Жүйеге кіру
Экономиканы цифрлық трансформациялау, инновацияларды енгізу және тосқауылдарды жою Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының негізгі тақырыптары болды

Экономиканы цифрлық трансформациялау, инновацияларды енгізу және тосқауылдарды жою Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының негізгі тақырыптары болды

26.05.2017

26 мамырда Қазанда (Ресей Федерациясы) Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) бес елінің Премьер-министрлері интеграциялық процестерді тереңдету үшін маңызы бар бірқатар мәселелерді, соның ішінде тауарлардың, қызметтер көрсетудің және еңбек ресурстарының еркін өтуі үшін тосқауылдар мен шектеулерді жоюды, Одақтың цифрлық күн тәртібін және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау арқылы негізгі салаларға инновациялар енгізуге арналған мүмкіндіктерді  талқылады.

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) бұл ретте неғұрлым маңызды кәсіпорындар және өнеркәсіп салалары үшін қолдауды қамтамасыз ете отырып, әділ бәсекелестік нормаларын және қағидаларын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа өкілеттіктер алды.

Отырысқа Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Андрей Кобяков, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты. 

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің төрағасы, Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сооронбай Жээнбеков «ішкі кедергілерді жою ЕАЭО елдерінің экономикасы өсуінің және бірлескен интеграцияны тереңдетудің катализаторы болып табылатынын» атап өтті.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисянның пікірі бойынша, ЕАЭО дамуының жаңа кезеңі басталғанын атап өтуге болады. Бұл, соның ішінде, екі жаңа аса маңызды бағыт – экономикалық кеңістік шеңберінде кедергілерді, тосқауылдарды және шектеулерді жою және экономиканы цифрландыру бойынша жоспарлы жұмысты іске қосумен байланысты. «Бизнес бізден осы мәселелерді тезірек шешуімізді талап етеді», – деп мәлімдеді ЕЭК Алқасының Төрағасы. Бұған қоса, Тигран Саркисян «ортақ нарықтарды қалыптастыра отырып, біз кооперацияны тереңдетуге, соның ішінде Одақтың жаһандық экономикада экспорттық әлеуеті күшті интеграциялық бірлестік ретінде орын алуы үшін ұмтылуымыз керек» екенін атап айтты.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысына Тосқауылдарды жою жөніндегі 2017-2018 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленетін болады. Оны орындау кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады және төрт «еркіндік» қағидатын іске асыруды қамтамасыз етеді.

ЕАЭО елдерінде мемлекеттік сатып алуға қолжетімділік кезінде кемсітушілікке жол бермеу және кемсіту нысандарына қарсы күрес бойынша жұмысқа ерекше назар аударылады. ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Карине Минасян Одақтың басқа мемлекеттерінің кәсіпкерлеріне азық-түлік өнімдерін немесе өнеркәсіптік тауарларды әкелу кезінде белгілі бір негізсіз төлемдер салынған кезде, жергілікті кәсіпорындар кейбір алымдарды төлеуден босатылуы мүмкін практиканы қою қажет екенін атап өтті.

ЕАЭО-да цифрлық трансформация бағдарламасы әзірленетін болады. Бұл Одақтың постиндустриялық экономикасын қалыптастыруды жылдамдатуға мүмкіндік береді.

Жылдың соңына дейін Цифрлық күн тәртібін 2025 жылға дейін іске асырудың негізгі бағыттары дайындалады. Экономиканы цифрлау процесін жылдамдатуға мүмкіндік беретін дамудың негізгі төрт тармағы айқындалды. Толығырақ қараңыз: https://goo.gl/WwJxu8. Осы бағдарламаны іске асыру үшін жекеше-мемлекеттік әріптестік механизмін пайдалану ұсынылады.

Осы саладағы алғашқы пилоттық жобалардың бірі Одақтың бүкіл кеңістігінде айқындықты және қадағаланып отыруды қамтамасыз ететін бірқатар тауарлар мен өнімдерді таңбалау жүйесі болуы мүмкін.

Премьер-министрлер Комиссияның кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарына ықпал етуі мүмкін шешімдерінің жобаларына ЕЭК-тің реттеуші әсерді бағалауды (РӘБ) жүргізу мониторингі туралы есебін мақұлдады. 

Үкіметаралық кеңестің мүшелеріне ЕЭК-тің кәсіпкерлік және сарапшылық қоғамдастықтармен 2016 жылдағы өзара іс-қимылының тиімділігі туралы ақпарат ұсынылды. Өткен жылы Комиссияның жария талқылаулардан өткен 34 шешімінің жобасы бойынша бизнес өкілдері мен сарапшылар 268 ескертпелер және ұсыныстар айтқаны атап өтілді. Олардың 210-ы (жалпы санының 78,4%-ы) алдағы жұмыс кезінде ескерілді. 

