Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Эмиль Кайкиев: «Көлік экологиясы маңызды мән алып келеді»

ЕЭК министрі Эмиль Кайкиев: «Көлік экологиясы маңызды мән алып келеді»

26.02.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Бұл туралы ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиев БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Ішкі көлік жөніндегі комитетінің 82-сессиясының бірінші жұмыс күнінде мәлімдеді. Іс-шара 25-28 ақпан аралығында Женевада БҰҰ көшбасшыларының, көлік ведомстволары мен халықаралық көлік ұйымдары басшыларының қатысуымен өтуде.

«Қоршаған ортаның жай-күйі керемет жылдамдықпен нашарлайды. Әлемдік қоғамдастық бірлескен күш-жігерімен ғана осы саладағы жағымсыз үрдістерді өзгерте алады», - деп санайды Эмиль Кайкиев.

Министр Комиссия мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері экология мәселелеріне үлкен мән беретінін атап өтті. Көлік саласындағы заңнаманы, қағидалар мен рәсімдерді үндестіру жөніндегі жұмыс шеңберінде экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін реттейтін БҰҰ-ның халықаралық конвенцияларына, шарттары мен келісімдеріне қосылуға ерекше орын беріледі.

Алдағы перспективаға қатысты Эмиль Кайкиев бүгінде Комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқан екі түйінді құжатты атады. Сөз Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары және 2021-2023 жылдарға арналған көлік саясатын іске асыру жөніндегі «жол картасы» туралы болып отыр. Атмосфераға зиянды қалдықтарды шығаруды азайтатын іс-шараларды қоса алғанда, бұл құжаттарға «жасыл технологиялар» және қоршаған ортаны қорғау саласындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар бағыттарды қосу жоспарлануда. Осының арқасында ЕАЭО елдерінің бизнесі мен қоғамы экономиканың экологиялық қолайлы даму жолына өту жағдайында көлік экологиясы саласындағы ұлттық дамудың экологиялық басымдықтарына қатысты нақты бағдар ала алады.

Отырыс қорытындысы бойынша «Жаһандық климаттық және экологиялық сын-тезді ескере отырып, орнықты ішкі көлік саласындағы тәсілдемелерді жетілдіру: бірыңғай іс-қимылдарға шақыру» декларациясы қабылданды.

Анықтама

БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК) – экономикалық қызметті дамыту және өңірдегі экономикалық байланыстарды нығайту, сондай-ақ БҰҰ ЕЭК өңірінің қалған әлеммен экономикалық байланыстарын нығайту мақсатында 1947 жылы құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының бес өңірлік комиссиясының бірі.

Ішкі көлік жөніндегі комитет (БҰҰ ЕЭК ІКК) Еуропалық экономикалық комиссияның органы болып табылады. Комитеттің жұмысында нормашығармашылық қызмет маңызды орын алады: 59-дан астам конвенция, хаттама мен келісім, көлік саласын дамытуға және шекаралардан өтуді жеңілдетуге бағытталған техникалық стандарттар мен нормалар әзірленді және тиімді жұмыс істеуде.

БҰҰ ЕЭК ІКК-нің жыл сайынғы сессиялары жыл ішіндегі қызметтің қорытындысын шығаруға және перспективалық жұмыс жоспарларын келісуге бағытталған.

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуропалық экономикалық комиссияның өзара іс-қимылы тараптар 2013 жылғы 28 маусымда жасасқан Ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес жүзеге асырылады.