко Комиссияның ДДҰ-мен өзара іс-қимылды және тұтынушылық нарықтағы тамақ өнімі қауіпсіздігіне бақылау жасау жөніндегі деректермен алмасуды маңызды деп санайтынын атап көрсетті. «Сөз тамақ өнімдерінің құрамында ветеринариялық заттардың қалдық санын анықтау мен нормалау орайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ нарықта ветеринариялық дәрілік заттардың қалдықтарына бақылауды (қадағалауды) ұйымдастырудың қабылданған тәсілдемелері туралы болып отыр»,- деп толықтырды ол сөзін.

 

Кездесуге қатысушылар ЕАЭО елдерімен келісілген ЕЭК пен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға 2020 жылдың соңына дейін қол қоюға дайын екендіктерін білдірді. Меморандум нормативтік және техникалық құжаттамамен алмасуға,  өзара мүдделілік білдірілген мәселелер бойынша консультациялар өткізуге, конференцияларға, семинарларға, кеңестерге бірлесіп қатысуға мүмкіндік береді.