Жүйеге кіру
Үкіметаралық кеңес ЕАЭО-да тауарлардың жекелеген түрлерін «қатарлас» импорттауға рұқсат береді

Үкіметаралық кеңес ЕАЭО-да тауарлардың жекелеген түрлерін «қатарлас» импорттауға рұқсат береді

26.04.2017

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының отырысында 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлданды.
Құжат Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты тауар белгісіне айрықша құқықтарды сарқа пайдаланудың халықаралық қағидаты қолданысын белгілеу құқығын береді. Бұл өзгерістер Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау және сақтау туралы хаттаманың (ЕАЭО туралы шартқа № 26 қосымша) 16-тармағында белгіленетін болады.

Құжат 2017 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекетішілік келісуді жүргізу үшін мүше мемлекеттерге жолданады.

Қазір Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде ЕАЭО туралы шартқа сәйкес тауар белгісіне айрықша құқықты сарқа пайдаланудың өңірлік қағидаты қолданылады. Бұл қағидат импорттаушының «брендке айналған» тауарды Одақ аумағына әкелуге және одан әрі осы өнімнің ЕАЭО-ның бүкіл кеңістігінде еркін айналымына құқық иеленушінің келісімін алуы қажет екенін білдіреді.

«Еуразиялық үкіметаралық кеңес енді тауарлардың жекелеген түрлері үшін тауар белгісіне айрықша құқықты сарқа пайдаланудың өңірлік қағидатын қолданудан ерекше уақытша белгілеу құқығын иеленеді. Бұл өнімнің жекелеген түрлері үшін ЕАЭО аумағында «қатарлас» импорттауға рұқсат берілуі мүмкін екендігін білдіреді. Бұл ретте мұндай дәл заңдастыру біздің Одақтың барлық елдерінің мүдделерін ескере отырып жүргізілетін болады», – деп түсіндірді ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов.

Халықаралық қағидатты қолдану, егер мұндай тауарларға Одақтың ішкі нарығында қол жеткізу мүмкін болмаған, олар жеткіліксіз көлемде болған және (немесе) көтеріңкі бағамен сатылатын жағдайда, сондай-ақ өзге де жағдайда мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін негізге ала отырып, Одаққа мүше мемлекеттердің бастамасы бойынша тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты белгіленеді.

Сонымен қатар, Үкіметаралық кеңес Тауар белгісіне, Одақтың тауар белгісіне айрықша құқықты сарқа пайдалану қағидатын мүше мемлекеттер аумақтарында қолдануды белгілеу тәртібін бекітеді. Бұл құжат мұндай ерекшеліктерді белгілеу, қолданысын ұзарту және мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын регламенттейді.

Бұдан басқа, ЕЭК Алқасы ЕЭК шешімдері жобаларының реттеуші әсерін бағалауды (РӘБ) жүргізу мониторингі туралы ЕЭК-тің жыл сайынғы есебінің 2016 жылғы жобасын мақұлдады. Сөз Комиссияның кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларына ықпал етуі мүмкін шешімдерінің жобалары туралы болып отыр. Есеп кейін ЕЭК Кеңесінің және одан әрі Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында қарау үшін ұсынылатын болады.

ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Жақсылықов атап өткендей: «Реттеуші әсерді бағалау туралы оң қорытындылар үлесінің өсуі ЕЭК шешімдері жобалары сапасының артуын және олардың бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға жалпы бағытталуын растайды». 

Есепте ЕЭК-тің Комиссия шешімдері жобаларына РӘБ жүргізу жөніндегі жұмыс тобы, Комиссия департаменттері, осы рәсімдер шеңберінде ЕЭК шешімдері жобаларын жария талқылауларды өткізуге қатысқан бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің 2016 жылғы қызметі туралы ақпарат ұсынылған.

Есепті кезең ішінде жұмыс тобының ЕЭК шешімдерінің 46 жобасы қаралған 17 отырысы өткізілді.

Бұл ретте Комиссияның 2016 жылы жария талқылаудан өткен шешімдерінің 34 жобасы бойынша кәсіпкерлік және сарапшылық қоғамдастық өкілдері 268 ескертпе мен ұсыныс айтты. Солардың ішінде әзірлеуші департаменттер ЕЭК шешімдері жобаларымен одан әрі жұмыс істеу кезінде 210 ескертпе мен ұсынысты ескерді, бұл олардың жалпы санының 78,4%-ын құрайды. 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы жария талқылауға қатысушылардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үлесі 11,5 пайыздық тармаққа өскен.

Реттеуші әсерді бағалауды жүргізу нәтижелері бойынша 2016 жылы жұмыс тобы 44 қорытынды дайындады. Оларда кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жақсартуға ықпал ететін 133 ескертпе мен ұсыныс қамтылған.

РӘБ нәтижелері бойынша айтылған ескертпелер мен ұсыныстарды есепке алу үлесі 2015 жылмен салыстырғанда 21,3 пайыздық тармаққа артып, 86,4%-ды құрады. 

Анықтама
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің «Тауар белгісіне, Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгісіне айрықша құқықты сарқа пайдалану қағидатын қолдану мәселелері туралы» 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 6 өкімін іске асыру мақсатында әзірленді.

Хаттама жобасы Зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықты сарқа пайдалану қағидатын одан әрі қолдануға қатысты ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырыстарында, сондай-ақ Комиссия Алқасы жанындағы Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитеттің отырыстарында қаралды.

Зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықты сарқа пайдалану қағидатын одан әрі қолдануға қатысты ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2014 жылғы 23 маусымдағы № 45 шешімімен құрылды. ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) жұмыс тобының төрағасы болып табылады.

Оның құрамына Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы уәкілетті органдарының білікті мамандары, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастығын білдіретін сарапшылар, сондай-ақ Комиссияның әртүрлі бағыттары мамандарының ауқымды тобы енеді.

Жұмыс тобын құрудың мақсаты – Одаққа мүше мемлекеттердің барлығы үшін барынша оң әлеуметтік және экономикалық әсер алуға талпына отырып, проблеманың анағұрлым ұтымды шешімін табу, тауар белгісіне айрықша құқықты сарқа пайдаланудың ымыралы нұсқасын әзірлеу.