Жүйеге кіру
«Еуразиялық апта» ЕАЭО энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыруды талқылайды

«Еуразиялық апта» ЕАЭО энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыруды талқылайды

26.07.2019

25 қыркүйекте «Еуразиялық апта» IV халықаралық көрме форумы шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиевтің төрағалық етуімен «Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтары: энергетикалық қауіпсіздікті арттыру факторы және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» деп аталатын дөңгелек үстел өтеді.

«ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикасы нарығын қалыптастыру Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі интеграциялық процестерді дамытудың маңызды факторы болып табылады. Нарықты құру, бәрінен бұрын, баға белгілеудің нарықтық, соның ішінде биржалық механизмдеріне көшуге, сондай-ақ адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өткім келеді», -
деп атап көрсетті Эмиль Кайкиев.

Дөңгелек үстелге қатысушылар
энергетикалық ресурстардың (электр энергиясы, газ, мұнай және мұнай өнімдері) ортақ нарықтарын құруды, энергия қауіпсіздігі мен энергия тиімділігі саласындағы ЕАЭО жылу-энергетикалық кешендерінің жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ Одақтың ортақ энергетикалық ресурстарын құрудағы бизнестің маңызын талқылайды.

«Басқа энергетикалық ұйымдардың осы салада өтіп жатқан интеграциялық процестерге көзқарасы мен олардың алдағы ынтымақтастықты пайымдауы да қызықты болады», -
деп атап өтті ЕЭК министрі.

Дөңгелек үстелге қатысуға Қырғыз Республикасының Өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Аймамат Кадырбаев, Беларусь Республикасы Энергетика министрінің орынбасары Вадим Закревский, Армения Республикасының Аумақтық даму және инфрақұрылым министрлігі энергетика басқармасының бастығы Гайк Бадалян және басқалар шақырылды.

Биылғы мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы шеңберінде мемлекет басшылары ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикасы нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа қол қойғанын еске сала өткен жөн. Құжат нарықтың қалыптасуының, жұмыс істеуінің және дамуының құқықтық негіздерін, Одақтың, оның қатысушыларының ортақ электр энергетикасы нарығының жұмыс істеуін басқару мен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын органдар мен ұйымдарды жəне инфрақұрылымдық ұйымдарды, сондай-ақ электр энергиясы саудасының тәсілдерін айқындады.

Армения мен Қырғызстанның Мүше мемлекеттер арасындағы электр энергиясын мемлекетаралық беруді жүзеге асыру әдіснамасына қосылуы да маңызды оқиға болды. Бұл баға белгілеу мен тариф саясатын қоса, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне қол жеткізудің Одақ үшін ортақ қағидаттары мен қағидаларын пайдалануға мүмкіндік берді.

Одақтың энергетикалық ресурстары нарықтарын құру бизнеске энергия ресурстарын жеткізушілерді еркін таңдауға мүмкіндік береді, бұл өндірілетін өнімнің өзіндік құнына оң әсерін тигізеді. Бұдан басқа, энергия ресурстарының ортақ нарықтарын қалыптастыру ЕАЭО мемлекеттерінің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ Еуразиялық «бестік» елдері экономикаларын орнықты дамыту мақсатында электр энергиясы мен көмірсутектерге айқын баға қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Неғұрлым толық ақпаратты «Еуразиялық апта» сайтынан алуға болады
www.eurasianweek.com.