Бұдан басқа, мониторинг шеңберінде кәсіпкерлер үшін бизнестің негізсіз шығыстарына және әкімшілік шығындардың өсуіне алып келетін, сондай-ақ тауарлардың, қызметтер көрсетулердің, капиталдың және жұмыс күшінің Одақ аумағындағы еркін қозғалысына тосқауылдар жасайтын артық кедергілерді немесе тыйымдарды көздейтін тармақтарды немесе ережелерді анықтауға Комиссия шешімдерінің жобаларын бағалау жүргізілді.  

Комиссия премьер-министрлерді Одақ елдерінде бизнестің әкімшілік шығындарын төмендетуге және сыртқы сауда қызметін оңайлатуға мүмкіндік беретін «бірыңғай терезенің» тиімді механизмін құру бойынша жұмыс туралы хабардар етті.

ЕАЭО барлық мемлекеттерінде «бірыңғай терезе» жүйесінің электрондық декларациялау немесе е-лицензиялау секілді жекелеген элементтері іске асырылды, ведомствоаралық ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Олар кәсіпкерлердің билік органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетеді. Алайда, бұл жұмыстың тек бір бөлігі ғана. 

Осы мәселені талқылау қорытындысы бойынша Үкіметаралық кеңестің мүшелері бизнесті «бірыңғай терезе» механизмін қалыптастыру бойынша жұмысқа белсендірек тартуды, электрондық құжаттарды пайдалануға көшуді жылдамдатуды, сыртқы экономикалық қызмет үшін қажетті құжаттарды біріздендіруді және өзара тануды қамтамасыз етуді ұсынды.

Өнеркәсіптік тауарларға қатысты ерекшелікті субсидияларды ерікті түрде келісу бойынша келісімге қол қойылды. Құжатты іске асыру үшін ЕЭК жаңа өкілеттіктер алды. 

Келісімге сәйкес, белгілі бір кәсіпорынға немесе өз экономикасының салаларына субсидия ұсынғысы келетін ЕАЭО-ға мүше мемлекет осы шешімді келісу үшін ЕЭК-ке өтініш білдіре алады.

Егер Комиссия мұндай субсидияны ұсыну қолжетімділіктің берілген критерийлеріне сәйкес келеді деп тапса, Одақтың басқа елдері өтемақы шараларын енгізуді талап ете алмайды.

Бұдан басқа, егер Одақ мемлекеттерінің бірінде оларға экономикалық залал келтіретін субсидиялар ұсынылатын болса, ЕАЭО елдері тергеп-тексеру жүргізу үшін Комиссияға шағымдану мүмкіндігін алады. ЕЭК шешімдері орындау үшін міндетті болады.

Комиссияның жұмысына осындай рәсімдер практикасын енгізу белгілі бір кәсіпорындарды және салаларды қолдау туралы шешім қабылдаудың айқын және негізді болуын арттырады, адал бәсекелестік нормаларын және қағидаларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Үкіметаралық кеңес мүшелері АӨК саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібін мақұлдады. Бірлескен әзірлемелер деп зерттеулерге немесе конструкторлық жұмыстарға Одақтың кемінде екі мүше мемлекетінің қатысуы түсініледі. 

Құжат Одақ елдерінің ғылыми институттары мен кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейтуге, агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялар мен инновациялардың трансферін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ғылыми-техникалық даму стратегиясын қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Бірлескен жобалардың тізбесі ЕАЭО елдерінің ұсыныстары негізінде қалыптастырылады. Қазіргі уақытта Комиссияда АӨК дамуының басым бағыттарына сай келетін алғашқы ұсыныстар талқылануда. Өсімдік шаруашылығының және мал шаруашылығының әртүрлі бағыттарын, аквадақылды, ветеринарияны және т.б. қамтитын 14 басым тақырып бойынша 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған ҒЗТКЖ тізбесі айқындалды.

ЕАЭО елдерінде халықтың ұлттық санағын дайындауды және өткізуді қамтамасыз ететін өкім қабылданды. Бұл санақ жүргізудің пайдаланылатын әдіснамаларын жақындатуға, деректерді дұрыс салыстыруды қамтамасыз етуге және қоғамның даму үрдісін және Одақ елдерінің экономикалық жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 14 тамызда Астанада (Қазақстан Республикасы) өтеді.