Жүйеге кіру
ЕЭК Алқасы тамақ өніміне арналған техрегламентке стандарттардың өзектендірілген тізбесін бекітті

ЕЭК Алқасы тамақ өніміне арналған техрегламентке стандарттардың өзектендірілген тізбесін бекітті

25.12.2019

24 желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасы кедендік-тарифтік, кедендік және техникалық реттеу, көлік, интеграция, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің экономикаларын цифрландыру, бәсекелестік, салық саясаты және басқа салалардағы мәселелерді қарады.

ЕЭК Алқасы «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техрегламентке стандарттардың өзектендірілген тізбесін бекітті.

Қолдану нәтижесінде техрегламент талаптарының ерікті түрде сақталуы қамтамасыз етілетін стандарттар тізімі 325 мемлекетаралық стандарт пен 285 ЕАЭО елдерінің ұлттық стандартынан тұрады.

Әдістерге арналған стандарттар тізбесі 411 мемлекетаралық стандартты, мүше мемлекеттердің 141 ұлттық стандартын, сондай-ақ техникалық регламент талаптарын қамтамасыз ету үшін қажетті 74 әдістемені, 8 әдістемелік нұсқау мен 4 нұсқаулықты қамтиды.

Стандарттар тізімі ЕЭК сарапшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарымен бірлесіп дайындалды және мүше мемлекеттерде әзірленген және қолданысқа енгізілген мемлекетаралық стандарттардың жаңа версияларын ескереді.

Тізбелерге алғаш рет енгізілген стандарттар мен әдістемелерді ескере отырып, сынақ зертханаларын дер кезінде аккредиттеу үшін ЕЭК Алқасының шешімі 2020 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

ЕЭК Алқасы мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетуге қатысты ЕАЭО елдеріне арналған ұсынымдар пакетін мақұлдады.

Құжат дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін көлік инфрақұрылымына және қоғамдық жолаушылар көлігі құралдарына (автобустар, троллейбустар, трамвай вагондары, метрополитен, жолаушылар поездары, өзен және теңіз жолаушылар кемелері, азаматтық авиация ұшақтары) ұсынылатын тәсілдемелерді айқындайды. Оны іске асыру көлік қызметтерін көрсету сапасын арттыруға және мүше мемлекеттерде дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға тіршілік-тынысының шектелуін еңсеру үшін жағдай жасауды, сондай-ақ басқа азаматтармен тең көлік қызметтерін көрсетуге қол жеткізуін қамтамасыз ететін шаралар жүйесін құруға ықпал ететін болады.

ЕЭК Алқасы ЕАЭО мемлекеттерінің бюджетіне төленген жанама салықтардың сомалары туралы электрондық түрдегі ақпараттың құрамы мен құрылымына қойылатын талаптарды бекітті.

Бұл талаптардың мақсаты - Одақ елдерінің өзара саудасында жанама салықтарды өндіріп алу жүйесін жетілдіру және салық әкімшілігін жүргізудің тиімділігін арттыру. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолдану ЕАЭО шаруашылық жүргізуші субъектілерімен өзара іс-қимылдың байланысусыз тәсілдерін жаппай енгізуге және Интернетте салық төлеушілер түшін электрондық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ақпараттық алмасудың тиімділігі СЭҚ қатысушыларына ҚҚС нөлдік ставкасын қолданудың және (немесе) акциздерді төлеуден босатудың негізділігін тезірек растауға мүмкіндік береді.

ЕЭК Алқасының шешімімен кедендік декларацияны беру "Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламент талаптарына сәйкестігін бағалау туралы құжатты ұсынумен қоса жүретін өнімдер тізбесіне өзгерістер енгізілді.

Бұл оны ЕЭК Кеңесінің 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 51 шешімімен тиісті техрегламентке енгізілген өзгерістерге сәйкес келтіру үшін жасалды. Соның ішінде тізбеге үш жастан асқан балалар мен жасөспірімдерге арналған ыдыс-аяқ және тіс щеткалары сияқты тауарлардың сәйкестігін бағалау нысандары өзгерістерімен айқындалған және өнімнің жекелеген атаулары, мысалы, төсек-орын керек-жарақтарына жататын өнім түрлері нақтыланған позициялар енгізілген.

ЕЭК Алқасы ЕАЭО "Жиһаз өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техрегламентінің талаптарын қолдану және орындау үшін қажетті зерттеулер (сынақтар) мен өлшеулердің қағидалары мен әдістерін қамтитын стандарттар тізбесіне өзгерістер енгізді. Тізбенің 66-74-тармақтарына енгізілген өлшемдерді орындау әдістемелерін қолдану мерзімі оған тиісті мемлекетаралық стандарттар енгізілгенге дейін ұзартылды.​