Жүйеге кіру
Тұтынушылардың мүдделері «Еуразиялық апта - 2019» форумында талқыланды

Тұтынушылардың мүдделері «Еуразиялық апта - 2019» форумында талқыланды

20190926123343.jpg
26.09.2019

26 қыркүйекте IV «Еуразиялық апта - 2019» халықаралық көрме форумы алаңында ЕАЭО елдері тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет пен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік кеңестің бірлескен отырысында Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко: «Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөнінде мүше мемлекеттермен бірлесіп Комиссия ұсынып отырған келісілген шаралар сапалы әрі қауіпсіз тауарлар мен қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығын тиімді дамыту үшін жағдайлар жасауға көмектеседі»,- деді. 

Виктор Назаренко өз сөзінде Комиссия мен Одақ елдерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы интеграциялық процестерді дамытуға бағытталған жұмысы, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және одақтық құқықты жетілдіру туралы айтып берді.


Одақ елдері үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіру жөнінде ұсынымдар дайындау кезінде Комиссия әлемдік таңдаулы практикаларды пайдаланды. ЕАЭО-да Комиссия әзірлеген электрондық саудада тұтынушыларды қорғау, неғұрлым осал сатып алушыларды (балалар, егде адамдар, мүгедектер) қорғаудың айрықша шараларын белгілеу жөнінде ұсынымдар ендірілуде. Комиссияның БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясымен (БҰҰ СДК) ынтымақтастық шеңберінде Одақ елдерінің ұтымды тұтыну қағидаттарын енгізуге қойылатын бірыңғай тәсілдемелерін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жоспарланған. 

 

Отырысқа қатысушылар - Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Молдова, Өзбекстан мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері тұтынушы мүдделерін қорғау механизмдерін, ЕАЭО-да және ТМД-да электрондық алаңдар мен қаржы нарықтарында тауарлар мен қызметтер көрсетудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларды талқылады.


Отырысқа қатысушылар Комиссия әзірлеген Одақтың ашық деректері порталындағы (https://potrebitel.eaeunion.org) «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» ақпараттық ресурсының іске қосылуын мақұлдады. ЕАЭО-ның ортақ ақпараттық дереккөзін ендіру сатып алушыларға өздерінің құқықтары және оларды қорғаудың тәсілдері туралы толық әрі анық ақпарат алуға мүмкіндік береді.


Бұдан басқа, қаржылық омбудсмен институтының қызметі мысалында тұтыну дауларын реттеудің баламалы механизмдерін ендіру практикасының Комиссия әзірлеген шолуы мақұлданды.


Отырысты қорытындылай келіп, Виктор Назаренко: «тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында айтылған өзекті мәселелер перспективалық жұмыстың және ЕЭК алаңында одан әрі талқылаудың нысанасы болады»,- деп атап көрсетті.