Жүйеге кіру
«Еуразиялық апта» ЕАЭО-да интеграциялық процестерді тереңдету үшін кең мүмкіндіктер ұсынды

«Еуразиялық апта» ЕАЭО-да интеграциялық процестерді тереңдету үшін кең мүмкіндіктер ұсынды

IMG_4646-1.jpg
25.10.2018
Ереванда (Армения) 22 қазаннан бастап 24 қазанға дейінгі аралықта өткен «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумы аяқталды. Билік өкілдері, реттегіштер, нарыққа қатысушылар мен сарапшылар мемлекеттер деңгейіндегі, сондай-ақ ЕАЭО экономикасының жекелеген секторларындағы интеграциялық процестерді, бизнесті жүргізу проблемаларын және Одақтың цифрлық болашағын жан-жақты талқылады.
«Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде оған кіретін мемлекеттер арасында өзара іс-қимылдың әртүрлі форматы қалыптасып отыр. Халықаралық ынтымақтастық саласында жинақталған тәжірибенің арқасында ортақ нарықтар ойдағыдай жұмыс істеуде, - деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян. - Соған қарамастан, әлі де институционалдық тосқауылдар бар, экономикалардың бәсекеге қабілеттілігі - қолдауды, ал Одақтың ресурстық әлеуеті – жоспарлы түрдегі әрі орнықты дамуды талап етеді».
Форумның мақсаты интеграцияны нығайту, экономикалық әлеуетті арттыру және ЕАЭО елдерінің өндірістік кооперациясын кеңейту болды. Тікелей B2B-байланысу желілерін дамытуға және бәсекеге қабілетті әрі экспортқа бағдарланған өнім жасау үшін әлеуетті тұтынушылар мен инвесторлар ретінде үшінші елдердің компанияларын тартуға айрықша назар аударылды. Бизнес-климат мәселелері басты назарда болды, сондай-ақ өндірістік байланыстарды кеңейту мен экспорттық әлеуетті дамыту «ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметі – экономикалық өсу көзі және бизнесті дамытудағы орнықтылықтың факторы» дербес панельдік пікірсайысында бөліп көрсетілді.
«Еуразиялық апта» форумын Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян ашты. Ол форумды интеграциялық процестерді дамыту үшін үздік мүмкіндік бола алады, әртүрлі мемлекеттердің іскерлік топтарына пайдалы болады деп атап көрсетті.
«Еуразиялық аптаның» жалпы отырыстарының жаһандық тақырыптары «ЕАЭО экономикасының нақты секторы: интеграция жағдайында әлеуетті өрістету» және «Технологиялық серпіліс және ЕАЭО елдерінің әлеуеттік мүмкіндіктері» болды. Еуразиялық континенттік әріптестікті кеңейту, ЕАЭО цифрлық күн тәртібі, зергерлік саланы қайта жүктеу, салық саясаты мен сыртқы экономикалық мәмілелерді валюталық сүйемелдеу және басқалар бойынша стратегиялық тақырыптар қозғалды.
Үш күн ішінде 35 пікірсайыс отырысы болып өтті, оған 31 елдің өкілдері қатысты. Форумды 3 мыңнан астам адам келіп көрді.Форум алаңында ЕАЭО мемлекеттері үкіметтерінің басшылары мен бейінді министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Одақтың бірқатар әріптес елдерінің жоғары лауазымды ресми адамдары кездесті. Іскерлік іс-шараларында 160-тан астам спикер сөз сөйледі, олардың арасында АҚШ, Германия, Швейцария, Бельгия, Сингапур, Камбоджа және басқа елдердің өкілдері болды.
ЕЭК Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина іс-шара қорытындысына: «Қатысушылардың үштен екісі әртүрлі елдерден келген компаниялардың өкілдері болды. Бизнес билік органдарына қазіргі бар күрделіліктер туралы ақпаратты жеткізуге, олар үшін ЕАЭО ашып отырған перспективалар туралы сұрақтар қоюға және өзекті деректер алуға, сондай-ақ жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, көрмеге және қосалқы келісімшарттар биржасына қатысуға мүмкіндік алды. Сатып алу сессиясында Ресейдің, Арменияның және Иранның он сауда желісі көрсетілді, осы сессия шеңберінде бүгінгі таңда 40-қа жуық алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді», - деп түсіндірме жасап өтті.
Форумда Одақтың барлық мемлекеттері үшін өзекті цифрлық күн тәртібі айрықша орын алды. Атап айтқанда, «Еуразиялық цифрлық платформалар» инновациялық жобаларының халықаралық конкурсының қорытындылары шығарылды. Оған 300-ден астам жоа қатысты. Қорытындысында қазылар алқасы жеңімпаздарды төрт номинацияда таңдады, тағы бір жоба қазылар алқасының ұнату жүлдесін алды.
Үшінші «Еуразиялық аптаның» қатысушылары мен форум қонақтары үшін саммиттің барлық жаңалықтары мен іс-шараларынан хабардар болып отыруға мүмкіндік беретін қолайлы мобильді қолданба арнайы әзірленді. Оны қолданушылар саны 500 адамнан асты, осы қолданбаның көмегімен 275 кездесу белгіленді.
Сондай-ақ биылғы жылы бірінші рет ауқымды көрме өткізілді, оған 101 компания қатысты. Одақтың экспортқа бағдарланған кәсіпорындары өз өнімін, әлеуетті әріптестерге, соның ішінде үшінші елдерден келгендерге өнеркәсіптік және кооперациялық мүмкіндіктерін түбегейлі алты сала: фармацевтика және медициналық жабдық, ауыл шаруашылығы, зергерлік сала, жеңіл өнеркәсіп, инновациялық құрылыс материалдары өндірісі, IT-ді қоса, өнеркәсіпке арналған технологиялар бойынша ұсынды. Көрмеге «Ростех» және ПТДО сияқты ірі компаниялар қызығушылық білдірді.
Көрмелік экспозицияны Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, ЕАЭО-ға қатысушы барлық бес елдің вице-премьерлері, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян, ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Вероника Никишина келіп көрді. Жоғары лауазымды делегациялардың мүшелері экспонаттарды аралады, «Еуразиялық апта» стендерінде ұсынылған өнімдердің және қызметтер көрсетудің жоғары сапасын атап өтті. Одақтың билік өкілдерінің сөзінше, олар көрме қорытындысы бойынша жасасылатын сауда және инвестициялық келісімшарттар саны көп болатындығын күтуде.
«Еуразиялық апта» БАҚ-тың кең қолдауына ие болды. Форумның бас ақпараттық әріптестері «МИР» МТРК, Sputnik және Armenpress ақпараттық агенттіктері болды. Ресми ақпараттық әріптестері ФедералПресс, БелТА және «Казинформ» болып табылады. Бас радио әріптесі - BusinessFM, ресми радио әріптесі - Арменияның Armradio қоғамдық радиосы.
Форумда сондай-ақ ЕАЭО қызметін жазып, көрсетіп жүрген БАҚ журналистері мен басшылары наградталды. Олардың қатарында форумның бас және ресми ақпараттық әріптестері: АрмИнфо АА, АРКА АА, Sputnik, «Ресей бүгін» ХАА және «МИР» МТРК өкілдері бар.